сейсенбі, 15 шілде, 2025 12:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Еңбек пен өлеңнің үндестігі: Жанаргүлдің шынайы бейнесі

Еңбек пен өлеңнің үндестігі: Жанаргүлдің шынайы бейнесі
Ашық дереккөз
Ол таңмен таласа тұрып, сары сыпырғышын қолына алып, Тараз көшелерін тазалауға шығады. Жирен түсті кеудеше мен жұмыс күртешесі – оның күнделікті формасы, ал адал еңбек – өмірлік ұстанымы.

Жанаргүл Бекбау – Тараз қаласындағы «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жол тазалығын сақтау шебері болып еңбек етеді. Жуырда Jambylinfo.kz тілшісі кейіпкерімізбен арнайы жолығып, сұхбаттасып қайтқан еді.

Қарамағында оншақты қызметкері бар, бәрі бірігіп таңның атысынан күннің батысына дейін қала көшелерінің көркін келтіруге атсалысады.

Ол – жай ғана көше сыпырушы емес. Оның жан дүниесі – табиғатпен тілдесіп, өлеңмен сырласатын поэтикалық әлем. Жанаргүлдің табиғатқа деген махаббаты тек көше тазалаудан емес, өлең-жырларынан да анық сезіледі. Ол табиғаттың төрт мезгілін бөліп-жармайды. Жаңбырлы күзде – мұңын, шіліңгір жазда – шаттығын табады. Қыстың қаһары мен көктемнің нәзіктігі – оның жырына арқау.

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында 1977 жылы дүниеге келген Жанаргүл Бекбау Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану-география» факультетін географ-эколог мамандығы бойынша тәмамдаған. Көпшілік көше сыпырушыны "оқымаған, білімі жоқ" деп ойлауы мүмкін. Алайда Жанаргүл – жоғары білімі бар, өз таңдауымен осы салаға келген сауатты азаматша.

Жұмысын ешқашан ауырсынбайды. Қыста – қар, жазда – шаң. Бірақ ол бұл еңбекті парыз деп біледі. Маңдай термен келетін адал нанның дәмі – оның ар-ожданымен ұштасқан ұлы құндылық.

Ол тек еңбек адамы ғана емес, қалам ұстаған қаламгер. Шығармашылығы сан қырлы – өлең жазады, проза мен сыни мақалаларға қалам тербейді, тіпті қырғыз тілінен аударма жасайды. Түркияның «Анадолы Рюзгар» атты халықаралық поэзия жинағына өлеңдері енген ақынның жырларында нәзіктік пен шындықтың үйлесімі бар. Оның «Ақындығым – бақытым» деп аталатын өлеңінен мына жолдар жүрекке терең бойлайды:

«Жүрегімнің түбіндегі жыр-теңіз,
Тамшы мұңнан жырларымды құрадым...»

Осылайша Жанаргүл өмірдің әр сәтінен шабыт тауып, жанын жырмен емдейді. Әлеуметтік желілерде де белсенді. Әсіресе Facebook парақшасында оқырмандарына ой тастап, өмірге, қоғамға қатысты тұшымды пікірлер айтып отырады. Еркін стилі мен ой ұшқырлығы арқылы көптің ықыласына ие болған.

Бүгінде Жанаргүл Толашқызы төрт баланың анасы. Жолдасы – ІІ топтағы мүгедек. Отбасындағы қиындықтарға мойымай, жарын сүйеу етіп, балаларын қанаттыға қақтырмай өсіріп отыр. Күнделікті қиындықтарға қарамастан, ол үнемі алға ұмтылады, отбасына берілген махаббаты мен жауапкершілігі арқылы жан-жақты қолдау көрсетеді. Қолы қалт еткенде ақынжанды достарымен желіде шаппа-шап айтысып, рухани әлемін кеңейтеді. Оның арманы – жырларын жеке кітап етіп шығару. Осы мақсатқа жетуге әдебиетке жанашыр жандардың, демеушілердің көмегі болса, шын ниетпен қабыл алмақ.

Жанаргүл – көше сыпырушы ғана емес, адам жанына шуақ шашар ақын. Оның өмірі – адал еңбек пен руханияттың жарқын көрінісі. Осындай адамдар – қоғамның тыныс-тіршілігін тіреп тұрған нағыз қаһармандар. Олар күнделікті қарапайым тіршілік арқылы да үлкен әсер қалдырады, өзгелерге үлгі болады. Жанаргүлдің табандылығы мен мейірімі – ерік-жігердің, арман мен үміттің айнасы.

Қиындыққа төтеп беріп, шығармашылық пен еңбекті қатар алып жүре білуі – заманауи әйелдің бейнесі. Ол өз өмірінің әр сәтін мәнді етіп, жүрегіндегі мейірім мен шабытты айналасына таратуда. Осындай жанның артында қоғамның даму жолындағы үлкен күш пен үміт жатқанын ұмытпау керек.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар