Шам жарығы түбіне түспес
Кесапат індет келіп, қоғамның талай кертартпа кем-кетігін көрсетіп берді. Әсіресе карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің зорайып бара жатқаны қатты байқалды. Бұл ретте жұбайына жұдырық жұмсаған жағдай ғана жұртқа жиі аян болып жатады. Ал күш қолданбай-ақ серігінің санасын сансыратып, күн бермейтіндер де көптеп кездеседі.
Карантин режімі енгізіліп, жұрт үйінде оқшауланғалы кейбіреулер үшін отбасы деген тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ошағына айналғандай. Өйткені індет қос өкпеден қысқан осы жылы отбасында қысым көргендерден түсетін шағым жиілеп кетті. Айталық биылғы 8 айдағы жағдай бойынша шаңырағы шайқалып, күйеуінен көресіні көрген 130 мың адам құқық қорғау органдарына арызданып, араша сұраған. Оның тек 2,5 мыңына қатысты қылмыстық іс қозғалып, 30 мың іс әкімшілік қарауға жіберілген.
Бұл бассыздық, басынғандық – жәбірленушінің батылы жетіп, ашып айтқаннан кейінгі белгілі болған жайттар. Ал ұрмай-соқпай, жұбайынан зәбір көріп отырғандар тіптен аузын аша алмайды. Өйткені ондайлардың отағасы отбасында озбыр болғанымен, сырт көзге сыпайы, ортасына сыйлы болып келеді. Сондықтан мұндай қысастықты жария еткеннің өзінде былайғы жұрттың илануы екіталай. Яғни, бұл – күйеуі күш қолданбай-ақ күйесін жағып, күйдіретін, жүйкесін тоздыратын психологиялық зорлық-зомбылық.
Бір ай бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілеріне арналған Arasha баспанасын паналаған Айым есімді келіншек басынан осындай жағдай өткенін, отбасында оған қатты психологиялық қысым көрсетіп келгенін айтады. «Күйеуім үнемі менің намысыма тиіп, қорлап келді. Қандай да бір келеңсіздік бола қалса, мені кінәлап, күстаналап шыға келеді. Ондай кезде оны ата-анасы да қолпаштап отырады. Әбден шыдамым таусылып кетісейік десем, жолдасым бәрі жақсы, жай ғана түсініспеушілік екенін, маған көңілі толатынын айтып, періште кейіпке ене қалады. Осы он жылда осындай сандыраққа сеніп қалғанымды байқамай қалдым», дейді ол.
Қазір Google-де жиі ізделетін «газлайтинг» деген сөз бар. Бұл – біз айтып отырған психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі. Егер адам серігінің басын айналдырып, санасын улап, өз өтірігіне иландырса, бұл да әлімжеттік болып саналады және мұны газлайтинг деп атайды. Яғни, адам зәбір көрсетушіге имандай сеніп, айналасындағы болып жатқан жайтқа адекватты қарамай, өз ақыл-есінің дұрыстығына шек келтіре бастайды.
Газлайтинг терминінің түп-төркіні Патрик Гамильтонның 1938 жылғы «Газ шамы» (Gas light) пьесасында жатыр. 1944 жылы бұл шығарма бойынша дәл осы атаумен фильм түсірілді. Сюжетте күйеуінің психологиялық айла-шарғысының құрбаны болған әйел туралы айтылады. Озбыр күйеуі үйдегі заттарды жасырып, орнын ауыстырып әйелін әбден шатастырады. Ол үйдің басқа бөлігіндегі газ шамын жағып, әйелінің бөлмесіндегі жарықты бәсеңдетіп қояды. Бірақ ер адам әйеліне жарықтың әлсіреуі мен заттардың жоғалуы оған ғана солай көрінетініне табанды түрде сендіреді. Мұндай манипуляциялар әйелді есте сақтау қабілетінен айырып, ақыл-есінен адастыру үшін жасалады. Сол арқылы күйеуі жымысқы әрекеттерін жасырып қалады.
Осыдан кейін газлайтинг термині психологиялық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде қалыптасып кетті. Яғни, қандай жағдай болсын зәбір көрсетуші түрлі айла-шарғымен, сөз құбылтумен жұбын әбден шатастырып, кінәлі етіп шығарады және өз өтірігіне сендіре біледі. Газлайтингті өзімізше жарығы түбіне түспейтін шам деп түсінуге де болатын сияқты. Яғни, сыртқа жақсы көрінгенімен, шаңырағының шырқын бұзып, отбасына шарапатын тигізбейтіндер.
Мұндағы ең қиын мәселе, бұл – зорлық-зомбылықты анықтау. Өйткені жәбірленуші көбіне өзінің психологиялық қысымға ұшырап жатқанын саналы түрде ұғына бермейді. Қазір көп ата-аналар әлпештеп өсірген қызының теріс ағымдағы азаматпен тұрмыс құрып, осындай зорлық-зомбылықтың құрбаны болып отырғанын айтып зар қақсап жүр.
Газлайтерлер өтірікті қайталай берсең, шынға айналады деп санайды. Қайталау – психологиялық соққы беріп, шынайы жағдайдан шатастырады. Бүгінде жұртты жаппай үйіріп жүрген түрлі тренингтердегі аффирмация да осы әдіске жатады.
Психологтер өз күшіне сенбейтіндер, қашанда өзін біреуге кіріптар, тәуелді санайтындар газлайтингтің құрбанына айналатынын айтады. «Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, сананы сансырататын мұндай зорлық-зомбылықпен күресудің жолы – өз-өзіңді дамыту, құрметтеу, зердеңді кеңейту. Ата заң бойынша адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар. Ендеше адамның психикасына қасақана әсер ету, намысына тиіп, кемсіту әрекеттері де ашық айтылып, жазасыз қалмауы керек.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала