Жамбыл жастары: даму жолындағы нақты қадамдар
- авторБақытжан Бекболат
- 19 мамыр, 2025
- 225

Осы тақырыпты кеңінен ашу мақсатында біз Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Кадралиевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жастардың көзқарасына үңілдік.
– Қазіргі таңда облыстағы жастардың жалпы саны қанша?
– Бүгінде облыста 355 783 жас бар. Бұл – жалпы халықтың 29,1 пайызы. Яғни, әрбір үшінші тұрғын – жас.
– Жастармен жүйелі жұмыс жүргізетін орталықтар бар ма?
– Әрине. Облыста жастармен жұмыс жүргізетін 13 ресурстық орталық жұмыс істеп тұр. Оның бірі – облыстық, екеуі – қалалық, қалған 10-ы – аудандық. Барлығы 423 қызметкер қызмет етеді, олардың 340-ы тікелей жастармен жұмыс істейді.
– 2025 жылдың алғашқы үш айында қандай ауқымды жұмыстар атқарылды?
– Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң аясында және оны насихаттау мақсатында 11 бағыт бойынша 4 393 іс-шара өткіздік. Оған 123 мыңнан астам жас қатысты. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай біз өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырып, жастарды техникалық және жұмысшы мамандықтарға қызықтыруға тырысып жатырмыз.
– Бұл бағытта қандай нақты жұмыстар жүргізілді?
– «Alashprom» және «ҚазФосфат» зауыттарына экскурсиялар өтті. Жастарға зауыттардың жұмысы, құрал-жабдықтар таныстырылды. Бұдан бөлек, «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» кездесулері өтті. Қарттар үйіне, ардагерлер үйлеріне тазалық жұмыстарын жүргіздік. Рамазан айында «Берекелі Рамазан» акциясымен су мен құрма тараттық. Наурыз мерекесінде ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырдық.
– Мамандардың біліктілігіне де мән беріліп жатқан болар?
– Иә, жастармен жұмыс істейтін мамандар үшін арнайы семинар өткіздік. Онда құқықтық, психологиялық, медиа және ақпараттық бағыттағы біліктілік курстары қамтылды. Сонымен қатар, көктемгі сенбіліктерге орай «Жасыл ел» жасағының жаңа маусымын аштық.
– Жастардың рухани дамуы туралы не айтасыз?
– Облыс әкімі Ербол Шырақбайұлының бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы іске қосылды. Осы аясында «MART» сауда орталығында жастар кітаптарын ауыл кітапханаларына тарту үшін арнайы акция өткізді. Сонымен бірге зияткерлік сайыстар, әдеби кештер ұйымдастырылуда.
– Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– ЖОО мен колледждерде кездесу өткізудеміз. Полиция департаментімен бірлесе рейдтер мен түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жастарды құқықтық сауаттылыққа баулу мақсатында полиция мұражайына, уақытша ұстау изоляторына экскурсиялар ұйымдастырдық.
– Нашақорлық, темекі мен құмар ойындар тақырыбы жастар арасында өзекті. Бұл бағытта не істеліп жатыр?
– «QORGAN» жобасы аясында еріктілермен бірлесіп, қаладағы заңсыз жарнамаларды жою акциясын өткіздік. Сонымен қатар «Қоғам сақшысы» рейдтерімен түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерге шаралар қолданылуда.
– Экология мен тазалық бойынша не жаңалық?
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында 28 түрлі іс-шара өткізілді. Саябақтарды тазалау, көшет отырғызу, эко-челлендждер мен ойындар ұйымдастырылды. «Жасыл ел» жобасына биыл 180,2 млн теңге бөлінді. 2000 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланып, қазірдің өзінде 400-ге жуық жас еңбекке тартылды.
– NEET санатындағы жастармен қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Тамызда NEET жастарының саны 21 461 болса, наурызда бұл көрсеткіш 15 347-ге дейін азайды. Бұл – 6000-нан астам жастың тіркеуге алынғанын көрсетеді. Сондай-ақ 8 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, 492 жұмыс орны ұсынылды.
- Сұхбатыңызға рахмет!