Бердібек Сапарбаев «Тараз» ӘКК»-нің жұмысын жандандыруды тапсырды
- авторjambylinfo.kz
- 16 маусым, 2021
- 175
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Бизнеске арналған үкімет» орталығында өткен кеңесте «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-ның ағымдағы жылдың бес айында атқарған жұмыстары сараланды.
Аталған корпарацияның міндеті – республикада қабылданған жобаларды жүзеге асыру, азық-түлік бағасын бақылауда ұстау, оның көтерілуіне жол бермеу, тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жинақтап, халықты тиімді бағадағы азық-түлікпен қамтуды ұйымдастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсету болып табылады. Өзінің алғы сөзінде осылай деген аймақ басшысы негізгі міндеттерге айрықша тоқталды.
Өз кезегінде «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевқа есепті кезендегі көрсеткіштер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, инвесторлар мен кәсіпкерлерге сервистік қызмет көрсету орталығы келушілеріне 31 қызмет түрін көрсетуде. Мәселен, «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылған сегіз айда 1850 кәсіпкерге қызмет көрсетіліпті, ал оны жыл соңына дейін 2300 келушіге жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, бұған дейін берілген жобалар бойынша несиелерді қайтару жұмыстары да қолға алынған. Соңың ішінде облыс тұрғындарының табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба да бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша бағаны тұрақтандыру барысында әлеуметтік дүкендермен жасап жатқан жұмыс та назардан тыс қалған жоқ. Дегенмен, кедесіп отырған кедергілер мен кемшіліктер де бар болып шықты.
- Сіздер тек мәлімет жинап қана отыра бергенсіздер. Кәсіпкерлердің мәселелерімен танысып, барып, көрмегенсіздер. Кабинеттен шықпайсыздар, тек қағазбен ғана жұмыс істейсіздер. Бұған дейін корпарация тарапынан тың жобалар қолға алынып, лизингке тракторлар, жаңбырлатып суару қондырғылары алып беріліп, одан өзге де жақсы жобалар да қолға алынған еді. Ал қазіргі таңда корпарация тарапынан ешқандай ұсыныс түспейтін болды. Тіпті «Бизнеске арналған үкімет» орталығының жұмысын да жолға қоя алмай келесіздер. Күніне 15-20 адамға ғана кеңес берумен шектеліп қалғансыздар. Біздің бұл орталықты ашқандағы мақсатымыз кәсіпкерлерді сүйемелдей отырып, оның банктен қаржы алуына дейін көмектесу, жобасын жүзеге асыру болатын. Ал сіздер кәсіпкерлерге ертең кел, арғы күні кел деп сабылтуға үйренгенсіздер, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сонымен қатар тұрақтандыру қорының жұмысын үйлестіре алмай отырған корпарация мен ауыл шаруашылығы басқармасының да жұмысын сынға алды. Әлеуметтік дүкендерде әлеуметтік маңызға ие кейбір азық-түлік түрлері таусылып қалған. Ал күнбағыс майы болса 73 теңгеге қымбаттап кеткен. Инвестициялық жобалар да бақылаусыз қалған. Кәсіпкерлердің де қарыздары көбейген.
Қойылған сұрақтарға нақты жауап болмады. Сырғытпа жауапты облыс әкімі қабылдамады.
- Корпарацияның жұмысы өте нашар. Жоқ десе де болады. Бұдан бұрын қолға алынған жобалардың барлығы тоқтап қалған. Мен күнде қарап отырмын, сіздерге соңғы кезде кәсіпкерлер келмейтін болған. Өйткені, оларға сіздер тараптан көрсетіліп жатқан қолдау азайған. Жоба саны көп, нәтижесі жоқ. Бір сөзбен айтқанда корпарация ұйықтап қалған сияқты, - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-ның жұмысын жандандыру бойынша орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл облысында 100 келіден астам марихуана тәркіленді
- авторСадуақас Айсұлу
- 28 желтоқсан, 2024