Қала әкімі "Жеңіс" саябағындағы заңсыз аттракциондарды сынға алды
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 16:10
- 62
Қала әкімі «Жеңіс» саябағына арнайы барып, ондағы аттракциондардың қызметін сынға алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде саябақ аумағындағы кейбір аттракциондар тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, меншік иесі тарапынан ешқандай салық және өзге де міндетті төлемдердің төленбегені белгілі болып отыр. Бұл өз кезегінде заң талаптарын өрескел бұзу ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін мәселе екені белгілі.
Қала әкімі заңсыз қызметке жол берілмеуі тиіс екенін атап айтып, жауапты сала басшыларына тиісті шара қолдануды тапсырды. Нақтырақ айтқанда, аттракциондардың құқықтық мәртебесін зерделеу, техникалық жағдайын тексеру, заң талаптарын бұзған тұлғаларды жауапкершілікке тарту және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша нақты жұмыстарды жедел қолға алу міндеттелді.
Шаһар басшысы әсіресе балалардың қауіпсіздігіне баса мән берді. Қала әкімі өз сөзінде балалар ойнайтын әрбір құрылғының техникалық талаптарға сай болуы, тұрақты тексеруден өтуі және қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келуі басты талап екенін жеткізді.
Сондай-ақ демалыс орны аумағындағы ретсіздікке, жауапсыздыққа және бақылаудың әлсіздігіне жол берген тиісті құрылымдардың жұмысы да назардан тыс қалмады. Қала басшысы қоғамдық орындардағы тәртіп пен қауіпсіздік мәселесінде немқұрайлылық танытпау керектігін баса ескертті.






