сенбі, 23 қараша, 2024 0:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Меркідегі сән мерекесі

Меркідегі сән мерекесі
ашық дереккөзі
Меркідегі сән мерекесі

Сән әлемінде өзіндік орнын қалыптастырған «ASPARA FASHION WEEK» жобасының алтыншы маусымы Меркі ауданында өтті. Биылғы шараның ерекшелігі сол, сұлулық сүйер қауым сән апталығын 4 күн бойы онлайн режимде тікелей эфирде тамашалады.

Сән апталығының ашылуына онлайн форматта қашықтан қатысқан облыс басшысы Бердібек Сапарбаев сән мерекесінің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. – Мерейлі Меркі жеріне қош келдіңіздер! Бұл кездесуге дәл осы өлкенің таңдалуы бекер емес. ІІІ ғасырда сауда бағыты ретінде пайда болған Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстан­ның оңтүстігін басып өткен. Қытай шекара­сынан сауда керуендері Меркі, Тараз, Сайрам, Яссы, Отырар қалалары арқылы әрі қарай Орта Азия, Парсы, Кавказ және Еуропаға қарай беттеген. Ал VI-VIII ғасырларда Меркі керуен сарайдан ірі орталыққа айналды. Әрине содан бері қаншама ғасыр өтті. Қазір осы жерден заманауи Жібек жолы өтеді. Бұл «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі. Өкінішке қарай бұл жолы сіздермен онлайн жүздесіп отырмыз. Әйтпесе мен сіздерге бұл жердің әсем табиғатын, биік тауларын, мөлдір суы бар мыңдаған бұлағын, ерекше бақшаларын, егістік алқаптары мен жайылымдарын көрсетер едім. Сіздерді жергілікті тұрғындармен таныстырар едім, – деген облыс басшысы халықаралық «Aspara Fashion Week» сән апталығының авторы және президенті Айдархан Қалиевтің сән саласындағы еңбегін тілге тиек етті. – Айдархан Қалиев Миландағы, Париждегі, Амстердамдағы, Берлиндегі, Стокгольмдегі, Львовтағы және басқа қалалардағы белгілі сән апталықтарының ресми бағдарламаларында жұмыс істеген алғашқы азиялық дизайнер. Сонымен қатар ол ата-бабаларының рухани және мәдени дәстүрін бойына сіңірген жан. Туған жердің құдіреті – Айдарханға «жаңаша фольклор» стилінің негізін қалауға мүмкіндік берді, – дей келе сән апталығының жұмысына сәттілік тіледі. Айта кету керек, бұл шара әлемнің 40 елінен сәнді киім үлгілерін жасайтын 100 дизайнердің және танымал 30 блогердің, сондай-ақ журналистердің, Еуропа мен Азия сән апталығы басшыларының басын қосты. Апталықтың алғашқы күні Қытай мен оңтүстік-шығыс Азия елдері Сингапур, Индонезия, Филиппин, Тайланд, Малайзия, Бруней, Лаос, Камбоджа, Вьетнамнан келген 30 дизайнер өз коллекцияларын ұсынса, келесі күні Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан және тәжікстандық 22 дизайнер киімдерін көрсеттті. Апталықтың үшінші күні көрермен Еуропа, Африка және Америка құрлығынан келген сән шеберлерінің коллекцияларын тамашалады. Жылына бір келетін сән мерекесінің ашылуына шетелдік дизайнерлер де өз құттықтауларын онлайн жеткізді. Солардың бірі эфиопиялық киім дизайнері Лулит Ауэл өз сөзінде қазақ сәнқойларының туындыларын жоғары бағалайтынын атап өтті.

  Айжан Өзбекова
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар