жұма, 27 маусым, 2025 1:58

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Aulieata-media» холдингінің құрылғанына – 5 жыл

«Aulieata-media» холдингінің құрылғанына – 5 жыл
Фото: Алтынбек Қартабай
Осыдан тура бес жыл бұрын, яғни 2020 жылдың 10 маусым күні Жамбыл өңірінің ақпарат айдыны бір арнаға тоғысып, «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған болатын.

Серіктестіктің құрамына ғасыр шежіресіне айналған облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және жамбылдық жастардың ортақ үні саналатын «Ar-Ai» жастар газеттері кірді. Үлкен ақпараттық құрылымның алғаш болып тізгінін білікті медиа-менеджер, белгілі журналист Нұрбек Бекен ұстады.

Өңір тілшілерін бір шаңырық астына біріктіру, сеніміді әрі дәйекті ақпарат көзін қалыптастыру механизімі өзінің оң шешімі мен тиімді тетігін жыл өткен сайын дәләлдей түсті.

Бес жылдық бедерге зер салсақ, Нұрбек Мұхаметқалиұлы тұсында серкітестік құрамы «Jambylinfo» ақпараттық порталымен толығып, үш басылымның да әлеуметтік желілері де бір жолға қойылды. Тиісінше тілшілер оқиға орнынан шұғыл ақпарат таратуға көшті.

Араға екі жыл салып, 9 маусым күні белгілі журналист Оралхан Дәуіт «AulieataMedia» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалды. Оралхан Әбдірашұлының тұсында да серіктестіктің қаржылық әлеуеті артып, 10-нан астам медиахолдинг маманы «Әулиета жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында баспаналы болды. Сондай-ақ, облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысөзімен «Ғасыр шежіресі» атты жылнамалар жинағы жарық көрді.

Осылайша 2023 жылдың желтоқсан айында серіктестіктің қазіргі Бас директоры Данияр Асқарұлы тағайындалды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, марқұм Бердібек Сапарбаевтың мектебінен өтіп, сол тұстағы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен қазіргі аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтың баспасөз қызметіне жетекшілік еткен білікті маман серіктестік жұмысына тың жаңашылдықтар алып келді. Былтырғы жылы серіктестік жанынан Цифрлық контент орталығы құрылды. Оқырманның оң бағасын алған тәжірибені барлық аудандар іске асырып, жергілікті ақпараттық орталықтар ашты.

Сонымен қатар, «Jambylinfo» порталы республикалық деңгейде ақпарат тарата бастады. Жоғары сапалы контентімен танылған бұл платформа 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығының номинанты атанды. Бұл — аймақтық БАҚ үшін үлкен жетістік.

Жаңашылдық серпінімен қатар, техникалық база да жаңартылды, газеттің тиражы артты. Ал жақында серіктестікке қарасты республикалық «Tekturmas» журналының алғашқы саны қалың оқырманға жол тартты. Журнал рухани бағыттағы мазмұнымен ерекшеленіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ден қойған.

Айта кетейік, биыл облыстық «Ar-Ai» жастар газетінің 20 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілмек. Екі онжылдық бойы өңір жастарының үнін жеткізіп, рухани және қоғамдық өмірге серпін беріп келе жатқан басылым – жамбылдық жастардың жалын қуаты мен жаңашыл болмысының айнасына айналған.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар