Айша-Бибі кесенесінің маңындағы кәсіпкерлерге сот орнын босатуды міндеттеді
- авторМағжан Орынбасар
- 27 наурыз, 2025
- 112

"Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейі Жамбыл облысының бес тұрғынына қатысты сотқа жүгінді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Музейдің иелігінде Айша-Бибі кесенесі бар, оған 2 гектар жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығы берілген. Бұл жер ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Оған қоса бұл жерде бірнеше техникалық бөлме салынған.
"Алайда бес кәсіпкер бұл ғимараттарды заңсыз иемденіп, коммерциялық қызметпен айналысқан", - деп жазылған Жоғарғы сот хабарламасында.
Музей өкілдері сотқа жүгініп, кәсіпкерлерден ғимараттарды босатуды талап еткен. Сот мәліметінше, оларда сауда жасауға рұқсат, сондай-ақ, бұл ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану құқығы мен құжаттары болмаған.
Сондай-ақ, талап қоюшы "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында сауда жасауға тыйым салынғанын мәлімдеген.
Төрт жауапкер мұны мойындамаған. Кәсіпкерлердің бірі даулы ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін оларға сауда жасау үшін тегін бергенін мәлімдеген. Бесінші жауапкер бұл талапты мойындаған.
Жамбыл аудандық соты кәсіпкерлер қорық-музейге тиесілі ғимараттарды заңсыз иемденген деген қорытындыға келді.
"Сот кәсіпкерлерді заңсыз иеленген ғимараттарды босатуға міндеттеді. Кәсіпкерлер бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды", - деп жазылған хабарламада.