сәрсенбі, 11 маусым, 2025 15:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қаламгер - журналист Бекет Момынқұлмен кездесу кеші өтті

Қаламгер - журналист Бекет Момынқұлмен кездесу кеші өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы ұйымдастырған еркін форматтағы іс-шараны белгілі журналист, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт жүргізді.

Жазушы, журналист Бекет Момынқұлдың 70 жас мерейтойына арналған «Бекет салған сара жол» тақырыбында әдеби-сазды кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Өңірдің ақпарат және руханият саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан атпал азаматпен кездесу жиынына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза және Байзақ, Жамбыл аудандарынан келген бірқатар басшылар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен шығармашылық ортадағы үзеңгілес достары мен шәкірттері қатысты.

Кездесу кешінде алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы өнегелі өмір иесінің еңбек жолын көпке үлгі ете отырып, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады. Иығына зерлі шапан жапты. Сондай-ақ еркін форматтағы кездесу барысында Оралхан Әбдірашұлы мен Бекет Әбділдаұлы арасында екеуара диалог құрылып, көзіқарақты оқырманның көкейінде жүрген сан сауалдың жауабы көрініс тапты.

Мұнан соң сөз тізгінін ұстаған мәдениет майталманы Асқарбек Сейілхан, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков сынды үзеңгілес замандастары талантты азаматтың біртоға болмысына, публицистік сарындағы ғылыми-зерттеу еңбектеріне және қайраткерлік қырына кеңірек тоқталды. Әдеби сазды кеште ақын Нұржан Қадірәлі бойтүзер ұстазына арнау арнап, жырдан шашу шашты.

«Тірі жүрген Бауыржандай Таразда,

Бір жүрек бар, дүрсілінен қашқан жау,

Бекзада һәм

Соқтыққанға – сотқарлау!

Тамырынан ақтарылып Талас ағып жатқандай,

Аты – әулие,

Заты – батыр, асқар тау!», – деп келетін арқалы ақынның төрт тармағы желкен тартар 70 жасқа аяқ басқан азаматтың боямасыз портретін ақ қағазға қара сөзбен салып бергендей әсер қалдырды. Сонымен қатар салтанатты жиында облыс әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар одағы облыс бойынша филиалының өкілі, ақын Хамит Есаман, облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова, тарих ғылымдарының докторы, ғалым Асқар Абдуалы, «Aulieata media» серіктестігі Бас директорының орынбасары, журналист Алпамыс Қазыбаев, облыстық «Jambyl TV» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева да сөз алып, мерейтой иесіне ізгі ілтипаты мен ақжарма тілектерін арнады.

Келелі кездесудің қорытынды кезеңінде қалың оқырманға даңқты батыр Бауыржан Момышұлының немере інісі, қазақ журналистикасының корифейі атанған Шерхан Мұртазаның төл шәкірті ретінде танылған Бекет Момынқұлдың «Момышұлы әлемі» атты жаңа кітабы таныстырылды.

Мың дана таралыммен жарық көрген жинақта батыр Бауыржан Момышұлының ел ауызында жүрген аңызға бергісіз ақиқаты, тарих бедерінде жұмбақ күйінде қатталып қалған түрлі жайттардың жауабы қамтылған.

Кітап мазмұнындағы: «Халық батыры болудың ащы бақыты», «Шындықтың ауырлығын шындықты айтқан біледі», «Шындық – қуғынның қорқынышынан да биік» сынды ақиқаттың алдаспанын арқалаған тақырыптар екінші дүниежүзілік соғыстың қиян-кескі ұрыс даласындағы тыңнан түрен саларлық тарихи деректерін толықтыра түседі. Автор Абайша айтқанда: «Мыңмен жалғыз алысқан» батыр бейнесін көркем түрде ғана емес, ғылыми тұрғыда да негіздейді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар