сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 17:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тағдыры тарих балықшылар

Тағдыры тарих балықшылар
ашық дереккөзі
Тағдыры тарих балықшылар

Біздің ауданның аумағындағы төменгі Шу бойы  тұнып тұрған тарих. Өткен  ғасырдың басынан Сарысудың қыстауы болып, небір қанды оқиғаларды да бастан өткізген өңір барлық құпиясын құлыптап, ғасыр аунатып келеді. Тарихын ауызша тарамдаған көнекөздер өмірден өткен соң, кейінгі ұрпақ баба жолына мән бермейтін сыңайлы. Жас кезде көнелерден қалған тарихи аңыз-деректерді жинағандай  болдық. Оның басқаға қызығы болмағандықтан, жылдар бойы сарғайып жата берген. Соның бірі – Шығанақ ауылындағы Үлкен Қамқалы көлінің иініндегі   еменді аралдағы жалғыз  белгі-құлыптас тағдыры.

Қазір Қамқалы аталатын  Шу өзенінің сұлама бойында  екі көл бар. Кіші Қамқалы Мойынқұм ауданында болса, екіншісі Шығанақтағы  осы сулы Үлкен Қамқалы. Олар туралы бірнеше аңыз бар. Көлдер  өңірде мекен  еткен  бір бақуатты байдың көзінің ағы мен қарасындай екі  қызына өлерінде берген   аманат-еншісі деседі. Қамқа аталуы да содан болса керек. Екіншісі ХІХ ғасырда келіп иеленген орыс балықшыларының «Қамысты көл» деген  атауларынан шыққан деген де жорамал бар. Қалай аталса да, балыққа бай бұл көлдің төңірегінен ғасырлар бойы қайнаған тіршілік арылмаса керек. Анам айтып отыратын еді: «Үлкен Қамқалының жайын балығын  түйеге артқанда құйрығы жер сызып келетін еді» – деп. Тіпті, ну қамыстарында 1910 жылдары  жолбарыс мекен еткен көрінеді. Ол туралы ел аузынан «Қобызшы Ықылас бабамыздың жақын келініне күзде жолбарыс шауып, әлсіреп жатқанда жарықтық қобыз сарынымен тұрғызып алған екен» – дегенді де көп естігенбіз.

Міне, сол көлдің ауыл жақ жиегіндегі қыраттағы Серік Махановтың үйінің іргесінен батысына көз салсаң, қабықтанып қурай бастаған  жүзге таяу  емен талдың бергі бетінде жалғыз құлпытас көрінеді. Ол қалқайып  қисайған күйі жас өмірдің жансыз куәсіндей мұңаяды да тұрады. Ол жайлы шығанақтық шежіреші Зейнеғабдин Тілеубаев марқұм көп естеліктер айтатын. 1969 жылдың тамызында Шығанаққа қатынайтын «АН-2» ұшағынан орыс қарты түседі де бірден шаруашылық директоры Қасым Ысқақовтың кеңсесін сұрастырып, солай қарай бет алады. Жанында бозбала ұлы бар. Мәскеуден келіпті. Қасекең  сол Ковалевтің жанына Зекеңді  қосып беріп, шаруасын  бітіруге көмек көрсетуін тапсырған...

...1919 жылдың сәуірі. «Жарқамыстағы» буынып-түйініп жайлауға  көшкелі  отырған  Жағалбайлының Шайкөз атасының ауылы апақ-сапақта үрпиіседі де қалады. Ақмолада  тоз-тозы  шыққан  ақтар  әскерінің бір тобы келе жатқанынан малшылар хабар берген. Елемес қарт әйелдер мен қыздарды қалың қамыстың терең ортасына жасырып, өзі ілбіп қарсы алдыларынан шығады. Сәлемнен соң  жолдан арып-ашқан қанкөздердің ішіндегі бір шала қазағы:

– Қария, осы маңда балықшылар болуы тиіс. Оған қалай жетеміз? Өзің жүр де жол көрсет, – дейді. Қарт бір балаға үйден айран, қалған-құтқан сүр алдырып береді де ауылға жолатпай, оларға жол көрсету үшін 15 жасар жиені Наурызбайды (марқұм Сұлтан Рахымжановтың аталары) жол көрсетуші етіп қосып береді.

Ақтар келгенде балықшылардың жартысы әлі көл бетінде, басшылары қол қайықпен оларды бағдарлауға кеткенге ұқсайды. Жолаушылар келген бетте ай-шай жоқ, сол жердегі кезекші балықшыға:

– Барлық, ас-ауқатты мына арбаға тие де, түйелеріңді шеш, біз кетуіміз керек, – дейді. «Арба да, түйе де керек. Ертең  Әулиеатаға кезекті балығымызды жіберейін деп отырмыз», – дегенше болмайды,  қолындағы қылышымен басын қақ бөледі. Мұны көріп тұрған кепеден енді шыққан серіктестік басшысының тоғыз жасар ұлы мен әйелі үрейлері ұшып, қайта кепеге еніп кетеді. Бұл кезде алдыңғы топ балықшылар да келіп қалады. Абыр-дабырға түсінбеген олар өлікті көріп, тұра жүгіргенде, бәрі де ажал құшады. Жиекке жақындап қалған Николай Ковалев кепенің екінші жағынан жасырынып келеді де қосауыз құс мылтығын алып жатып, әйелі мен баласын құшақтап тұрып: «Мына іргедегі қалың қамысқа еніп, жасырыныңдар. Қорықпа, маған ештеңе болмайды» – деп әйелін сабасына түсіріп, жасырын шығарып жібереді. Мылтығын оқтай салысымен іле жүгіре шыққан оны бұрын атылған оқ қалпақтай түсірген. Құс мылтығы тек аспанға ғана атылыпты...

Осылай қас пен көздің арасында бәрі бітеді. Есінен танып қалған Наурызбайға бір түйе жетектетіп, қалған түйелер мен арбаға балықтарды тиеп, ақтар тартып отырған. Айналаны өлі тыныштық алғанда әйел мен бала жылап-еңіреп қамыс арасынан шығады. Тірі адам жоқ. Бәрі жайрап жатыр. Аналы-балалы екеуі егіліп жүріп, өліктерді сүйреп, кепенің ішіне кіргізіп, есігін кешке дейін саз балшықпен көміп, күйеуінің тұсап жіберген атына мінгесіп, шабырда отырған малшының біріне жеткен көрінеді.

Сол кепе ақыры балықшылардың мәңгілік жатағы болыпты. Кейін құлап, ортасына түскенін көргендер үстін биіктетіп ағаш белгі қойған  көрінеді.

Шығанаққа  50 жылдан  кейін ат арылтып  келген сол кездегі  қамысқа жасырынған Ковалевтің  ұлы. Мәскеуден темірден бес жұлдызы бар белгі  жасатып әкеліп, 14  балықшының есте қалғандарының атын жаздырып, белгі қалдырады. Сол кездегі Жамбыл технологиялық институтының «Жігер» құрылысшылар отрядының көмегімен Зекен баяғы балықшылардың сүйегі жатқан кепені қоршатып, әрлейді. Оның батысындағы қалың еменді де Әулиеатадан серіктестік басшысы әкеліп, отырғызған болатын. Құлпытаста қазақы бөрік киген отызды орталаған  орыс жігіттің суреті тұр. Астында «Ковалев Николай Степанович 14-04-1888г. 15-04-1919г. Қайғылы қазаға ұшыраған. Әйелі мен баласынан ескерткіш» – деген жазу тұр. Белгінің солтүстік бетінде «Балық, аң аулау артелінің мүшелері: «Серіктестік» – 1918 ж. (Шамасы олар 1918 жылы құрылып келген болуы керек) Одан әрі: «Сәрсенбай, Бейсен, Назарбек, Майсуп (мүмкін Мақсұт шығар) Ахмет, Бекбосын, Бектан, Оразбай,Чокар (Шоқпар не Шоқан шығар) және төртеуінің аты белгісіз деген жазулар  таңбаланыпты. Балықшылардың көпшілігі Әулиеата, Меркі, Шолақтаудан болған тәрізді дейтін. Сол кезде туған-туыстарына іздеу салған болатынбыз. Бәрі нәтижесіз, жауапсыз қалды.

2000 жылдары бірнеше рет басына оқушыларды апарып, тарихын айтып таныстырғанымыз бар. Бұл бір кепеден қабыр тапқан, мәңгіге ұйқыда жатқан балықшылардың тағдыры еді.

Бұл 20 мен 30 жас арасындағы боздақтар сол кезеңдегі  елдегі  ашаршылыққа қарсы ойластырылғын үкімет қаулысын орындау әрекетімен жүріп, қапыда мерт болғанын бүгінде  көпшілік біле білмейді.

Бергентай  НҰРМАХАНҰЛЫ, КСРО және   Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі

Жаңатас қаласы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ақын туралы аңыз
Алдыңғы мақала
Ақын туралы аңыз

Ұқсас жаңалықтар