«Birgemiz: Sabaqtastyq» еріктілерді көптің алғысына бөледі
- авторjambylinfo.kz
- 29 қазан, 2020
- 271
Көргені көп, шежірелі қариялар «Жас кезіңде күш-қайратыңды салып, елден алғыс ал, қартайғанда зейнетін көресің» деуші еді. Жамбылдық жастар сол өсиетті іс жүзіне асырып жүргенін бүгінде көз көріп, көңіліміз өсті. Әсіресе, елімізде төтенше жағдай жарияланып, көптеген адам сырқаттанып, сыртқа шыға алмай қалғанда ерікті жастар барын сала көмек көрсетті. Қиындықтан қорықпады. Сынаққа сүрінбеді. Бірлікпен бәрін де жеңді.
Анығырақ айтсақ, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Абдуалиеваның айтуынша «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыты бойынша өңірде 126 іс-шара ұйымдастырылыпты.
– «Birgemiz: Sabaqtastyq» бағыты аясында өмірде қиын жағдайға тап болған, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балалары мен өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне Тараз қаласындағы тарихи-мәдени орындарда экскурсия ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталды. Қазақстан халқы Ассамблеясымен және облыс әкімдігі дене шынықтыру спорт басқармасымен бірлесіп «Next Чемпионмын!» республикалық акциясы өткізілді. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен ақыл-ой дамуында кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатында қайырымдылық концерттер өтті. Бұдан да өзге әрбір мереке күндері ерікті жастардың атсалысуымен көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде жастарымыздың атқарған істерін айтып өткім келеді. Аудандар мен Тараз қаласында наурыз-сәуір айларында 40-қа жуық отбасын волонтерлер азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Қамқор ана» мүгедектер қоғамы 11 отбасыға және «Аса аялы алақаны» қоғамдық қорының мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған 10 анаға, 20 аз қамтылған отбасы мен қарт адамдарға, сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагері Ә.Сәрсенбиевке азық-түлік жиынтығын сатып алып жеткізді. Сондай-ақ «Дәмді Себет» дүкендері желісінің қаражаты есебінен «Игілік істер» акциясы аясында мұқтаж адамдарға азық-түлік таратты. Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы отбасы Н.Бородинованың пәтерақысын төлеп, осы отбасыға азық-түлік жеткізіп берді. Төтенше жағдай режимі кезінде дүкен иесі жеке табысынан 700 мың теңгеге жалғызбасты қарт кісілерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті. Бұдан бөлек «Өркен-Ниет» қоғамдық қоры демеушілердің көмегімен 7,3 миллион теңге қаражат жинап, облыс аумағындағы 19 медициналық мекемеге 157 оттегі концентраторын таратты, –дейді А.Абдуалиева.
«Birgemiz: Sabaqtastyq» бағытымен 100 волонтер арнайы оқытылыпты. Сол дәріске қатысып, жамбылдық ерікті жастардың басын біріктіріп, барлық істің басы-қасында жүрген Аяулым Расылхан қысылтаяң шақта қолдан келгенше қоғамға пайдамыз тисін деген ниетпен еңбек еткендерін жасырмады.
– Бүгінде «Жібек жолы» волонтер жастар қозғалысының жетекшісімін және «Еріктілер қозғалысы» қоғамдық қорының президентімін. Волонтер болғаныма 4 жыл болды. Еңбегімді елеп, түрлі мадақтамалармен марапатталдым. Бірақ, мен марапат алу үшін ерікті болып жүргенім жоқ. Кішкентай кезімде жалғызбасты кейуана көршіміз болған, құлағы дұрыс естімейтін. Құрбым екеуміз үйімізден тосап немесе анамыз пісірген тәтті бәліштерімізді алып, үйіне баратынбыз. Есігін қақсақ, естімейді, сондықтан өзіміз кіретін жер тауып алып, бірден кіріп баратынбыз. Гүл теріп барып, сыйлап, апарған тәттілерімізбен апамен бірге отырып шай ішіп, үйінің тірлігіне көмектесетінбіз. Сірә, ерікті болуға мені сол күндер жетелесе керек-ті. Және ата-анамның үнемі «Ешқашан біреуді ренжітпе, қарғысына қалма, қолыңнан келсе көмектесіп, алғыс ал! Өзің де болмашыға ренжіп, көңілсіз жүрме! Жүзіңнен нұр шашып, күлімсіреп жүр!» дейтін сөздері де үлкен әсерге бөледі. Студент кезімде волонтерлердің қатарына қосылдым. Белсенді қатысқандығымнан болар, жетекшісіне айналдым. Елімізде көктемнен басталған төтенше жағдайдың соңында жаз айларында ауру-сырқау көбейгенде халық үйінен шығуға қорқып қалды. Әсіресе, қарттар, жас балалылар азық-түлігін, дәрі-дәрмегін алуға да шыға алмады. Сол кездерде біз ерікті жастар штабымызға жиналып, көмекке мәжбүр кісілердің үйлеріне барып, түрлі қайырымдылық шаралары аясында берілген тегін азық-түліктерді тараттық, – дейді ерікті жас Аяулым Расылхан.
«Алғыс ырысты арттырады» деп білетін біздің жастар бүгінгі таңда да халық көп жиналатын жерлерде аурудан сақтану шаралары жазылған қағаздар таратып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүр. Жас адамға лайық жігерлі істеріне риза ниетпен біз де «Өркенің өссін, жас ерікті!» дегіміз келеді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз