
Бұл жаңашылдық еліміздің сот жүйесін жетілдіру мен әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң 2-1-тараумен толықтырылып, кассациялық соттарға қатысты жаңа нормалар енгізілді. Атап айтқанда, 16-2-бапқа сәйкес, кассациялық соттарды Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот Кеңесімен келісе отырып, Қазақстан Республикасы Президенті құратын болады.
Кассациялық сот дегеніміз не?
Бұл – төмен тұрған соттардың шешімдеріне кассациялық тәртіппен шағымдарды қарайтын жоғарғы сатыдағы сот. Оның негізгі міндеті – құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз ету және әділетсіз сот актілерін қайта қарауға мүмкіндік беру.
Жаңа заң аясында бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді:
Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер жасалады;
Кассациялық сатыда істерді алдын ала қарау кезеңі алынып тасталды;
Азаматтар енді сот актілерін қайта қарау туралы өтініш емес, нақты кассациялық шағым береді;
Барлық іс жүргізу түрлерінде кассациялық тәртіппен қайта қараудың бірыңғай қағидалары енгізіледі;
Әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық сатыдан өткен соң заңды күшіне енеді.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысын бастайтын тәуелсіз кассациялық соттар еліміздің сот құрылымына елеулі өзгерістер әкеледі. Осыған орай, Жоғарғы Соттың да рөлі өзгереді: ол енді негізінен сот практикасын зерделеу, жалпылау және заңдылықты қамтамасыз ету сияқты стратегиялық бағыттарға басымдық береді.
Бұл реформа – әділетті, ашық және тиімді сот жүйесін құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Ақынбек Маржан
Тараз қалалық сотының судьясы