Еңбек қатынастары заңмен реттелуі керек
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Аймақ басшысы жұмыскерлердің жалақыларын уақтылы алуы, құқықтарының қорғалуы қашан да маңызды екенін баса айтты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов аймақта ағымдағы және мерзімі өткен ресми жалақы қарыздары жоқ екендігін тілге тиек етті.
- Бұл бағытта прокуратура және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп атқарған шаралардың нәтижесінде жыл басынан 266,3 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталып, бүгінгі таңда олар толығымен жойылды. Нәтижесінде 1533 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды, -деді басқарма басшысы.Сондай-ақ баяндамашы әлеуметтік әріптестермен бірлесе атқарған шаралардың нәтижесінде ұжымдық шарттар қабылдау жұмыстарының көрсеткіші 99,6 пайызға жеткізілгенін, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бағытында да нәтиже бар екенін хабарлады. Мәселен, 208 тойхананың, 74 кафе-мейрамхананың, 126 дүкеннің және 64 шаруа қожалықтың жұмыскерлерімен еңбек шарттары жасалған. Жиында Бердібек Сапарбаев мұғалімдер жалақысының кешіктіріліп төленуіне байланысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовты сынға алды.
«Білім басқармасы әрбір мектептегі ахуалды бақылауда ұстап отыруы керек. Жалақыға қатысты мәселе туындағанда алдын ала дабыл қағу керек еді»,- деді облыс әкімі.Комиссия отырысында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Сәдубаев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты ойларымен бөлісті. Бейнебайланыс арқылы Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің жергілікті жердегі ахуалға қатысты есебі тыңдалды. Аймақ басшысы еңбек қатынастарын заңды түрде жүргізу, жалақыларды уақтылы төлеу әрі оның мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жамбыл жаңалықтар
Жамбылда 8 мәдениет нысаны ел игілігіне беріледі
- авторМағжан Орынбасар
- 14 қараша, 2024