дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 13:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Красная звезда» редакторының алғысы

«Красная звезда» редакторының алғысы
ашық дереккөзі
«Красная звезда» редакторының алғысы
Кейін қарай жатпай, жалдана көтерілген Баукеңнің селдір, бурыл шашы, қасқалана түскен кең, жазық маңдайы, солғын тартқан аясы үлкен отты жанары, пышақ жанығандай суалған жағы, әжім шимайлаған ақсұр жүзі, етек-жеңі сәл жалпайыңқыраған жоталы қыр мұрыны, қолдарының сыртындағы адырайған көгілдір тамырлары көзге тым қораш көрінеді. Өрмекші-кәрілік: «Торыма түстің бе? Мықты болсаң, енді құтылып көр!», – деп өктемдік сыңай танытып, сес көрсеткендей.
Ішкі жан дүнием әлем-жәлем. «Шіркін, Баукеңді жасартар құ­дірет-күш қолымда болар ма еді, болса, аянып қалмас едім-ау», – деген ойға берілгенімді сезгендей: – Ұнжырғаң түспесін, көтер басыңды! – деп Баукең қатты айқайлап жіберді. Мұны күтпеген мен селк ете қалып, есімді тез жинадым. – Ішінде желден басқа түк жоқ үрген шарға ұқсама! Еңсең түс­песін! Баукеңнің өжет мінезі, өр ру­хы мені байсалды қалпыма қайта түсірді. – Сұрағым бар еді, – дедім қо­­лай­сыздықты жуып-шайғым келіп. – Сұрағың болса, қысылма. – 1942 жылы «Красная звезда» газетінің редакторы сізді ша­қырып, сөйлескен екен. Сол жө­нінде айтып берсеңіз? – Алғы шепке 1942 жылы әс­кери тілші Александр Кривицкий келді, – деп Баукең сұсты күйге енді. – Мен оның сұрақтарына жауап беріп отырып: – Сіз неге қазбалай бересіз?! – деппін ғой. Көзі бақырайып, таң­ғалды. Ішінен: «Мынау жауын­герлерін жақсы білмейді. Мұны полк командирі еткен кім?» – деп ойласа керек. Соны сезіп мен: – Соғыста белгілі батырлардан белгісіз батырлар көп, – деп едім, басын изей, қуана құптады. Кейін сол сөзімді «Красная звезда» газетіне өзгертпей жазды. ...Жараланып Мәскеудің гос­питалында емделдім. Біраз уақыт Совет Армиясы орталық қонақ­- үйінде тұрдым. Кривицкий төбе көрсетті. – Сізді редакторымыз редак­цияға ертіп кел деп мені жіберді, – деді жымиып. – Е, жарайды, – деп келістім. Редактор ірі денелі кісі екен. Ор­нынан тұрып, қарсы жүріп кеп маған қолын ұсынды. Бетінің бір жағы қал секілді қып-қызыл. – Жолдас полковник, мен сізді көргеніме қуаныштымын. Бұрын бетінде дағы барларды кездестіргем. Мұндай бір жа­ғы тұтас қалы бар адамды кез­дестірген емеспін. Таңғалып қара­ғанымды байқаса керек: – Анам мені осылай туды, енді қайтем? – деді. Түсінген кісіге бұл оның «ме­нің мынау бетімнен сескеніп қал­­дыңыз ғой» деген сөзі ғой. Е, байқап қойыпты ғой деп қып-қызыл боп кеттім. Өзі ақылды кісі болу керек, менің мұныма да ың­ғайсызданып қалды. Столының тартпасын ашып, «Қазбек» па­пиросын алып, маған ұсынды. Ол кезде сіріңкенің де тапшы кезі. Орнынан тұрды, мен де тұр­дым. Қалтасынан оттығын алып, ал­­дымен өзінің папиросын, одан кейін менің папиросымды тұ­татты. Мен бұл қылығына да таңға­л­сам керек. Жымиып күлді де: – Қазір бізде бензин таза емес, – деді. – Бірінші тұтанған кезде исі жаман болады, сәлден соң кетеді. Соны сіз сезбесін деп алдымен өзім­нің папиросымды тұтаттым. – Рахмет, жолдас генерал-майор. Кривицкий есік жақта түрегеп, дірілдеп тұр. Генерал-майор қо­ңы­рау басты. – Сізді тыңдауға әзірмін, – деп бір майор ішке енді. – Буфетші әйелге айтыңыз, бізге екі стақан қара кофе, төрт печенье әкелсін. Полковникпен кофе іше отырып әңгімелеспекпін. Кривицкий сезімтал, генерал-майордың әлгі сөзін: «Сен бара бер, екеуіміз ғана әңгімелесуіміз керек, кедергі жасама», – дегені деп түсініп, кетуге рұқсат сұрады. – Маған келетін кісілер бар еді. – Иә, барыңыз. Сіздің жұмы­сыңыз көп қой. Ол бұрылып шығып кетті. Те­мекі тартып отырмыз. Бір сұ­лу дая­шы қатын подноспен екі стақан кофе, төрт печенье әкеп қойды. Сызыла қарап: – Тағы қандай тағамға зауқы­ңыз соғады? – деді. – Рахмет, осы жетеді. Есік жабылғаннан кейін ішке майор енді. – Полковникпен әңгімеміз аяқталғанша ешкім көңілімізді бөлмесін. Үкімет пен майданнан соғылған телефоннан басқа ешкіммен мені қоспаңыз. – Құп болады. Шифоньердің жартысындай үлкен сейфі бар екен. Жазу сто­лының тартпасынан кілт алып, сейфті ашты да, бір шөлмек коньяк, екі рюмке алды. – Жолдас полковник, кездес­кеніміз үшін. Рюмке соғыстырып, кофе іше бастадық. Өзі асықпай қимыл­дайды екен. Біраз ойланып отырып: – Менің сізге сұрағым бар. Біз­дің тілшіміз Александр Кривиц­кий сіздің полкіңізде болып, жақ­сы мақала жазып келді. Оқыған шы­ғарсыз? Ұнағандықтан көле­мін қысқартпай, газетіміздің бір бетіне тұтас жарияладық. – Иә, оны оқыдым. – Сіз осында дегенді есті­ген­нен кейін көріп, әңгіме­лес­­кім, Панфиловпен қалай та­ныс­­қаныңызды білгім келді. Ол кісі­­нің әскери ерлігі мәлім болды ғой. Ол өз алдына, әрине. Панфиловтан мен бір-ақ жас кіші екенмін. Марқұм қай­тыс болды ғой. Сіз қазақсыз. Пан­филовпен соғыста ғана кездес­тіңіз, қарамағында аз уақыт қа­­на болдыңыз. Осы аз уақыт ішін­­де ол кісіні қалайша түсі­ніп, қалайша ол кісінің бар­лық мінез-құлқын, ойларын есі­ңіз­де сақтағансыз? Мен соған таң­ғалам. Иван Васильевичпен кез­десулеріңіз эпизодтық кезде­сулер ғана. Үнемі қасында жүрген жоқ­сыз әрі соғыстан бұрын ол кісі­нің қарамағында болған емес­сіз. Солай ғой? – Иә. – Аға лейтенант қазақтың айтуы бойынша орыс генералына жоғары баға беріледі. Менің таңданатын себебім сол. – Жолдас генерал-майор, Иван Васильевич қарапайым кісі еді. Ол өзінің осы қарапайымдылығы, адалдығы арқасында адамдарды өзіне баурай білді. Оның үл­кен өмір мектебі болды. Ол қара­пайым халық арасынан шықты. – Иә, бірақ әскери академияда білім ала алған жоқ қой? – Ол кісінің әскери академиясы – өмір мектебі, – деп едім, генерал-майор ұзақ ойланып: – Ол рас, – деді басын шайқап. – Өкінішке қарай, біздің көбіміз өмірден үйрене білмейміз, – деп күрсінді. Күрсінді де, солардың бірі – мен өзім, – деді. Баукең жадырай күлді. – Иван Васильевичтің ерлігі қыз­ғанарлық та қызығарлық ер­лік! Соғыста қаза тапқан бас­­қа генералдарымыз аз ба? Алай­да солардың арасында Иван Ва­сильевичтің даңқы майданды қақ жарып шықты. – Жолдас полковник, сізге мың бір алғыс. Иван Васильевичтің қолбасылық бейнесін жақсы жасадыңыз. Алғашқы ұрысқа енген сәтіңіз есіңізде ме? – Әлбетте есімде. Коман­дир­леріммен әңгіме ө­т­кіздім. Ең ал­дымен 1812 жыл­­ғы Ұлы Отан соғы­сына, Напо­леон Бонапарттың жауын­гер­лерін: «Орыстар кеше сіздердің алдарыңызда қарсылық көр­сете алмай қашты. Бірен-са­ран жараланғандарымызды құт­қа­рамыз деп шегінбеңдер. Шегі­ну француз халқына ыңғай­­сыз», – деп жігерлендіргенін, Ми­хаил Илларионович Кутузовтың: «Ме­нің қымбатты отандастарым, қым­батты ерлерім! Орыстың өткір най­засымен Наполеонды келген жағына лақтырып тастауымыз ке­рек», – деп жауынгерлерінің жі­ге­рін жанығанына тоқталдым. Александр патша майдан даласына нөкерлерімен келіп: – Михаил Илларионович, ұрысты неге бастамайсың? – дегенде, Кутузов: – Тақсыр, біз әскери шеру өт­кізуге жиналған жоқпыз. Бар­лық полктің майдан шебіне же­­тіп үлгеруін күтудеміз, – деп «оқ алса, мені алсын» дегендей жау әскеріне қарама-қарсы жа­сақ­­талған саптың ең алдында қас­қайып тұрады. Кенет атыс басталып, ол көзінен жараланады. Александр патша нөкерімен қашып кетеді. Мәскеуде әскери кеңес өтіп, Александр патша: – Михаил Илларионович, сен шегіне бересің? Наполеонды жеңе­сің бе? – дегенде, Кутузов: – Құдай сақтасын, жеңу қайда? Мен оны алдауын алдаймын, аттың етін жегізем. Қалай алданғанын, Ресей біздің жанымыз екенін өмірі ұмытпайтын болады, – деп Кутузов Москваны Наполеонға соғыссыз беретінін мәлімдейді. Александр патша: – Сен Ресейге қарсысың, На­полеонның шпионысың. Бо­родина майданында әдейі жеңіл­дің, – деп ашуланғанда, Кутузов екі қолын көкке көтеріп: – Кімнің шпион, кімнің Ресей­ге қарсы екенін Құдай ғана біледі, басқа ешкім білмейді, – деп жылайды. Кутузовтың: «Потери Москвы не потерии России», – де­ген сөзінен кейін Москваға На­по­леонның соғыссыз енуіне мүм­кіндік жасалады. Франциядан келетін азық-түлік жолын партизандар кесіп тастайды. Наполеон жауынгерлері ашығады, жейтін ештеңе таба алмай қарғаны атып жеуге көшеді. – Біз екі жағымыз да ұрыстан титықтадық, бейбіт келісімге ке­ле­йік, – деп Наполеон Кутузовқа ел­шісін жібереді. Кутузов: – Сіздер титықтасаңыздар, біз әлі ұрысты бастаған жоқпыз, – деп жауап қатады. Наполеон шошып кетіп: «Ойбай, мына шалдың түрі жаман. Түгел қырылмай тұрғанда Франциямызға жетейік», – деп Москваны тастап қашады. Командирлеріме осы жағдай­ларды айтып, біздің айла-әдісіміз, тәжірибеміз мол. Бәрімізді Михаил Илларионович Кутузовтың, батыр ата-бабаларымыздың рухы қолдасын, – деп алғашқы ұрысты бастағанмын. – Енді соғыс туралы ойыңызды білсем деймін. – Соғыс деген үлкен таразы, үлкен сын. Ер намысы деген осындайда ғана көрінеді. Қор­қыныш жоқ жерде әркім батырсынып, аузымен орақ орып, көкірегін кере береді. Мен өзім бетпе-бет ұрыстың офицерімін. Сын сағатында жанын шүберекке түйіп, намысына тырысып, қой бастаған серкедей топ басына шыққандар соңындағыларды қыр­ғын соғыстың отына магниттей тартады. Себебі басқалар «мен одан кеммін бе?» деп өкше­лей жүгіреді. Кейбірі қуып жетіп, әрі-беріден кейін озып кетеді. Бейбіт өмірдегі адам мінез-құлқынан бетпе-бет ұрыстағы жауынгер мінез-құлқының айырмасы жер мен көктей. Біз орнынан кімнің бұрын, кімнің соңынан көтерілгенін білмейміз. Алдыңда, қасыңда кім, есіңде жоқ. Әркім өз міндетін орындау үшін арпалысады. Меніңше, бетпе-бет ұрыста жауынгердің үш түрі байқалады. Бірі жараланады, бірі өліп, бірі бәрінен озып, алға кетеді. Олардың жағдайын ұрыс кезінде анықтау мүмкін емес. Әрі-беріден кейін кімнің қалай құлағанын, қалай жараланғанын біз толығымен білмейміз. Оны түсіріп алатын киноаппарат немесе жазып алатын жағдай жоқ. Мынау оққа ұшып, анау қатты жарақаттанып қалды-ау деп қайғырып жүрген ешкімді кездестірмейсің. Қайталап айтайын, жолдас генерал-майор, майданнның алғы шебіндегі қызу шайқас, қызу бетпе-бет ұрыста кімнің қалай өлгенін де білу қиын. Алғы шептегі жан беріп, жан алысқан шайқаста солдаттың бас командирі – азаматтық се­зім, парыз. Оны шабуылға бас­тайтын құдірет – сол. Менің тә­жі­рибемше, көрген-білгенімше, соғыста шабуылға шыққандардан гөрі тығылып қалғандар көп өлді. Бізді жеңіске жеткізген олар емес, шабуылға шығып, ерлік жасаған аруақты ерлер. Қорыта айтсам, алғы шеп маған: «Тәуекелсіз – ер­лік жоқ, азамат жолы – ар жолы», – деген ой сыйлады. – Бетпе-бет ұрысты тамаша су­реттеп, көз алдыма жанды елес­теттіңіз. Сізге тағы да алғыс айтам, жолдас полковник. Келесі сұра­ғым, Гитлер туралы қандай ойдасыз? – Кейбір сықақшыларымыз сықақтап жүргеніндей ол осал жау емес. Осал жау болса, қырғынға ұшырап, Москва іргесіне дейін шегінеміз бе? – Оның ең үлкен бір қателігі – Кеңес Одағы қырық құрамадан құралған, ынтымақ-бірлігі қағаз жүзінде ғана. Мен шабуылды бас­­тасам, бәрі быт-шыты шығып, бас сауғалау қамымен маған ба­ғынады деп есептеді. Олардың Отанына берілгендігін білмеді. Менің ата-бабамның: «Жабылып кетсе құмырысқалар, арыстан терісін сыпырып алар» деген ес­кертпесін ескермеді. Оның «Моя борьба» дегенінен басқа кіта­бы жоқ. Мұндай адамға Кеңес өкі­метінің күш-қуатын, рухын білу қиын, мүмкін емес. – Одақтастарымыз туралы не айтасыз? – Саясаткерлер қалай десе, олай десін, Сталинсіз жеңіске жету мүмкін емес екенін Амери­каның президенті, екі аяғы жоқ, данышпан Рузвельт дұрыс пайымдап, «социализм жүйесін жақсы көрмегеніммен, Сталиннің қабі­летіне бас ием» дей келіп, ке­же­­гесі кері тартқан Англия пре­мьер-министрі Черчилльді өз қа­­тарына қосып алды. Бұл қуа­нар­лық жағдай. Ішке майор енді. – Жолдас генерал-майор, сізді Сталин сұрайды. – Қап, әзірше қош-сау болы­ңыз, жолдас полковник. Мен қоштасып, тысқа шық­тым. Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар