дүйсенбі, 31 наурыз, 2025 2:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда инвестиция тарту қарқыны артып келеді

Жамбылда инвестиция тарту қарқыны артып келеді
Жамбыл облысының әкімдігі
Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 826,4 миллиард теңгені құрамақ

Жуырда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасында өсім байқалатынын айтқан болатын. Президет айтқандай сыртқы сауда айналымы 45 пайызға артып, 140 миллиард долларға жетті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайып, өткен жылы оның көлемі 19 триллион теңгеден асты. Бұл жоғары көрсеткішке қол жеткізуге Жамбыл облысының да қосқан үлесі аз емес.

Өңірімізде 2028 жылға дейінгі инвестициялық портфель 6 500-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін 80 жобадан тұрады. Оның жалпы құны 3,3 триллион теңгені құрайды. Өткен жылы 149,7 миллиард теңгеге 21 жоба іске қосылып, 700 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 370,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның 90,4 миллиард теңгесі бюджет қаражаты есебінен, 209,3 миллиард теңгесі меншікті қаражат есебінен, 4,2 миллиард теңгесі банк несиелері, ал 66,5 миллиард теңгесі басқа қарыз қаражаттардан құралды.

«Жасыл» энергетика саласында «Total Eren», «Masdar» және «China Power» компаниялары жалпы қуаты 2,5 гигаватт болатын жел электр стансаларының құрылысын жүзеге асыруда. «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында жел генераторларының компоненттерін шығаратын «Sаny Renewable Energy» зауытының құрылысы басталды. Бұл жобаның жалпы инвестиция көлемі 54 миллиард теңгені құрайды. Сол секілді өткен жылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында отандық және шетелдік инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен айналысады.

Облыста алдағы уақытта бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Мәселен, «Fujian Hengwan Investment» (Қытай) компаниясы металлургия зауытының құрылысын жүргізбек. Бұл жобаға 367 миллиард теңге инвестиция салу жоспарланған. Қысқамерзімді шарт бойынша алдын ала ғылыми зерттеулер жүргізу үшін мемлекеттік орман қорынан 300 гектар жер бөлінеді. Сондай-ақ, «AltynAlmas Reagents» компаниясы жаңа америкалық технологияны пайдалана отырып, натрий цианидін өндіруді көздеп отыр. Бұл жобаға 50 миллиард теңге қарастырылған. Өткен жылдың 27 қарашасында Тасөткел ауылында қоғамдық тыңдау өтіп, оң нәтиже берілді. Бұдан бөлек, «Taraz Gelatin» компаниясы 7,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартып, тағамдық желатин өндірісін іске қосуды жоспарлауда. Ал «JVictorNewEnergy» компаниясы 26,4 миллиард теңге инвестиция салып, өнеркәсіптік кремний өндірісін қолға алмақ.

«Тараз» индустриялық аймағында 13 мың жұмыс орны құрылатын 137 миллиард теңгені құрайтын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл субаймақтарда әрбір ауданның ерекшелігіне сәйкес орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылатын болады. Мәселен, «Меркі» субаймағында сауда-логистикалық хаб, жеміс-жидек өңдеу кешені, макарон өнімдері мен жиһаз өндірісі салалары дамытылады. «Құлан» субаймағында сүт өнімдері мен макарон өнімдерін өндіру жоспарланған. Ал «Сарысу-1» субаймағында тазартылған тұз, хлор-сілтілі зауыт, кальций хлоридін өңдеу зауыты, әк және шыны өндірісі қолға алынса, «Сарысу-2» субаймағында алтын, күміс, мырыш, темір және басқа да түсті металдарды байытуға арналған өндірістер ашылмақ.

Өткен жылы өнеркәсіп саласында шамамен 727,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі өсу нүктелері – химия және құрылыс индустриясы.Өткен жылы бұл салада 212 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, облыс бойынша экспорт көлемінің 77 пайыздан астамын қамтамасыз етті.

Биыл негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 826,4 миллиард теңгені, тікелей шетел инвестициясы 86 миллион АҚШ долларын құрап, 144,4 миллиард теңгеге 30 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Осылайша өңіріміздің экономикасының қарқынды дамуы Қазақстанның жалпы экономикалық өсіміне айтарлықтай үлес қосып отыр. Алдағы жылдары да инвестиция тарту арқылы өңірдің әлеуеті арта түспек.

 

Аспандияр СЕЙСЕБАЕВ,

облыс әкімдігі кәсіпкерлік және

индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар