Байзақ ауданында «ақылды мектептер» көбейеді
- авторjambylinfo.kz
- 21 қыркүйек, 2020
- 304
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында мемлекет қолдауының нәтижесінде бірқатар жаңа мектеп салынып, көптеген білім ошағы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Мұндай жұмыстар, әсіресе, Байзақ ауданында жүйелі жүзеге асуда. Бұл ретте ауыл мектептеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың маңызы зор.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде аудандағы №1, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиялары және С.Абланов атындағы орта мектеп пен Қосақ негізгі мектебіне 369,9 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 897,7 млн теңгеге Н.Гоголь, Бурыл, Түймекент және Ш.Уәлиханов орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар аудандағы 43 мектептің ішіндегі қажеттілігі бар 37 білім ошағының ғимараты ішіне санитарлық тораптар орнатылған. Аталған білім нысандарына оқушылардың білім алуы үшін тиісті жағдай жасалған.
Қазіргі кезде өңірде өзекті болған үш ауысымды мектептердің мәселесі де ауданда шешімін тауып келеді. Биыл Бурыл ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды. Аталған нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Сол сияқты орын тапшылығы бар Қостөбе ауылындағы Қостөбе орта мектебіне де 3 оқу бөлмесін, 1 акт және 1 спорт залын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөндеу жұмысы биыл қазан айында аяқталады.
«Келесі жылы орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Шахан ауылынан 100, Сеңкібай ауылынан 100 орындық мектеп құрылысы жүргізіледі. Ал күрделі жөндеуді қажет ететін 4 орта мектепке, атап айтсақ, Амангелді, Ы.Алтынсарин, А.Суханбаев, С.Сейфуллин және К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебіне сметалық-жобалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 21 млн теңге қарастырылды. Білім беру саласын қаржыландыру көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Бұл мақсатқа биыл 14,9 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 70,2 пайызға артып отыр», дейді Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов.
Білім беруді дамыту – басты талап. Бүгінгідей білім мен ғылым саласы жаңашыл бағытта дамып жатқанда оқушылардың да сапалы білім алуы маңызды. Қазір ауданда жұмыс істеп тұрған 52 мектепке дейінгі ұйымдарда 4821 бала тәрбиеленуде. Мұнда 591 педагог жұмыс істейді. Мұның бәрі де – балаларды ерте бастан білімге тәрбиелеудің негізгі жолы. Ал қазір аудандағы 43 мектепте 20 733 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда бала саны 868-ге артқан. Биылғы оқу жылында 35 орта мектепті 848 оқушы бітіріп, оның ішінде 653 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан. Салыстырмалы түрде алғанда ауданның орташа балы 79,01 пайызды құрап, Тараз қаласынан кейін екінші орынға ие болған. Ауданның білім мекемелерін 41 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне бітірсе, 37 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. Сондай-ақ өткен оқу жылында 1 оқушы республикалық ғылыми жобалар байқауынан бірінші орынды иеленсе, 2 оқушы республикалық пән олимпиадаларынан жүлделі орындарды жеңіп алған. Ал облыстық олимпиадаға 23 оқушы жолдама алып, оның 13-і жүлде алған. Аудан бойынша бүгінде 2619 мұғалім бар. Оның ішінде 2426 мұғалім жоғары санатты мамандық иелері қатарына жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2274 мұғалімнің педагогикалық жүктемесіне жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 30 пайыз қосымша үстемақы төленуде.
Заман талабына сай бүгінде ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығы артуда. Талап үдесінен шығу үшін аудандағы 34 мектепте химия, биология, информатика және физика пәндері бойынша ағылшын тілін оқытатын сыныптар ашылған. Бұл сыныптарға ағылшын тілінің В2 деңгейдегі курсын бітірген 84 маман оқушыларға аталған пәндер бойынша сабақ береді. Ал жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияда жүргізіледі.
Сонымен қатар оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамту да – назардағы мәселенің бірі. Жергілікті бюджеттен оқулықтар сатып алуға 139,6 млн теңге бөлініп, мектептерге таратылған. Сол сияқты білім саласын цифрландыруға да тұрақты түрде көңіл бөлініп келеді. Аудандағы 43 мектептің барлығы толығымен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылған. Білім нысандары «Күнделік» жобасына және «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстары порталына қосылған. Бүгінде ауданда 4 IT сыныбы жұмыс істейді. 31 мектеп робототехника кабинетімен жабдықталған. 992 оқу кабинеті компьютермен толық қамтамасыз етілген.
«Бүгінгі таңда ауданымызда 74 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. 60 бала қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалар болса, 3 бала патронаттық тәрбиеде. Ал отбасы үлгісіндегі балалар үйінде 11 бала тәрбиеленуде. Инклюзивті білім беру бағытында 2019-2020 оқу жылында 296 мүмкіндігі шектеулі балалардың ішінде 99 бала 26 орта мектепте инклюзивті біліммен қамтылса, 39 бала арнайы сыныптарда, 158 бала аудандағы жалпы білім беретін 30 мектепте үй жағдайында оқытылуда. Аудандағы 38 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Мектебі жоқ 11 елді мекенде тұратын мектеп жасындағы 488 оқушы күнделікті тасымалданып оқытылды. Мектеп оқушыларын тасымалдауға кәсіпкерлердің меншігіндегі 8 автобус жұмылдырылған. Оған аудандық бюджеттен 14,5 млн теңге қарастырылған. Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетіне мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдау үшін 6 млн теңгеге автокөлік пен балаларға арналған құрал-жабдықтар алынды», дейді аудан әкімі Нұржан Нұржігітов.
Жалпы, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Балалардың алаңсыз білім алуына ауданда мүмкіндік бар. Мұндағы 30 мектеп типтік, 13 мектеп ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан. Аудандағы 43 мектеп пен 23 балабақшаның бәрі жүз пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Ал өткен оқу жылында Н.Киікбаев мектеп-гимназиясына 15 млн теңгеге «Ақылды мектеп» бағдарламасы енгізілген. Келесі жылы Бурыл, Н.Ақшабаев, С.Абланов орта мектептері мен Сарыкемер мектеп-гимназиясына «Ақылды мектеп» бағдарламасын енгізу жоспарлануда. Бұл да оқушылардың озық ойлы, білімді болуына мейлінше өз септігін тигізетіні анық. Сондай-ақ білім ошақтарының цифрлық инфрақұрылымын дамыту мен материалдық-техникалық базасын нығайтуға 174,4 млн теңге қарастырылған. Бөлінген қаражатқа 9 мектепке робототехника кабинеттері, жаңа модификациялық кабинеттер, 100 дана компьютер, спорттық құрал-жабдықтар мен 200 дана планшет сатып алынған. Енді күрделі жөндеу мен қосымша құрылыс жүргізілген 10 мектептің жиһаздарын жаңартуға 30 млн теңге қарастырылып, қажетті жиһаздармен жаңартылады. Жалпы, 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 1,4 млрд теңге бөлінген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 538,7 млн теңге бөлініп, Абай атындағы орта мектеп пен «Қарлығаш» балабақшасы күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ Сарыбарақ, Ақбозов, №5 орта мектептері мен «Балдырған» балабақшасына 95,3 млн теңгеге модульдік қазандықтар орнатылды. Мектептерге 17 млн теңгеге спорттық құрал-жабдықтар алынған.
Мемлекет түрлі бағдарламалар арқылы білім саласына қажетті қаражатты бөліп беріп отыр. Болашаққа салынған инвестицияның күні ертең еліміздің дамуына оң серпін беретіні анық. Әсіресе ауылды жерлердегі мектептерге көңіл бөлу, мұғалімдерді қолдау, оқушылардың лайықты деңгейде білім алуына жағдай жасау мәселелері оң шешімін табуда.
Хамит Есаман egemen.kz © egemen.kz
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз