дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 19:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«68 миллион теңге берілді»: Жамбылда үздік мектеп анықталды

«68 миллион теңге берілді»: Жамбылда үздік мектеп анықталды
Фото авторы - Ақәділ Рысмахан
Бүгін облыста «Тамыз» конференциясы өтті

Жамбылда «орта білім беретін үздік ұйым» анықталып, облыс әкімі оқу ұясына 68 миллион теңгенің сертификатын берді. Атаулы грантты Меркі ауданындағы Т. Қожекеев атындағы №39 мектеп гиназиясы жеңіп алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін Жамбылда «Тамыз» конференциясы өтті. Шараға арнайы келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдымен қалалық білім бөлімінің алдағы жоспарларын тыңдап, дарынды оқушылардың өнертабысын тамашалауға да уақыт бөлді. Түрлі салаға тың серпіліс беретін жобалармен танысқан аймақ басшысы оқушылардың жұмысын оң бағалап, сәттілік тіледі. 

 «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының көрме павильонында өткен кеңеске облыс әкімінен бастап, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы, сондай-ақ ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің  басшылары және басқа да тұлғалар қатысты. Сонымен қатар, облыстағы 20 мыңнан астам педагог білім басқармасының Фейсбук парақшасында тікелей көрсетілім арқылы қосылды. 
 Пленарлық отырыс Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының арнайы бейне құттықтауымен ашылды. Бұдан соң,  облыстың білім беру жүйесінің дамуы туралы және өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы білім басқармасының басшысы баян етті. 

-    Дарынды оқушыларымыз биылғы жылы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 467 медальді иеленді. Оның ішінде 57 медальді - Халықаралық білім жарыстарында алды. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы 15-ші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді.  Сондай-ақ, республикалық олимпиада қорытындысы бойынша биыл «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды. «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 16-ы жүлделі орынға ие болды. Оның 2-і алтын, 2-і күміс, 12-і «Үздік маман» медальон иегері атанды,- деді Рауан Садырқұлов. 

Бұдан соң бірқатар мамандар баяндама жасады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өңірде білім саласына айрықша назар аударылатындығын айтып, биыл білім саласына 319,2 млрд теңге бөлінгендігін жеткізді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады.

- Биыл білім саласына 319,2 млрд. теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды. Ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды.  Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітеді. Бұған қоса 4,3 млрд. теңгеге 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 млрд. теңге қаржы қаралды,- деді облыс әкімі. 

Сонымен қатар, кеңес барысында бірқатар сала қызметкерлері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан педагогтер марапатталды. Ал, «Орта білім беретін үздік ұйым-2024» грантының иегері ретінде Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясына 68 млн теңгенің сертификаты тапсырылды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар