сенбі, 12 шілде, 2025 2:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

БАҚ өкілдері бақ сынасты

БАҚ өкілдері бақ сынасты
Юрий Ким
Додаға аймақтың басылымдары мен телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің журналистері қатысып, спорттың алты түрі бойынша өзара бақ сынасты.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Ж.Үшкемпіров атындағы «ТАРАЗ-АРЕНА» спорт кешенінде БАҚ өкілдері арасында облыстық спартакиада өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып беріп, сала мамандарын айшықты мерекесімен құттықтады.

– Игі дәстүрге айналған спартакиада — журналистер қауымының кәсіби мерекесіне орай өткізіліп келе жатқан мазмұнды әрі мағыналы шара. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің бірлігі мен салауатты өмір салтын насихаттаудағы белсенділігін, өзара ынтымақтастығы мен ұйымшылдығын көрсететін керемет мүмкіндік. Журналистика – бұл тек ақпарат тарату ғана емес, ел мен елді, халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір. Қоғамдық пікір қалыптастырып, елдік мүддені биік қоятын, зор жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін сала. Бұл ретте облыс басшылығы ақпарат саласына әрдайым ерекше мән беріп келеді. Сондықтан өздеріңізге жан-жақты қолдау алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді Серік Жақсылықұлы.

Бұдан кейін ҚР Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов пен облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі ақпараттық сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Спорттық жиын командалық жарыстармен басталып, доданың алғашқы кезеңі командалық эстафетадан Шу ауданының командасы үшінші орынға тұрақтап, екінші орынға «Jambyl TV» жайғасты. Жүлделі бірінші орын «Taraz press» командасына бұйырды.

Бұдан кейінгі өткен арқан тартыста ПД баспасөз қызметінің командасы бірінші орынды иеленді. Ал, екінші және үшінші орындарды «Шу ауданы» және «Jambyl TV» командалары өзара бөлісті. Байрақты доданың басты бәсекесі саналған волейболдан «Taraz Press» командасы үшінші орынға тұрақтаса, ПД баспасөз қызметінің құрамы екінші орынды иеленді. Ал «Салық тәртібі» кұрамасы барлық кезеңде үздік ойынымен ерекшеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жекелеген спорт түрлері бойынша үстел теннисінен ерлер арасында үшінші орынды «ПД баспасөз қызметінен» Зиябек Өмірбек иеленсе, «Салық тәртібі» командасынан Диас Шахуров екінші орынды, шулық Әбіш Нұрберген бірінші орынды алды. Ал әйелдер арасында «Салық тәртібі» командасының мүшесі Самал Бейсен үшінші орынды місе тұтты. Екінші орынды «Taraz Press» командасынан Зейнеп Убайдулла, бірінші орынды «ПД баспасөз қызметі» командасынан Гүлдана Ализа иеленді.

Қол күрестен «ПД баспасөз қызметі» командасынан Мұхаммед Әуезов бірінші орын иеленіп топ жарды. Екінші орын «77 TV» құрамасының мүшесі Әділхан Сайлауға бұйырса, Шу ауданы командасынан Асланбек Тоқтарбай соңғы орынға жайғасты. Сонымен қатар әйелдер арасында үшінші орынды «Шұғыла-Жамбыл Тараз» командасынан Мираш Жолаева иеленді. «Салық тәртібі» командасының мүшесі Гүлдерайым Әлімжанова екінші орынды алса, жүлделі бірінші орынға «Taraz Press» командасынан Айнұр Балтабаева тұрақтады.

Ақыл-ойды аса қажет ететін интеллектуалды ойын түрі дойбыдан ерлер арасында «Taraz Press» командасынан Нұрболат Әлдибеков шын мықты екендігін дәлелдеді. Ал, «Салық тәртібінен» Амангелді Әбіл екінші орынды, «Taraz 24» командасынан Нұрбол Қыстаубек жүлделі үшінші орынды иеленді. Әйелдер арасында Шу ауданының командасынан Ғалия Көкпенбаева үшінші орынды, «Салық тәртібі» командасының мүшесі Әсел Бөлекбаева екінші орынды иеленіп, «ПД баспасөз қызметі» командасынан қатысқан Ботагөз Темірбаева алдына қара салмады.

Осылайша ақпарат саласының өкілдері үшін жылдың басты спорттық іс шарасы саналған облыстық спартакиадада жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды «Taraz Press» командасы иеленсе, екінші орынға «Салық тәртібі» тұрақтады. Ал, ПД баспасөз қызметінің командасы бірінші орын иеленіп, жеңіс биігінен көрінді.

Спартакиада соңында чемпиондарға құрмет көрсетіліп, арнайы сертификаттар мен қаржылай жүлделер табысталды.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар