Биыл Жамбыл ауданында жаңадан 9 инвестициялық жоба жүзеге аспақ
- авторМағжан Орынбасар
- 16 қаңтар, 2026
- 15
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында инвестиция саласына басымдық берді. «Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы. Осы бағыт бойынша Жамбыл ауданында ауқымды жұмыс атқарылуда. Мысалы биыл Жамбыл ауданында жаңадан 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Нақты айтқанда, Бірлесу-Еңбек ауылы аумағынан «Кнауф-Гипс-Тараз» ЖШС гипсокартон және құрғақ қоспаларын өндіру зауытын кеңейтуді іске асыруды қолға алуда. Іске асыру мерзімі – 2026-2027 жылдар аралығы. Осы мақсатта 28 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның құны – 14,5 миллиард теңге. Жобаның қуаты жылына 22 миллион шаршы метр гипс және гипсокартон өндіруге арналған. Осы арқылы 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Зауытты 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу көзделуде. Бұл тұрғыда инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, соның аясында электр желісі, газ құбыры жүргізілмек. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау секілді тиісті мекемелерден рұқсат алынып, құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айшабибі ауылдық округінің Әулиекөл ауылы аумағынан «KEGOC» акционерлік қоғамы электр стансасын салуда. 7 миллиард теңгелік жоба ПС500/220/10кВ қуатында жұмыс істейді. осы арқылы 10 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге электр стансасын кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Өткен жылы тиісті трансформатор құрылғылары сатып алынған болатын. Осы ауыл аумағынан «Juru-Masdar» (Abu Dhabi future energy company) компаниясы 25 шақырым әуе электр желісін жүргізуді жоспарлауда. Жоба 2026 жылдың 1 тоқсанында басталып, 2027 жылдың басында аяқталады. Жобаның құны – 10 миллиард теңге. Жұмыс орны – 40 адам. Осы серіктестік Талас және Сарысу аудандарында желден қуат алатын электр қондырғыларын орнатқан. Әулиекөл ауылы аумағында орналасқан «КEGOC» акционерлік қоғамының 500кВ қосалқы стансасына осыны қосу көзделуде. Сол сияқты Айшабибі ауылдық округінде «ГЭС МЫРЗАТАЙ» ЖШС бу-газ қондырғыларын өндіру зауытын іске қосуды жоспарлауда. Құны 30 миллиард теңгелік бу-газ жобасының қуаты 50 МВт-дан басталып, кейін 200 МВт-ға дейін ұлғайтылмақ. 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілген жоба үшін бүгінде аудан әкімдігі тарапынан 7 гектар жер бөлініп, өндіріс аймағында барлау-бұрғылау жұмыстары жүруде. Осы ауылдық округте «Dostar brendfish» ЖШС балықшаруашылығын ашуды ойластыруда. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Қуаты жылына 50 тонна балық өсіруге негізделген. 5 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге тиісті жер телімі берілді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Гродеково ауылында да «Әмір» жеке кәсіпкерлігі балықшаруашылығын ашудың қамын жасады. 120 миллион теңгені құрайтын жоба аясында жылына 60 тонна балық өсіру көзделген. Мұнда да 5 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Бүгінгі күнге кәсіпкер тиісті жер телімін алып, бассейнді салумен айналысуда. Ақбастау ауылдық округінде «Еркежан» шаруа қожалығы балықшаруашылығын ашпақшы. Жоба құны – 300 миллион теңге. Қуаты жылына 40 тонна балық өсіру жобасы бойынша 5 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге тиісті жер телімі берілді. Айшабибі ауылдық округінде «БАМ Холдинг» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын салмақшы. Құны 800 миллион теңгеге бағаланған жоба шеңберінде бес адам жұмыспен қамтылатын болады. Қуаты жылына 5000 тонна көкөніс сақтауға арналған. Қазір кәсіпкер тиісті жер телімін алып, құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысуда. Сол секілді «Дауымбаев Омархан» жеке кәсіпкерлігі жолаушыларға қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлауда. 1 миллиард теңгелік жоба барысында жылына 25 мың келуші қабылданатын болады. Осы арқылы 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі күнге тиісті жер телімі алынды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде.




