
Халықтың тұрмыстық салт-дәстүрлері өмірлік тәжірибеден алынып, сан ғасырлық сұрыптаудан өтіп қалыптасқан, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Солардың бірі – жас келіннің қайын жұртындағы жасы үлкендерге иіліп сәлем салуы. Бұл – үлкенге құрмет көрсетіп, жаңа отбасыға деген сыйластықтың белгісі. Иіліп сәлем салу – келіннің сол әулетке сіңісіп, жастық инабатпен өз орнын табуына жол ашады. Себебі, сәлемге орай айтылатын: «Бақытты бол, айналайын!», «Өркенің өссін, келінжан!» деген баталы сөздер – тек тілектестік қана емес, бауырға басудың, қабылдаудың нышаны.
Алайда, соңғы уақытта бұл әдемі дәстүрге қарсы кереғар пікір айтушылар кездесіп жүр. Бұған дейін діни түсінігі теріс кей адамдар сәлем салуды шариғатқа қайшы деп түсінсе, жуырда белгілі продюсер Баян Алагөзова бұл салтты «жабайылық» деп бағалады. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен бұл пікірге қарсы жұртшылық өз қарсылығын білдірді. Себебі, халық бар жерде – дәстүр бар. Ұлттық құндылық ешқашан жоғалмайды.
Осы дәстүрдің маңызын айшықтайтын бір оқиға ойға оралады. Бірнеше жыл бұрын ресми жиында марқұм Дәметкен Ахметова залға кірген сәтте, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза Ғали орнынан ұшып тұрып, есіктен енген үлкен кісінің алдына барып, иіліп, сәлем салған еді. Бұл көрініс – қазақы тәрбиенің үлгісі ретінде жадымда жатталып қалды. Кейін сол инабатты келіннің осы дәстүрге қатысты пікірін сұраған едік.
– Үлкендерге сәлем салу – отбасылық тәрбиенің, инабаттылық пен ілтипаттың көрінісі. Бұл – ата-бабалардан қалған асыл мұра. Сәлем салу арқылы келін отбасыға сый-құрметін білдіреді. Баталы сөз, ізгі тілек арқалап, өз болашағын нұрландырады. Келіннің бұл әрекеті – ұрпағының да тәрбиесі мен өрісінің кеңеюіне жол ашады. Балалық шағымда анамның, апаларымның иіліп сәлем салғанын көріп өстім. Олар тіпті дүниеден өткен қайын ағаларының үйіне кіргенде де табалдырыққа иіліп сәлем салатын. Бұл – шаңыраққа деген құрметтің көрінісі, – дейді Эльмира Иниятқызы.
Ол анасының 30 жыл бойы енесін бағып, үлкендерге сәлемін салып, абыройлы болғанын еске алып, өзі де сол үлгіні ұстанып келе жатқанын айтты. Кеңес үкіметі кезінде ұлтты орыстандыру саясаты салдарынан талай дәстүр көмескі тартты. Десе де, Эльмира ханым бүгінде ресми жиналыстарда да, іссапарларда да үлкен кісілерге иіліп сәлем салуды тоқтатпаған.
– Енем: «Сәлем салған келін өзін қорғайды» деп жиі айтатын. Бұл – келіннің басына түсер жағымсыз энергиядан қорғану амалы. Иіліп, қолын кіндік тұсына қойып сәлем салғанда, келін өзіне де, ұрпағына да жақсы ниет шақырады. Бұл – ұрпаққа үлгі болатын амал. Аналар өздері де сәлем салып, өнеге көрсетсе, салтымыздың ғұмыры ұзақ болмақ, – дейді ол.
Жазушы, қоғам қайраткері, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова да сәлем салу дәстүріне қатысты терең ой айтқан:
– Сәлемдесу – адамдық қатынастың алғашқы баспалдағы. Келін сәлемі – соның ең әдемі түрі. Келін түскенде үлкендерге үш қайтара иіліп сәлем салады. Жас келінге енесі, жеңгелері үлкендерді таныстырып, сәлем салуды үйреткен. Сәлем салу – бірліктің бастауы, риясыз сыйластықтың көрінісі. Аяғы ауыр келінді сәлем салудан босатқан. Бұл – аналық мейірімнің, құрметтің белгісі. Күйеуі қайтыс болған келінге де «ендігі жерде басың иілмесін» деп, мәңгілік қошемет көрсеткен. Бұл – көңіл жұбату мен мәртебе беру еді, – дейді Зейнеп апамыз.
Сондай терең пікірлердің көлеңкесінде Алагөзованың «Сәлем салу – жабайылық» деген пікірі – ұлттық рухтан жұрдай адамның ойы секілді. Себебі, жаратылысынан ер адамды – жауапкершілік пен қорғаныш иесі, ал әйелді – нәзіктік пен өнегенің иесі етіп жаратқан.
Сондықтан да, халқымыздың әрбір салты – ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдық үйлесімділікке негізделген. Оны бұрмалау немесе теріске шығару – ұлттық тамырымызға балта шабумен тең. Ұрпақ тәрбиесі – ананың қолында. Ал анадан алған өнеге – ұлттың болашағын қалыптастырады.