дүйсенбі, 16 маусым, 2025 15:19

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлттық өнерге тағзым: Тараз күйшілері жайлы тың туынды жарық көрді

Ұлттық өнерге тағзым: Тараз күйшілері жайлы тың туынды жарық көрді
Фото: Юрий Ким
Ежелден-ақ екі мың жылдан аса тарихы бар көне Тараз қаласы ақын-жырауларымен ғана емес, күйші-композиторларымен де танымал болған.

Жақында Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Әулиеата – оқитын өңір» жобасы аясында қуантарлық мәдени оқиға өтті – Нұрлан Төменбаев пен Мұрат Әбуғазы есімді екі өнерпаз-ғалымның құрастыруымен жарық көрген «Көне Тараздың күмбірлі күйлері» атты күй жинағының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Мұрат Әбуғазының айтуынша, жинаққа 30-дан аса отандық күйші-композитордың өмірбаяны мен шығармашылығы енген. Олардың қатарында Жамбыл өңірінің де төл перзенттері бар.

– Мәселен, XIX ғасырда өмір сүрген Шу өңірінің тумасы, халық күйші Байсерке Күлышұлы мен бүгінгі заманның дарынды өкілдері – Аман Малдыбаев, Торехан Көрпебаев, Дидар Басығараев, Темірбек Ахметов сынды тұлғалардың шығармалары қамтылған. Жалпы алғанда, жинаққа 110 күй мен олардың ноталық жазбалары енгізілді. Барлық туындыларда Тараз – тарихы терең қала ретінде дәріптеледі, – деді Мұрат Әбуғазы.

Ол соавторы Нұрлан Төменбаевпен Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында танысып, достасқандарын атап өтті. Қазіргі таңда Нұрлан – осы оқу орнында ұстаздық етеді. Екеуінің де көкейіндегі ниет – Жамбыл өңірінің күйлерін, күйшілерін таныту еді. Сол армандарын ортақ жинаққа айналдырып, халыққа ұсынды.

Тұсаукесер рәсіміне ҚР мәдениет саласының үздігі, танымал күйші-композитор Аман Малдыбаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің аға оқытушысы Жексенбек Нұржауов және колледж директоры Саясат Есеев қатысты.

– Бүгін – есте қаларлық күн. Жамбыл жері талай талантты күйшілер мен сазгерлерді тәрбиелеп шығарды. Осындай еңбекті жарыққа шығарып, қолымызға ұстатқан авторларға зор алғыс! Бұл – үлкен мәдени еңбек. Менің де еңбектерім, соның ішінде Тараздың бейресми гимніне айналған «Көне Тараз» күйім осы жинаққа енгеніне қуаныштымын. Құнды еңбек – шын мәнінде, өңірімізге жасалған рухани тарту. Және үмітім зор – алты жасар немерем Рысқадір Аман болашақта осы дәстүрді жалғайды деген сенімдемін, – деді Аман Малдыбаев.

Ал колледж директоры Саясат Есеев:

– Бұл жинақ облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Әулиеата – оқитын өңір» жобасы аясында жарық көрді. Тұсаукесер қос мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр – қазақтың ұлы ойшылы, ақыны әрі композиторы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы және біздің колледждің 105 жылдығы. Авторлардың бірі – колледжіміздің түлегі Нұрлан Төменбаев екені біз үшін мақтаныш. Сондай-ақ біз бұл шараға Алматы қаласынан серіктес оқу орындарының – Құрманғазы атындағы консерваторияның, Жүргенов атындағы өнер академиясының, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің өкілдерін шақырдық. Болашақта шығармашылық байланысты нығайтуды мақсат етіп отырмыз. Бұл жинақ – қазақ тілінде жарық көрген, нотамен бірге ұсынылған бірегей оқу құралы. Мұндай еңбектер студенттерімізге ауадай қажет еді, – деп атап өтті.

Тұсаукесерге қатысқан Сейдрахман Қошмағамбетов те өзінің ризашылығын білдірді:

– Мен үшін ерекше қуаныш – әкем, күйші Боранқұл Қошмағамбетовтің 30-ға жуық күйі, соның ішінде әйгілі «Илан» күйі осы жинаққа енді. Ұлттық мұраны сақтап, насихаттаған авторларға алғысым шексіз!

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар