жұма, 22 қараша, 2024 23:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Сыбайласу сыйлықтан басталады...

Сыбайласу сыйлықтан басталады...
ашық дереккөзі
Сыбайласу сыйлықтан басталады...

Мемлекеттің ең басты байлығы – халқы. Сол халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына кері әсер ететін бірден бір әрекет – жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық әрекетін елдің өркендеу жолына біткен шырмауық десек те болады. Ол қадамға баруға адамды не жетелейді? Сыбайластық жасаудың себебі неде?

Сыбайлас жемқорлық деген сөздің түпкі мағынасын латын тіліндегі «corruptio» сөзімен қарастырсақ, бүлдіру, құлдырау, параға сатып алу, азғыру, тура жолдан тайдыру, құбылмалылық, істі бұзу, күйреуге әкелу, бұрмалау, алдау, қорлау, ар-намысын таптау деген бір-біріне ұқсас бірқатар ұғымды білдіреді екен. Мұндағы «cor» жүрек, жан, рух, ақыл-ес дегенді білдірсе, «ruptum» бүлдіру, бұзу мағынасында қолданылған. Яғни коррупциялық әрекеттің мәні лауазымды тұлғаны параға сатып алуда немесе оларды байытуда ғана емес, әлеуметтік жүйені, оның ішінде мемлекеттік билік жүйесінің бірлігін бұзуды ел ішіндегі іріп-шіруді, мемлекеттің, азаматтардың заңды мүдделерін қара басының пайдакүнемдігіне айырбастауында болып тұр. Бір ғана сыбайластық іс бүкіл елдің өсіп-өнуіне кері әсер ететіндіктен бұны тек заң емес, адамдардың нанымындағы діни шариғат да ауыр күнәға балайды. Айталық Құран Кәрімдегі «Бақара» сүресінің 188-аятында «Араларыңдағы малдарыңды (дүниені) бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар» делінеді. Мұндағы мағынасы «Би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер» дегенді білдіреді. Адам өмірінде маңызды рөлге ие діни наным да, заң да тыйым салған осы әрекетпен күрес ғасырлар бойы жүргізілсе де түбегейлі жойылмауы рухани азғындықтан болса керек-ті. Бұдан бұрынғы деректерді айтпағанның өзінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің дерегіне сүйенсек, облысымызда биылғы 8 айда 92 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліпті. Оның 70-і ауыр санатында болса, біреуі аса ауыр. Жедел жолмен 61 қылмыс анықталған. – Атап айтқанда, облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты 5, қала, аудан және ауыл деңгейіндегі басшыларға қатысты 10 қылмыс тіркелген. Оның ішінде екеуі аудан әкімінің орынбасары, төртеуі бөлім басшысы және төртеуі ауылдық округтердің әкімдері. Оған қоса сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрі бойынша 6, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттарды ұрлау бойынша 19, кіші және орта бизнес субъектілерінің жұмысына заңсыз араласу бағытында 5 дерек тіркелген. Соңғы бағыт бойынша 5 қылмыс тіркелгенімен, жалпы 73 кәсіпкердің құқықтары қамтамасыз етіліп, қорғалды. 73 іс сотқа жолданды. Ақталмайтын негізінде 3 қылмыстық іс қысқартылды. Жасалынған заңсыз іс-әрекеттері үшін 56 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Тіркелген қылмыстық істер бойынша 622,3 миллион теңге көлемінде залал келтірілді, оның 422,9 миллион теңгесі өндірілді. Бұдан басқа қылмыстарды тергеу барысында 153,3 миллион теңгеге мүлікке тыйым салынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексінің 200-бабы негізінде өндіріспен аяқталған қылмыстық істер бойынша 69 ұсыным жолданды. Оның 35-і қаралды және қарау нәтижесінде 33 тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Бұдан басқа сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу мақсатында атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 21 азаматқа 3,3 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі, – дейді аталған департамент басшысының бірініші орынбасары Равиль Төлебаев. Жемқорлықтың жолын кесу мақсатымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Соның бірі – «Адалдық алаңы» жобасы. – Мемлекеттік органның бірінші басшылары, қала және аудан әкімдері тарапынан қоғам алдында барынша ашықтығын көрсету және азаматтармен кері байланыс орнату мақсатында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде 16 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, нәтижесінде 40 азамат қатысып, әлеуметтік желі арқылы 150-ден аса сұраққа жауап қайтарылды. Оның ішінде нақты шешілген мәселелер де болды. Мысалы «Адалдық алаңының» қабылдауында болған О.Тоқбергеновтің Құмшағал ауылындағы көше жарығы туралы мәселесі қолға алынып, жаңа трансформатор қойылды. Төтенше жағдай кезінде көмек сұраған осал топтағы отбасыларда «Ізгілік елшісі» жобасы аясында жобалық офисі 40 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Тараз қаласы О.Кашымов көшесінде орналасқан 25 үйдің тұрғындары жылдар бойы қолжетімсіз болған ауызсу мәселесіне шағымданған. Тұрғындардың көтерген мәселесі ұзаққа созылмай қолға алынып, су құбырлары ауыстырылды. Тараз қаласы «Арай» алқабының тұрғындары былтыр салынған асфальт сапасына сенімсіздік білдірген. «Адалдық алаңының» араласуымен мердігер кепілдік міндеттемелеріне сәйкес жол жабындыларын қалыпқа келтірді. Барлық жағдайлар бойынша тұрғындар алғыс айтуда. Қазіргі таңда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі көпқабатты үйлердің тұрғындары, әлеуеті осал топтар, мемлекеттік органдардың басшылары арасынан «WhatsApp» мессенджерінде топтар құрып, тұрғындар тарапынан туындаған мәселелерді бірден шешу тәжірибесі енгізілді. Ел ішінде әділдіктің салтанат құруы үшін тұрғын үйлердің жөнделуі, жолдың, құрылыстың сапалы салынуы секілді істерді қадағалап, бақылайтын жобаларды да жүргіземіз. Осындай жұмыс барысында байқағанымыз – қандай да бір ісі сәтті орындала қоймай, әбден сабылған адам пара беруге бейім келеді. Ал енді бір жағдайларда табысын азсынатын, қолында қандай да бір істің билігі тұрған азаматтар жұмысты әдейі кешеуілдетіп, соған мұқтаж адамдар сый-сияпат тарту еткенін күтеді, – дейді жоба жетекшісі Назима Дәрменқызы. Яғни сыбайластыққа уақытынан кешіктірілген іс себепкер. Сол істің жылдамырақ орындалуын күткен адам амалсыздықтан пара беруге барады. Егер барлық тұрғын заңдық тұрғыда сауаттылығын арттырса, қажетті істің уақытында орындалуын парасыз-ақ талап ете алар еді. Сөзсіз, жемқорлық – індет. Оны жою бәрімізге міндет. Елдің баянды болашағын, адамзаттың бақытын ойлаған кез келген тұлға бәрінен биік ар алдында жауапты екенін ескерсе, ел ішін індет ірітпесі анық.

 

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар