Былтыр Жамбыл облысының экономикалық өсімі 8,9 пайызды құрады
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 11:56
- 154
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбатында ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, әлеуметтік-экономикалық реформалардың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру екенін жеткізген болатын. Осы орайда Әулиета өңірі үшін өткен жыл табыссыз болған жоқ. Оны қолда бар деректерден аңғаруға болады. Мәселен, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 триллион 550,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Ал жыл қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 108,9 пайыз болған. Алайда кейбір салалар бойынша өсім қарқынының көңіл көншітпеуі осы істің басы-қасында жүргендерді алаңдатуы тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде нақ осы мәселе назарға алынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жиында облыстың 2025 жылғы қаңтар мен желтоқсан айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды. Алғашқы болып облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Салтанат Абдралиеваның баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, экономикалық өсім базалық салалардағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етіліпті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,6 пайызға өссе, құрылыс саласында өсім 14,4 пайызды құраған. Байланыс саласында көрсеткіш 10,1 пайызға жетіп, көлік саласында 3,1 пайыз өсім тіркелген. Ауылшаруашылығында өндіріс көлемі 2,1 пайызға артса, сауда саласында өсім 0,5 пайыз деңгейінде қалыптасқан екен.
– Үкімет тарапынан 2025 жылға белгіленген экономикалық өсім жоспары кейбір салаларда толық орындалған жоқ. Ауылшаруашылығында жоспар 103,3 пайыз болса, нақты нәтиже 102,1 пайызды құрап, 1,2 пайыздық тармаққа төмен қалыптасты. Сауда саласында жоспарланған 114,2 пайыздың орнына нақты өсім 100,5 пайыз болып, жоспар 13,7 пайыздық тармаққа орындалмады. Өнеркәсіп саласында есепті кезеңде облыс кәсіпорындары 1,3 триллион теңгенің өнімін өндіріп, өсім 15,6 пайызды құрап, республика өңірлері арасында облыс төртінші орынға шықты. Бұл көрсеткіш тау кен өндіру саласында өндіріс көлемінің 32,4 пайызға артуы есебінен қалыптасты. Аталған салада 256,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 12,8 пайызға өсіп, 834,6 миллиард теңгеге жетті. Электрмен жабдықтау саласында өсім 6,9 пайыз болып, өнім көлемі 242,7 миллиард теңгені құрады. Сумен жабдықтау саласында өндіріс көлемі 2,5 пайызға артып, 9,1 миллиард теңге болды. Жалпы өнеркәсіп құрылымындағы негізгі үлесті алатын өңдеу өнеркәсібінде 834,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға артты. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында бесінші орынға жайғасты. Өсім химия, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу және машина жасау салаларындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар металлургия саласында өндіріс көлемі 7,3 пайызға төмендеді. Бұл әлемдік нарықтағы ферроқорытпа бағасының тұрақсыздығына және шикізат тапшылығына байланысты қалыптасты, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.
Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы көтерме сауда көлемінің 98,1 пайыз деңгейінде қалыптасып, жоспарлы көрсеткіштің орындалмай отырғанына назар аударды. Аймақ басшысы осы мәселеге байланысты облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтан көрсеткіштің не себепті төмендегенін сұрады.
– 2023 жылдан бері «Тараз металлургия зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ферросиликомарганец өндірісі тоқтап тұр. Зауыттың қазіргі жағдайы мен алдағы болашағы қандай? Одан бөлек металлургия саласында өндірістік көрсеткіштердің төмендеуіне әсер етіп отырған негізгі факторлар жөнінде не айтасыз? Сонымен бірге алтын өндіру саласы бойынша нақты өндіріс көлемі, жоспар мен орындалу жайы да толық ақпарат беруді қажет етеді. Қант өндірісінің қазіргі жағдайы да назарға аларлық мәселе. Зауыттардың жұмысы, өңделіп жатқан өнім көлемі қандай? Алдағы кезеңге жоспар қалай қалыптасуда? – деді Е.Шырақпайұлы.
Аспандияр Мұраталыұлының айтуынша, көтерме сауда көрсеткішінің төмендеуіне шағын және орта бизнесті қаржыландыру тетігінің бір жарым жылға жуық уақыттан бері тоқтап тұруы негізгі себеп болған. Соның салдарынан кәсіпкерлер айналым қаражатына қол жеткізе алмай, соңғы екі жылда сауда мен қызмет көрсету саласында өсім болмапты. Сол себепті шағын және орта бизнесті қолдау үшін биыл 5-6 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастыру қажеттілігі туындап отыр екен.
– Қазіргі таңда «Тараз металлургия зауытында» тек электронды масса өндірісі жүргізілуде. Былтыр зауытта 18,5 мың тонна өнім өндірілді, 2026 жылға арналған жоспар 28,5 мың тоннаны құрайды. Металлургия саласындағы жалпы көрсеткіштің төмендеуіне алтын өндірісінің азаюы әсер етті. Өткен кезеңде 130 келі алтын кем өндірілді. «Ақбақай» кен орнында есепті кезеңде 1 200 000 тонна кен өндірілді. Осы жылы бұл көрсеткіш 1 400 000 тоннаға жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Алайда кен құрамындағы алтын мөлшері төмендеген. Егер 2025 жылы 1 тонна кеннен 957 келі өнім алынған болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 733 келіні құрап отыр. Осыған байланысты 1 тоқсанның соңында кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіліп, кен құрамын арттыру мәселесі қаралады. Сол секілді цемент алынатын шикізат, яғни клинкер өндірісі 1,9 пайызға төмендеді. Себебі клинкер цемент өндіруге арналған негізгі шикізат болғандықтан кәсіпорын оны тек өз қажеттілігі үшін ғана өндіріп отыр. Облыс бойынша барлығы 43 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Бұл салада 39 000 адам еңбек етеді. Әр бейсенбі сайын өндірістік жағдайға мониторинг жүргізіледі. Барлық кәсіпорындардың өндіріс көлемі апта сайын талданып отырады. «Меркі қант зауыты» ЖШС бойынша баяндасам, қазіргі таңда кәсіпорын қант қызылшасының соңғы көлемін өңдеп жатыр. Сәуір айынан бастап сырттан келген шикізатты өңдеп беру әдісі арқылы өңдеу жұмыстары басталады деп болжануда. Бұл Тараз қаласында өндірілген 72 000-75 000 тонна қант көлемін толық жабуға мүмкіндік береді. Екі зауыт та осы бағытта бірлесіп жұмыс істейді. Минералды тыңайтқыш өндірісі өткен жылы 53 000 тоннаны құрады. Биылғы болжам 65 000 тонна деңгейінде. Қазіргі газ көлемінің төмендеуі шамамен 2 500 тонна өнімнің қысқаруына әсер етуі мүмкін. Бұл мәселе бақылауда тұр және қажет болған жағдайда тиісті министрлікпен қосымша келіссөздер жүргізіледі, – деді А.Сейсебаев.
Мұнан соң облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек облыстық бюджеттің жыл ішінде орындалуы жөнінде баяндады. Сонымен қатар облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев, Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев пен Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді.
Аймақ басшысы жиын қорытындысы бойынша көрсеткіші төмен қалыптасқан бірқатар аудан әкімдері мен салаға жауапты орынбасарлардан жауап алып, жұмысты жандандыруды тапсырды. Шаруаны шатқаяқтатқан кейбір жауаптыларға шара қолданылатын болды.





