Биыл Жамбылда 30 мыңнан астам әлеуметтік мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетілді
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 15:14
- 45
Бұл форматта әлеуметтік төлемдер азаматтың өтінішінсіз, SMS-хабарлама арқылы автоматты түрде тағайындалады. Ағымдағы жылдың 11 айында өңірде барлығы 31 375 әлеуметтік қызмет проактивті түрде көрсетілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ең көп көрсеткіш Тараз қаласына тиесілі – 12 421 қызмет. Оның ішінде 2 мыңнан астам адам көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны рәсімдесе, 683 әйел «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегерлері ретінде төлем алды.
«Қызметті проактивті форматта алу үшін 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарламадағы бірнеше сұраққа жауап беру жеткілікті. Қажетті мәліметтердің барлығы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынады. Бұл ретте қызмет алушының телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы маңызды», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.
Айта кетейік, бүгінде әлеуметтік төлемдердің 15-ке жуық түрін проактивті форматта алуға болады. Олардың қатарында:
• бала тууына және 1,5 жасқа дейінгі күтіміне арналған жәрдемақы;
• «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы;
• мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
• асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы;
• көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы;
• еңбекке қабілеттілігінен айырылу, жұмысынан айырылу жағдайларына байланысты әлеуметтік төлемдер және басқа да төлемдер.





