Елімізде 2013 жылдан бастап сексеуіл кесуге мораторий жарияланған. Бесжылдыққа белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы алынып тасталады деп бұқара үміттенгенімен, кейіннен мораторийдің мерзімі 2023 жылға дейін тағы ұзартылды. Сөйтіп, соңғы 7 жылдың бедерінде жамбылдық жұртшылық қыста қандай отын жағарын білмей, қамыс орып, тезек теріп кетті. Әрине, табиғат қорғаудың маңызды екенін жұрт біледі. Алайда, адам өмірі мен денсаулығы одан да маңызды. Әулиеата ауылдарының көгілдір отынмен қамтамасыз етілу деңгейі 51,8 пайызды құрайды. Демек, бұқара не көмір, не сексеуіл жағуы керек. Ал көмірдің бағасы күн санап өсіп барады. Сексеуіл кесуге рұқсат жоқ. Енді мұндайда не істемек керек? Қазіргідей әлемдік пандемия жағдайында бұқара үйін немен жылытады?
Көптің көкейіндегі сауалмен ең алдымен облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қайырылдық. Басқарма басшысы Аслан Оразбековтың айтуынша, коронавирус індетіне қарамастан биыл шектеу шаралары алынбайды екен.
– Негізі 5 жылға жарияланған мораторийдің мерзімі 2023 жылы аяқталады. Оған дейін бір түп сексеуіл кесуге рұқсат жоқ. Десе де, биыл біз 21 мың текше метр шірік отынды халыққа өткеру туралы шешім шығарып отырмыз. Ол үшін тұрғындар жергілікті әкімдікке барып өтінім беруі керек. Отынды орман шаруашылығы мамандары үйіңізге жеткізіп береді. Бір рет өтінім берген адам екінші рет бере алмайды. Әрбір отбасы 4 текше метр сексеуілге өтінім беруге құқылы. Айта кетерлігі, сексеуіл отыны шірік болса да тегін берілмейді. 1 текше метр сексеуілдің құны 11 мың теңгені құрайды. Қазір бірқатар орман шаруашылығы мекемесінде заңсыз сексеуіл кескендерден тәркіленген отын да жиылып тұр. Оны да ақшасына өткеруге дайынбыз. Әрине, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға сексеуілді тегін апарып беру жағын қарастырамыз. Алайда, бәріне бірдей тегін отын бере алмаймыз. Себебі құмға барып сексеуіл теріп келетін орманшылар мен көлігіміздің жанар-жағармайын шығаруымыз керек, – дейді Аслан Ұланұлы.
Басқарма басшысының сөзі орынсыз деуден аулақпыз. Алайда 1 жүк көлігіне 4 текше метр отын сыятынын ескерсек, бірреттік отын алу үшін 44 мың теңге төлеуің қажет. Оны бүгінгідей жағдайда екінің бірінің қалтасы көтере ме? Оған қоса, қара халық 4 текше метр сексеуілмен үш ай қыстан шыға ала ма? Екінші мәрте өтінім беруге болмайтынын есепке алсақ, қыс ортасында отыны бітіп қалған халық одан әрі қалай күн көрмек?
– Былтыр қыста халық қатты қиналды. Сексеуіл кесуге рұқсат берілмегеннен кейін әркім тезек теріп, қарағай жинап кетті. Аудан әкімдігіне барып арыз-шағымдарын айтқандар да болды. Содан жергілікті билік бір көлік шірік отын беретін болып шешті. Алайда, орманшылар отынды құмнан әкелеміз дегенше қыс бел ортасына жетті. Ал, алғашқы отын келгенде халық қырық пышақ болды. Сонымен не керек, әйтеуір елмен таласып жүріп отын алғандай болдық. Енді міне, биыл осы мәселе қайталанайын деп тұр. Коронавирус індетінің бірінші толқынының өзінде бүкіл отбасымызбен бір аунап тұрдық. Енді екінші толқын келе жатыр дегеннен бойымызды үрей билеуде. Себебі үйде жағарға отын жоқ. Көмір алайын десек, оның да бағасы ұшып тұр. Содан амал жоқ, тезек теріп, қамыс орып жинап отырмыз. Ол қыстың қанша күніне жетерін білмеймін, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Ерлан Құдабаев.
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қуат Ембергенов те биылғы қыс қиын болатынын жасырмайды.
– Мыңарал ауылдық округі аудан орталығынан 270 шақырым қашықта жатқан елді мекен. Сексеуіл кесуге мораторий жарияланғаннан бері баялыш жағып амалдап отырмыз. Өйткені одан басқа бізде жағатын отын жоқ. Өзге округтер сияқты бізде мал бағылмайды. Сондықтан тезек те тере алмаймыз. Шындығын айтқанда, баялыш көмірді тұтату үшін тамызық ретінде ғана жарайды. Өзін жақсаң, қамыс сияқты тез жанып кетеді. Ал, көмірдің тоннасы 14 мың теңге болып тұр. Қыс айларында 20 мың теңгеге дейін барады. Қыстан шығу үшін кемі 7 тонна көмір керек. Ол дегеніңіз – 140 мың теңге. Бір ғана Балқаш көлімен күн көріп отырған ауыл тұрғындарының қалтасы үшін бұл сома ауыр соғады. Сондықтан биылғы әлемдік пандемия жағдайында сексеуіл отынын кесуге немесе шірігін өзіміз жинауға рұқсат берсе екен дейміз. 1 текше метрін 11 мың теңгеден беріп жатқан орман шаруашылығы мекемесінің отыны да 1 810 тұрғыны бар ауыл үшін қымбат, – дейді Қ.Ембергенов.
Мұндай жағдай сарысулық тұрғындардың да басында бар.
– Былтырғы қыс өте қатты болды. Отын ретінде жаққан қарағайымыз бен тезегіміз үйді жылытпай, ауылдың тең жартысы көкжөтел болды. Оған қоса, жол жаман болғандықтан, шалғай ауылға көмір де келмеді. Қыстың бел ортасында аудан әкімдігіне өтініш жазып, әйтеуір бір-екі көлік көмір алдырдық. Бірақ, тасымалдаушылар жол шығынын есептеп, көмір бағасын еселеп өсірді. Оған біреудің шамасы келді, ал екіншісінің жағдайы жетпеді. Қазір Қамқалы ауылдық округіне Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл ауылдары қарайтын болса, осы үш ауыл тұрғындарының былтырғы қыста көрген күні күн болмады. Сондықтан бізге сексеуіл отынын шабуға рұқсат беру керек. Әйтпесе, биылғы қыстан қалай шығатынымыз үлкен мәселе болып тұр, – дейді Сарысу ауданы Шығанақ ауылының тұрғыны Еркеғали Сейітбеков.
Иә, тұрғындардың жанайқайын орынсыз дей алмаспыз. Қыста сексеуіл отыны берілмегені былай тұрсын, көмірдің өзі жетпей жатса, халық ашынбағанда қайтсін? Егер бұқараны бұлайша тарылта берсе, ертең олар сол сексеуілді заңсыз кесетіні айдан анық. Қыс қыр астында тұрғанын ескерсек, мұндайда халық арыз-шағымдарын қарша борататыны тағы айқын. Сондықтан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы шірік сексеуілдің әр текше метрін саудаға салмай, пандемия жағдайында халыққа тегін өткерсе, одан қазынасы ортайып қалмас. Әрі қыс айында ел ішін індет жайлағанын көргеннен гөрі жылы үйде отырған жұртшылықтың алғысын алған артық емес пе?
Саян Тілеужан
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз