жұма, 22 қараша, 2024 20:11

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"АЭС салынатын болды". Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады

"АЭС салынатын болды". Референдумда халықтың 71,12 пайызы АЭС құрылысын қолдады
Jambylinfo.kz
АЭС салу бойынша референдум өтетінін Президент Жолдауында айтқан еді

Еліміз үшін аса маңызды референдум өңірімізде де жоғары деңгейде өтті. Жамбылдық жұртшылық саяси науқанға белсенді қатысып, таңдау жасады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
АЭС салу туралы бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан болатын. Ол өз сөзінде атом энергетикасын дамыту экономикалық және саяси тұрғыдан ерекше маңызды аспектке айналғанын атап өткен. 
Тараз қаласы, Бәйдібек баба, 100- А мекенжайында №63 орта мектеп ғимаратында орналасқан №508 референдум учаскесінде дауыс беру 06:58-де Әнұранмен басталды. Алғашқы болып ерлі-зайыпты Талғат Терлікбаев пен Раушан Терлікбаева дауыс берді. Талғат – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механик болса, Раушан – теміржолшы. Бұл сайлау учаскесіне келушілер қарасы қалың болды. Тіпті, алғашқылардың бірі болып Бәйдібек баба көшесінің тұрғыны, 76 жастағы Алтыншаш Айтқұлова да келіп, өз таңдауын жасады. Сонымен қатар, 70 жастағы Роза Найзабаева да алғашқылар қатарында дауыс беріп, сыйлық алды. Теміржолшы Нұржан Атыхаев та өз таңдауын жасады. Ал, тараздық әже Рәткүл Алдажанова қазақша киім киіп келіп, көпшілікке бұл күннің мерекелік сипатын көрсетті.
Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағынауданында, №3 мектеп-лицей ғимаратында орналасқан №494 сайлау учаскесінде 2233 адам тіркеліпті. Аталған референдум учаскелік комиссиясының төрағасы Мәулен Райқұлов: «Біздің сайлау учаскесіндегі жұмыстар да қызу басталды. Тұрғындар белсенді түрде келді. Баршасы көңілді. Біздің сайлау учаскесінде кәсіпқой бокстан Әлем чемпионы Марат Мәзімбаев келіп өз дауысын берді. Сонымен қатар, 18 жасқа жаңадан толған жас жігіттер мен қыздар өз таңдауын жасады. Баршасы елдің кемел болашағына сенеді. Мемлекеттің қуатты болуына деген ниеттері ортақ. Дауыс беру күні сәтті, тәртіппен, заң аясында өтті», – деді.
Тараз қаласы, Әуежай аймағының Талғат Бигелдинов көшесінде 47 жыл ғұмырын әуеде өткізген танымал ұшқыш Орынбек Жорабеков тұрады.
Әуе батыры Орынбек Жорабеков «Бәйтерек» шағынауданында орналасқан №498 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. «Мен өмірімнің көпшілік бөлігін әуеде өткіздім. Талай рет табанымыз жерге тиген сәтте қуанушы едік. Сондықтан, маған жердің үстіндегі жақсы күндердің бәрі қымбат. Еліміздің жаңа қадамына қуанып, дауысымды бердім. Еліміз өркендей берсін. Халқымыз тыныш, бақытты, мемлекетіміз қуатты болсын», – деді ол.
Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағынауданында, №3 мектеп-лицей ғимаратында орналасқан №494 референдум учаскесіне Арман Көпбосынов отбасымен келіп, өз таңдауларын жасады. Олардың патриоттығы сондай, 4 жастағы қыздары Айымды, 2 жастағы қызы Айшаны ерте келіпті. Арман – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмысшы болса, жары Бақыткүл Шәріпова – мұғалім. «Еліміздің әр қадамына тұрғындар селқос қарауға болмайды. Елдің дамуы – біздің осы балаларымыздың болашағы емес пе? Сондықтан қыздарымызды ерте келіп, өз таңдауымызды жасадық. Мұндай саяси қадамды қолдаймыз. Еліміздің дамуға ұмтылуы – үлкен жетістік. Ел ертеңіне сенеміз», – деді ол.
Аталған референдум учаскесіне кәсіпкер Жамбыл Қойбағаров та отбасымен дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Жұбайы Іңкәр Айтқұлова – мұғалім. Қыздары Аружан банк қызметкері болса, 18 жасқа жаңа толған Әлихан Назарбаев зияткерлік мектебінің тындаушысы. Отағасы Жамбыл Қойбағаров: «Осынау ерекше маңызды сәтке отбасымызбен келіп тұрмыз. Бұл біздің саяси науқанға деген шынайы үлесіміз. Еліміздің болашағы жарқын болсын» – деді.
*
Домалақ ана көшесіндегі Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде орналасқан №463 референдум учаскесінде «AIEM» кәсіби білім беру колледжінің кафедра меңгерушісі, тарих пәнінің оқытушысы, көпбалалы отбасынан шыққан Меруерт Үкібаева өз таңдауын жасады. Дауыс беру сәтінен соң, Меруерт Қасқарауқызы БАҚ өкілдеріне ойын білдірді. «Бүгінгі еліміз үшін маңызды күнге бейжай қарауға болмайды. Атам соғыс ардагері, майдангер болған кісі еді. Менің әкем, ағаларым мемлекеттік қызметте істеген кісілер. Анам – «Күміс алқа» иегері. Біз алты бауыр да қоғамнан өз орындарымызды тауып отырмыз. Мемлекетіміздің осы кезге дейін жүріп келген жолында біздің шағын әулетіміз өсу, өну, өркендеу жолында болды. Еліміздің болшағы өте жарқын болады, осы референдум сол жарқын белеске жол ашады деп білемін. Сондықтан мемлекетіміздің өркендеуге бет бұрған болашағы үшін дауыс бердім», – деді ол.
Референдум барысы бақылаушылар арқылы қатаң қадағаланды. Мәселен, Тараз қаласы, Бәйдібек баба, 100-А мекенжайындағы №63 орта мектеп ғимаратында орналасқан №508 референдум учаскесіне бақылаушы болып бекітілген бақылаушы Анар Серғазықызы өзінің учаскесіне таңғы сағат 05:45 уақытында келген. Ал, Тараз қаласы, «Бәйтерек» шағынауданында орналасқан №3 мектеп-лицей ғимаратында №498 референдум учаскесіндегі дауыс беру сәтін жіті бақылаған «Жастар зерттеу» қоғамдық бірлестігінің өкілі Дилана Жорабек те ерте келгендердің бірі. Олардың айтуынша, өздері бақылап отырған аумақта референдум аясында дауыс беру кезеңі заң аясында өтті.
Тараз қаласы, «Домалақ ана» көшесіндегі Жамбыл жоғары политехникалық колледжі ғимаратында орналасқан 463-референдум учаскесіне дауыс беру заң талабына сай өтті. Мұнда тәртіптің бұзылмауын, заңдылықтың сақталуын бірнеше бақылаушы қадағалап отырды. Атап айтқанда, Аmanat партиясы облыстық филиалы атынан Гүлжамал Сәрсенова, «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының бақылаушы өкілі Ақбаян Орынбасарова, «ЭНИГМ» қоғамдық бірлестігі өкілі Дәулет Досмайлов болды.
Бақылаушы Гүлжамал Қайратқызы: «Бүгін таңғы сағат 06:00-де Айдана Үсіпбекова деген әріптесім бақылаушы болып келді. Мен сағат 13:00-де ауыстым. Жалпы, түске дейін де, түстен кейін де дауыс беру өз тәртібімен заң аясында өтіп жатыр. Учаскесінен шатасып келген кісілер де бар екен. Оларға қайда баратыны түсіндіріліп жатыр. Мұнда кейбір танымал кісілер, көпбалалы аналар келді. Отбасымен келіп дауыс бергендер де бар. Барлығы жақсы көңіл-күйде келіп жатыр. Елдің дамуы үшін жасалған саяси қадамның сәтті жүзеге асатынына, дауыс беру жақсы деңгейде өтетініне сенемін. Сол үшін заңдылық жағын бақылап отырмыз», – деді

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар