дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 16:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ықыластың "Қоңыры" қалай туды?

Ықыластың "Қоңыры" қалай туды?
ашық дереккөзі
Ықыластың "Қоңыры" қалай туды?

Бірде Қоңыр төре өзінің бой жетіп отырған қызының жасауын келістіру үшін Алтынбек зергерді арнайы шақыртып, жаз бойы зер бұйым жасатады. Алтынбекпен бірге ер жетіп қалған немересі Ықылас еріп келеді. Жай еріп келмейді, жасы ұлғайып қалған атасының бірде көрігін басып, бірде көмірін тасып, қолқабыс тигізеді. Қоңыр төренің қызы өзіне арнайы зер бұйым жасалып жатқан соң, күн сайын ұстаханаға келіп, бірде саусағын, енді бірде білегін өлшетіп кетіп жүреді. Сөйтіп жүріп Ықылас екеуі жақсы танысып, сөздері жарасып, бір-біріне көңілдері құлайды. Әсіресе, Ықылас тұңғыш рет бозбалалық сезіммен құлай беріліп, жан дүниесі жалынға оранғандай күй кешеді. Оның үстіне Қоңыр төренің қызы атастырған жігітіне салқындау болса керек. Бұл да Ықыластың қабырғасын сөккендей жүрегін сыздатады. Аз уақытта танымастай өзгеріп, мұңая тұйықталып жалғыз ғана қобызымен сырласқандай ертелі-кеш күй шалады. Мұның бәрін зерек атасы Алтекең сезіп жүреді. Немересінің уыз сезімін аяп, іштей күйзеледі. Бірақ, амал бар ма?! Содан, күндердің күнінде төре қызының зер бұйымдары да жасалып бітеді. Қоңыр төре мейілінші риза көңілмен: “Алтеке, қолың құтты болсын, мынау қол майың”,-деп, алдына екі үйір жылқы салады. Сонда Алтынбек алғысын айта отырып: “ Көңілің зерек, құлағың түрік төресің ғой, баламның күйін тыңда”,-деген екен. Мұнысы, төремен сүйек боламын деп дәмелесіп зорайтпаса да, екі жастың бір-біріне ынтық сезімен емеурін еткені еді дейді. Қоңыр төре бұл емеурінді түсінеді. Түсінбегенде ше, атасы иек қағуы мұң екен Ықылас жаз бойы жас жүрегіне жұбаныш болған күйін лекіте шалып жөнелді. Сырты сұлу тың сарын естір құлақты елең еткізіп, жүрдек ырғағына еліктіре үйіріп жөнелгенімен, күй астарындағы мұңлы сезім жүректі шымырлатып сығымдағандай болады. Сонда, Қоңыр төре де іштей мүжіліп, өзінен-өзі шөгіп, үн-түнсіз отырып қалған екен...

Ықыластың әйгілі “Қоңыр” күйі осы Қоңыр төреге арналып еді.

Илья Жақановтың “Қобыз атасы - Ықылас” атты кітабі, Алматы, Рауан баспасы, 1993 ж., 92-93 б.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар