сенбі, 23 қараша, 2024 2:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қайтарылған қаржы игілікке жұмсалуы керек

Қайтарылған қаржы игілікке жұмсалуы керек
ашық дереккөзі
Қайтарылған қаржы игілікке жұмсалуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміз үшін маңызды саналатын заң жобасына қол қойды. Бұл ендігі жерде ел қаржысының заңсыз қалтаға салынып, сұғанақ қолдардың еншісінде кетуінен сақтайды деген ойдамыз. Жарты жылға жуық талқыға салынып, жақын арада ғана бекітілген аталмыш құжаттың елге берері көп.

Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен былтырғы жылдың қаңтар айындағы кездесуінде еліміздің байлығы 162 адамның қолына шоғырланғанын қадап айтқан еді. Міне, осы ел қазынасының бюджет қоржынына қайтарылып, қарапайым халықтың игілігіне жұмсалуы бүгінде басты мәселеге айналып отыр. Егемендігін алған отыз жылдан астам уақытта еліміз етек-жеңін жиып үлгергенше олар біршама активтерді шет елдерге шығарып та үлгерді. Осы заңсыз шығарылған активтерді кері қайтару туралы заң біз үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Аталмыш заң елімізде бәсекеге қабілетті қоғамның орнығуына қызмет етіп, монополистік, олигополиялық күштердің астыртын әрекеттермен заңсыз мүлік иеленуінің алдын алады.

Сайып келгенде халықтың осы заңды ұзақ күткені жасырын емес. Себебі, еліміздегі әлеуметтік алшақтықты жойып, халықтың өмір сүру сапасының деңгейін көтеруге бағытталған заңның керектігі айқын- ақ еді. Жаңа құқықтық құжат заңсыз активтерді иеленген тұлғаларға ғана емес, сыбайластық әрекетке қатысы бар жандарға да мониторинг жүргізеді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алатын игілікті іс болып табылады.

Сонымен қатар, жаңа заңның да өз қолданыс аясы мен критерийлері бар екендігін ескеруіміз қажет. Аталмыш құжат нормалары қолданылуы үшін заңда белгіленген шекті сома көлемінде (44 миллиард 850 миллион теңге немесе шамамен 100 миллион АҚШ доллары) активтері болуға тиіс. Активтерді қайтару жұмыстарымен арнаулы уәкілетті орган айналысады. Уәкілетті орган аппараты мониторинг негізінде талдау жүргізіп, активтерді заңсыз шығару ісіне қатысы бар тұлғалар мен олармен сыбайлас болғандар тобына тексеру жұмыстарын жүргізіп, мән- жайды анықтайтын болады.

Сыртқа шығарылған активтердің заңсыздығы анықталған жағдайда Премьер-Министрдің ұсынысымен арнайы комиссия жасақталады. Комиссия құрамына құқық қорғау органдарының өкілдері, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, қоғам белсенділері – жалпы саны 125 адам енгізіледі. Бұл біздің демократиялық позициямызды айқындайтынына, ашықтыққа дайын екенімізді көрсететініне кәміл сенімдімін.

Бүгінде бұл бастама біздің елде ғана емес, әлемнің жетекші елдерінде де озық тәжірибе ретінде танылып отыр. Дамыған мемлекеттер шет елге заңсыз шығарылған активтерін қайтару туралы заң жобасын бізден қаншама жылдар бұрын қабылдап үлгерді. Тиісінше, құқықтық құжат тиімділігін көрсетіп, алпауыт мемлекеттер өзінің әлеуметтік саласын қайтарылған қаражат есебінен дамытып отырды. Міне, осы бір жаһандық практикада қолданылған әдісті енді өз елімізде де жүзеге асырудың сәті түсіп отыр. Әділетті Қазақстанды құрудағы оң бастамалардың бірі ретінде жаңа заң іске асырылған жағдайда қайтарылған қаражат ел игілігі үшін қызмет етпек.

Осы орайда, халық көптен күткен заңның да өз ерекшеліктері бар екендігін айта кеткен жөн. Мәселен, еліміз шет елге заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың бейбіт жолын таңдады. Бұл – әлемдік аренадағы Қазақстанның бейбітшілік ұстанымын нақтылай түсетін бірегей фактор. Жаңа заңға сәйкес активтерді қайтару ісі толық заңмен шегенделгенін және ешқандай мәжбүрлеусіз жүзеге асатындығын ескеруіміз қажет. Егер қаржының заңсыздығы дәлелденгенмен иемденуші активтерін қайтарудан бас тартса, бұл іс сот процесі арқылы жүзеге асырылады.

Бұған дейін пост кеңестік кеңістікте осы мәндес заңнамалық құжаттар Грузия, Украина сынды елдер тарапынан да қабылданған болатын. Алайда активтерді қайтару ісінде қылмыстық жауапкершілікке баса назар аударған қос мемлекеттің заң жобалары халықаралық комиссия тарапынан тиімсіз деп танылған.

Меніңше, бұл қазіргі адами құндылыққа баса назар аударған қоғам үшін маңызы мол бастама. Осы орайда еліміздің игілігі үшін қабылданған маңызды заңның қоғамымызға тиімді тұсының көп екендігін айтқым келеді. Дүние дүрмек күй кешіп, жаһандық ахуал алмағайып жағдайға түскен шақта еліміздің саяси-қоғамдық позициясын айқын көрсете алуы да маңызды. Себебі, күні ертең біздің дипломаттар шет елдердегі активтерді қайтару ісінде халықаралық құқықтық нормалар шеңберінде қызмет ететіндігін ұмытпауымыз керек. Міне, осы тұста еліміздің саяси көзқарасы бейбіт ұстанымда екендігін тағы бір мәрте таныта алғанымызда ғана оңтайлы келіссөздерге қол жеткізеріміз сөзсіз.

Қалай десек те, жаңа заң дер кезінде қабылданды деп айта аламыз. Себебі, Әділетті Қазақстанды құрудағы ең алғашқы шешімдер барша халық игілігіне бағытталуы қажет. Бұл Жаңа Қазақстанды құру кезеңінде ғана емес, бұдан кейін де өз жалғасын табары сөзсіз. Халқымыз көптен күткен заң қалың көпшілік үшін өз тиімділігін көрсететініне сеніміміз мол.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар