Оралда түнгі клуб күзетшілерінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 маусым, 2025
- 268

Оралда түнгі клубтардың бірінде күзет қызметін атқарған азаматтардың заңсыз әрекеттері анықталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы арнайы бөлімшелердің қолдауымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күдіктілерді ұстады. Қылмыстық топ мүшелері тек Оралда ғана емес, Алматы және Ақтау қалаларында да қолға түсті. Барлығы — Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Олардың төртеуі бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Барлығы 17 адам полицияға жеткізілді, олардың ішінде 8 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында күзетшілердің келушілерге негізсіз күш қолданып, түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын салғаны анықталды. Кейбір жәбірленушілер ауыр дене жарақатын алған. Көп жағдайда зардап шеккендер қорқыныш пен қысымға байланысты полицияға шағымдануға батпаған.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша іс қозғалды:
– Екі немесе одан да көп адамға қасақана ауыр дене жарақатын келтіру
– Топпен жасалған бұзақылық
Тінту барысында мына заттай дәлелдер тәркіленді:
7 радиостанция (соның ішінде бірі — полицияға арналған байланыс құралы)
Пышақтар
Бұрышты газ баллондары
Бейсбол таяғы
Шетелге тиесілі болуы мүмкін 10-ға жуық көлік нөмірі
Полиция департаменті түнгі ойын-сауық мекемелеріндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының басты мақсаты — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғау.