сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 5:16

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аймақта криминогендік ахуал тұрақты

Аймақта криминогендік ахуал тұрақты
ашық дереккөзі
Аймақта криминогендік ахуал тұрақты

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық полиция департаментінде тәртіп сақшыларымен және Ұлттық ұлан сарбаздарымен кездесті. Арнайы өткізілген кеңесте облыстық полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов өңірдегі криминогендік жағдай туралы баяндады.

Жанат Қуанышұлының айтуынша, аймақтағы ахуал тұрақты. Қылмыс деңгейі өткен жылы 30 пайызға төмендепті. Департамент басшысы мемлекеттің қолдауының арқасында жыл сайын материалдық-техникалық база нығайып келе жатқанын атап өтті. Мәселен өткен жылы 100 автокөлік алынып, нәтижесінде барлық учаскелік инспекторлар қызметтік көлікпен қамтылған. – Өткен жылдың күрделі, қиын болғанын білесіздер. Сіздердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде еңбектеріңіз ерен. Егер қауіпсіздік пен тыныштық болмаса, елдің арасында ынтымақ пен достық, тұрақтылық болмайды. Елдің дамуы ең бірінші кезекте тұрақтылыққа байланысты, – деді Б.Сапарбаев. Кеңестен соң аймақ басшысы жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Мұнда Тараз көшелері соңғы үлгідегі 208 камераның көмегімен бақыланып, арнайы байланыс нөмірі арқылы тұрғындардың арыз-шағымы қабылданады. Жедел басқару орталығының көмегімен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың 70 пайызының ізі суымай ашылады екен.

Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы облыстық полиция департаментінің мұражайын да аралап көрді. Мұнда қызмет бабында қолданылатын көліктердің, қызметтік киімдердің ескі үлгілері сақталған. Экспонаттармен танысқан Бердібек Сапарбаевқа 10 жыл бұрын Тараз қаласында болған лаңкестік оқиғаға байланысты фильм көрсетілді. Бұдан кейін облыс әкімі полиция құрамына қабылданған жас қызметкерлермен кездесіп, еліміздің нағыз патриоты болып, адал қызмет ететіндеріне сенім білдірді. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев облыстық төтен­ше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен де кездесті. Алдымен қолданыстағы техникаларды көрген аймақ басшысы құтқарушы мамандығын абыроймен атқарып келе жатқан сала мамандарына алғыс білдірді – Салаға кейінгі жылдары айрықша көңіл бөлінуде. Тараз қаласының оңтүстік-батыс жағында өрт сөндіру қызметінің техникаларына қызмет көрсететін бөлім болатын. Кейін қысқарып қалған еді. Осы жылы аталған бөлімді күрделі жөндеуден өткізу үшін қолдау көрсеттіңіз. Енді онда толыққанды өрт сөндіру бөлімі болады. Осы сәтті пайдалана отырып, жеке құрамның атынан алғыс білдіргім келеді, –деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев. – Кез келген ұжым үшін ең бастысы бірлік керек. Егер бірлік болса, жұмыс өнеді. Әсіресе сіздердің атқарып жатқан ауыр жұмыстарыңызда маңызы ерекше. Сондықтан бірлесе қызмет істеп, аймақтың қауіпсіздігіне абыроймен үлес қоса беріңіздер, – деді Бердібек Сапарбаев. Кездесу барысында облыс басшысы аймақтың төтенше жағдайлар департаментін 5 жыл басқарып, кейін Сыр өңіріндегі салалық департаментке ауысқан Бағдат Даниловты еске алды. Былтыр қараша айында мезгілсіз қайтыс болған Бағдат Жұмаұлының құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды. Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев өрт сөндіру стансасында сақталған жәдігерлерді де тамашалады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар