сенбі, 23 қараша, 2024 8:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Шерағаң шерткен сыр

Шерағаң шерткен сыр
ашық дереккөзі
Шерағаң шерткен сыр

Бұл сәулелі сәт қазақ баспасөзінің баһадүрі Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында болып еді. Жас журналистің санасына зор сілкініс жасаған сол бір жүздесу, аңыз адамның жарқын бейнесі күні кешегідей көз алдымызда. Ал айтқан тағылымды ойлары жүректен өшпестей болып көңіл түкпірінде мәңгілікке жатталып қалды.

…Көліктен түсіп, Тараздың төріндегі қаламгердің қара­ша­ңырағын бетке алғанда, бойымызды толқыныстан бұрын  қорқыныш биледі. Қалайша қорықпайық, маңдайымызға ұлтшылдардың ұлтшылы, бүгінгінің Тұрары атанып кеткен реформашыл редактормен жүзбе-жүз кездесудің, кө­кейдегі сан сауалға жауап алу­­дың мүмкіндігі мен үлкен жауап­­­кершілігі жүктеліп тұрса. «Ұлып айтқанша, тіліп айт!» деп жазушының өзі айтатындай, сөзі мірдің оғындай қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің қызыл жебесі біз келгенде есік алдында жүргелі тұрған көлік ішінде отыр екен. Уақытында үлгеріппіз. Алаштың асқар таудай ақсақалына сә­лем беріп, бір күн бойы жанына еріп, «Шерағаңның жолымен» жүруге рұқ­сат сұрадық. Толқыныстан дірілдеп шық­қан үніміз бен кібіртіктеп шыққан сөзіміздегі балалық аңғалдықты аңғарды ма, әлде тағылымды тұлғаның ғибратты ғұмырынан тәлім алсақ деген талпынысымыз бен қиыла өтінген ұсынысымыз ұнады ма, әуелгі қатқыл жүзінде жылу пайда болды. Жарқырай бір жымиып алды да, көліктің артқы бөлігіндегі орынды нұсқады. Қобалжып бар­ған қорқынышымызды ақылгөй ақ­сақалдың дарқан көңілі, дария ақылы бір-ақ сәтте серпіп тастады. Журналист пен респондент емес, әріптес, қала берді ата мен немере болып әсерлі әңгіменің тиегін ағыттық.

– Ата, жүріп өткен жолыңызға сек­сеннің сеңгірінен көз салғанда не кө­ре­сіз? Өкінішіңіз көп пе екен, әлде қуа­нышыңыз ба?

– Е-е-е-еһ!.. – деп ата өткен күндердің елесін көз алдынан өткізгендей бір сәт үнсіз қалып, алысқа ойлана көз тастады.

– Тепе-тең деп айта алмаймын. Мен азапты көп көрген адаммын. Менің заманым қалың шеңгелдің арасынан жалаң аяқ, жалаң бұт жүгіріп өткенмен бірдей сондай қиын кезең еді… Балалықтың дәуі­рін білмей өттік. Әкемді «Халық жауы» деп тұтқындап әке­тіп, бес жасымда жетім қалдым. Тартпаған азабымыз, дәуірі туып тұрған әсіреұраншыл, жағымпаз атқамінерлердің көрсетпеген қор­лығы жоқ. Барлығына төздік, жанымыз шырқырап жүріп шыдадық. Ондай пәле, тіпті түске де кірмей-ақ қойсын деп армандайсың. Құдайға шүкір, бейбіт күннің таңы атты. Бақыт деген осы тыныштық. Со­ған тәубе дейміз. Бірақ заман өзгеріп, қиындап кетсе, сол жаман. Болашақта ел басына қандай күн туады, басшысы кім болады, бүгінде қоғамға тым дендеп еніп келе жатқан матриархат заманы келетін болса, оның дидарын қалай көреміз, қандай сипат алады? Осындай сауалдар жиі толғантады. Әрине, жер басып жүрген адам бәрін де көреді. Тірі жүрсек болғаны, тілек сол… Жас болса келген, әлі көп өмір сүремін, алда ұзақ ғұмыр бар деп айта алмайсың. Дәм-тұзымыздың таусылуына қанша қалғаны бір Аллаға ғана аян. Қашан дүние бітеді, сонда барлығы да таусылады. Қартайған шақта еліміз алауыздықтан алшақ болып, рухани тұтастықта ғұмыр кешсе, мен үшін бақыт деген сол.

– Сіздің еліміздің белді газет­теріне басшылық еткен кезіңіз кеңес кезеңінен қылышынан қан тамған, талаптың қатал кезі­мен тұспа-тұс келді. Соған қара­мастан газет бетінде өткір-өткір мате­риалдар шығып жатты. Сондайда билік тарапынан қы­сым көрген кездеріңіз болды ма?

– ЦК-ға жамандап жеткізілетін арыздар қарша борап жатты. Сол жаман хаттардың зардабын да көрдік. ЦК ол кезде әр хатқа жауап күтетін, пышақтың жүзінде жүргендей болатынбыз.

– Қалай ақталатын едіңіздер сонда? Тайқып кететіндей кездер болмады ма?

– Құдай сақтасын ондайдан. Ақта­ламыз деп ақиқаттан ат­таған кезіміз жоқ. Шындықты айт­тық, жаздық. Басқа ешқан­дай жазы­ғымыз жоқ біздің. Талай рет ескертулер айтылды, сөгіс те берілді. Орны­мыздан алынып қалатын уақыттар да болды. Не істейсің енді? Шындықтың аты – шындық!

– Қазіргі қоғамның даму үр­дісіне өзіңіздің көңіліңіз тола ма?

– Заман бұзылыңқырап бара жатқан сияқты. Бостандық көп. Демократия жақсы дегенменен, қазір адамдардың көбісінде өз басының қамын ойлау көбейіп кетті. Бірақ келешектен үмітті үзбеу керек, болашақта барлығы да оңалар. Осымен бәрі бітті, әлем түгелденді деп және айтуға болмайды. Әлі қайда? Заман не бір түрлі құлпырады, неше түрлі өзгереді. Қазаққа жалғыз-ақ дүние – қазақтың кеңпейілі жетіспейді. Өкінішке қарай, осы бір тамаша қасиетімізді жоғалтып алдық. Қазір жанталасып жүргендердің көпшілігінің тірлігі отбасы, ошақ қасы, үй-жай, қора-қопсының маңайынан ұзай алмайды, бәрі қу құлқынның қамымен әуре. Ұлт келешегін ойлап, ел үшін қыз­мет ететін біреуі болсайшы. Тіпті біреудің үйіне біреу кіру дейтін, сөйлесіп пікірлесу дейтін нәрсе азайған, тіпті жоқ десе де болғандай. Көрші отырып бір-бірін танымайтын адамдар жеткілікті. Құдайға шүкір, ауламда араласатын көршілерімнің барына шүкіршілік етемін бүгінгі қатыгез қоғамда. Тым болмаса, мына Широ дейтін азаматпен (атаның құрметіне Шерхан есімін иеленген көрші үйдің үш жасар бүлдіршінін айтып отыр) терезе арқылы сөйлесеміз. Сол жерден беретін нәрсемізді беріп, алатын дүниемізді аламыз. Кішігірім алыс-беріс болады біздің арамызда (күліп алды). Мұның барлығы ұлтымызда байырғыдан келе жатқан нәрселер ғой. Осыны жойып алдық. Қазір бұ­лай ағынан жарылып, бір-бірі­мен ашық әңгімелесіп, бір-бірін қо­нақ­қа шақырып, дәм татысып жат­қандарды білмеймін мен. Осы бір жатбауырлықтан қорқамын. Е-е-е… Бұл да дүниенің бір кемдігі ғой…

…Осылай деді де, терең ой­дың тұңғиығына шомған ақса­қал үнсіз қалды. Арада біршама уақыт өткенде қолына таяғын алып, есікке беттеді. Үн­­демей ғана соңынан ердім. «Жүре ғой, айналайын, әңгімені әрі қа­рай дастарқан басында жалғас­тырайық», деді. Атаға еріп қара­шаңыраққа имене кірдік. Жарығы мол түскен үш бөлмелі кең пәтер екен. Қонақ бөлмесінің ортасына мол етіп жайылған үлкен үстелді жағалай отырдық. Бір таңғалғаным, қаламгер өмірінде, тіпті бір рет те ас үйге аяқ басып көрмепті. Қазан-ошақ, кесе-шәйнекке араласу да ақсүйек болмысты ақсақал үшін жат. Бай­қағанымыздай, дастарқанды үнемі қонақ бөлмесіне жайдыртады екен. Қаймана қазақтың қадір­лісіне айналған кемеңгер қариямен қатарласа отырып, үлкен астан дәм таттық. Үстел басында да талай тағылымды әңгіменің тиегі ағытылды. Сөз соңында атадан, Алаштың абыз ақсақалынан бата сұрадық.

– Ақсақал дейсің бе? Ақсақал деген үлкен жауапкершілік қой. Қарияның ақсақалы да, шалы да болады. Шал деген сайтанның бір синонимі, жаман сөз. Ондайды қазақ «қу сақал» дейді. Ал ақсақал имандылықпен астасады. Әрине, Алашта шалдың емес, ақсақалдың көп болғаны дұрыс. Ал енді болашақ журналистерге келсек, жақсы журналиске ең алдымен талант керек. Терең ойланып және сол ойын халыққа ұнайтындай етіп жаза, айта білуі тиіс. Журналистің басты міндеті – шындық екенін ешқашан естен шығармаңдар, ақиқаттан аттамаңдар. Жалтақ емес, жасампаз болыңдар, батыл болыңдар! Сонда абыройлы боласыңдар. Шындық – жазушының, журналистің анасы. Осыны естен шығармау керек. Өздеріңдей жастардың талабын көргенде, еткен еңбегіміз еш кетпепті дейсің іштей риза болып, бір марқайып қаласың. Осындайда өмір сүре бергің келеді. Адамдар көңіліңді көтереді. Жасарып кеткің келеді. Барлығың аман болыңдар. Бастарыңа бақ қонсын. Ешқашан да қартайып, шаршамаңдар. Аман, сау-саламат, жан-жағымыз түгел болып, ағайын-туғанменен, елмен, халықпен бірге жасай беріңдер! – деп ақжарма көңілін ақтара ақ батасын берген ақсақал бізді есікке дейін өзі шығарып салды. Қаламгердің қолтаңбасы қойылған бірнеше кітабын қолтығымызға қыса, қазақ баспасөзінің баһа­дүрімен қимай қоштастық...

...Енді міне, сол сәулелі сәттер сананы тербер сағынышқа айналды.

Назерке Ж(МАБАЙ egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар