сәрсенбі, 23 қазан, 2024 22:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысына 85 жыл: Жуалы ауданының мәдениет күндері өтті

Жамбыл облысына 85 жыл: Жуалы ауданының мәдениет күндері өтті
фото - ашық дереккөзден
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы қатысты

Облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай жуырда Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында «Мәдениет – асыл қазынам!» атты ауданның мәдениет күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыдан 85 жыл бұрын қасиетті Әулиеата өңірінің аумағында облыстың әкімшілік орталығы ретінде Жамбыл облысы құрылғаны белгілі.

Облыстың құрылғанына 85 жыл толуына орай жуырда Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында «Мәдениет – асыл қазынам!» атты ауданның мәдениет күні ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара басталмас бұрын орталық стадионның әр алаңында тақырыптық көрмелер жасақталып, келген қонақтардың назарына ұсынылды. Мысалы, стадионның кіреберісінде «Ертегілер әлемі» балалар ойын алаңы орналасқан. Сонымен бірге «Ұлттық ойын жас ұрпақты шыңдайды» алаңында тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, бес тас және тағы да басқа ұлттық ойын түрлерінің шеберлері өнер көрсетті. Ал «Тойға шашу» алаңында қазақ халқының ұлттық тағамдары дайындалып, салт-дәстүрлеріміз көрініс тапты. Одан арырақта Тараз қаласының тарихына арналған тақырыптық көрме назарға ұсынылды. Сондай-ақ «Жуалылықтар тұғыр биігінде» көрмесінде де қасиетті өңірден шыққан танымал тұлғалардың фотосуреттері қойылып, олардың өмір және еңбек жолдары таныстырылды.

Мерейтойдың негізгі бөлімі басталмас бұрын облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, тағы да басқа қонақтар орталық алаңда жасақталған тақырыптық көрмелерді, сонымен қатар аудандық тарихи-өлкетану музейінің, Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің және Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей үйінің жәдігерлерін қызыға тамашалады. Айта кетсек, Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясында өңірдің тарихына, жергілікі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, басқа да айтулы даталарға, генералдардың еңбек жолдарына байланысты жинақталған құнды жәдігерлер бар. Б.Момышұлы мемориалдық музейі мен Ш.Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйінен әкелінген жәдігерлер де келушілердің қызығушылығын тудырды.

Сүйіншілеп айта кететін жағымды жаңалық, облыстың 85 жылдық мерейтойына орай «Жуалы» тарихи-танымдық энциклопедиясы жарық көргелі отыр. Танымдық кітаптың құрастырушысы – танымал жазушы Доқтырхан Тұрлыбек туындының алғашқы сүйінші данасымен таныстырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев кітаптың тұсауын кесіп, ізгі тілегін арнады. Өз кезегінде Доқтырхан Тұрлыбек туындыны құрастыру кезінде ауданның тарихына қатысты және еңбегі еленбей жүрген бірқатар ғалымды іздеп тауып, кітапқа енгізгендерін айтты.

Ал мерекелік іс-шараны Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөзбен ашты.

Мәдениет күні ары қарай өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Онда алғаш болып «Қызғалдақ» ән-би ансамблі мен «Бөкейтау» вокалды-аспаптық ансамблі бірлесіп халық күйлерінен попурри орындаса, ары қарай айтыскер ақын Қанат Мырзахан «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» арнау өлеңін қара домбырамен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Одан бөлек танымал өнерпаздардан «Музарт-Лайф» тобының әншілері, облыстық филармонияның әншілері Жанна Асанқұлова мен Әскербек Досанов, Жазира Сметова «Ұлы дала», «Қызғанамын», «Өмір, өмір!» және тағы басқа әуезді әндерді әуелетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жуалы ауданының мәдениет күні ары қарай ат спорты ойындарымен, басқа да танымдық іс-шаралармен жалғасты.

Бір сөзбен айтқанда, облыстың мерейтойына арналған мерекелік іс-шара батыр бабалардың рухын асқақтатып, аудан тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлаған айтулы шараның бірі болғаны анық.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар