«Балауса» лагеріндегі балалардың жазғы демалысы қалай өтіп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 12 маусым, 2025
- 366

Тараздағы № 54 орта мектебінде «Балауса» жазғы сауықтыру және еңбек лагерінде оқушылардың демалысы жақсы өтуі үшін бар жағдай жасалған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оқушылар үшін ең қызықты мезгіл — жаз маусымы. Үш ай каникулда балалар алаңсыз асыр салып ойнап, бір жасап қалады. Оқушылардың дені өздері оқитын мектеп жанындағы лагерьлерге баратыны белгілі.
Мәселен, № 54 орта мектебіндегі «Балауса» жазғы лагерінде биыл 150 бала қамтылып отыр. Ал, жалпы білім ұясында 1300-ге жуық оқушы білім алады. Лагерьде оқушылар 4 мезгіл тамақтанады, ойын ойнайды. Жұмыс жоспарына сәйкес оқушылармен қаламыздағы мәдени орындарға саяхат жасалып, танымдық және рухани білімдерін толықтырады.
Сонымен қатар, мектеп ұжымы балалар үшін спорттық шаралар ұйымдастырып, көне шаһардың мәдени орындарына да саяхат жасаған.
- Лагерьге келген балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады. Жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулықтарының сауықтырылып, өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылықтарын дамытып, өсіру — бүгінгі күннің басты міндеті, - деді мектеп директоры Сандуғаш Битөреева.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 1-ден 10-сыныпқа дейінгі 217 757 оқушының 193 067-сін яғни 88,6 пайызын жазғы сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен қамту жоспарланған. Бұл мақсатта қала сыртындағы лагерьлерге 7 669 бала, мектеп жанындағы тамақтанумен ұйымдастырылатын лагерьлерге 33 607 бала, мектептің демалыс алаңдарына 147 271 бала, киіз үй мен шатырлы лагерьлерге 3 505 бала, республикалық лагерьлерге 315 бала және ата-аналар мен кәсіподақ ұйымдары есебінен 700 бала қамтылады.