сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 21:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ең маңыздысы – медициналық қызметтің сапасын арттыру

Ең маңыздысы – медициналық қызметтің сапасын арттыру
ашық дереккөзі
Ең маңыздысы – медициналық қызметтің сапасын арттыру

Облыстық перинаталдық орталықта облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалығымен алқа мәжілісі өтті. Жиында денсаулық сақтау саласында 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы міндеттер жан-жақты талқыланды.

Алқа мәжілісін ашқан Ержан Жұматұлы өткен жыл денсаулық сақтау саласына үлкен салмақ салғанын, дегенмен мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста біршама жұмыс атқарылғанын атап өтті. Сондай-ақ медициналық қызметтің сапасына, пандемияға байланысты 2020 жылы туындаған бірқатар олқылықтардың орнын толтыру керек екенін баса айтты.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау саласының 2020 жылғы жалпы бюджеті 97,1 миллиард теңгені құраған. Облыста 387 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетсе, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 943,1 миллион теңгеге 10 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары, 45,4 миллион теңгеге 4 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Құны 13,9 миллиард теңгені құрайтын 200 төсек орындық онкологиялық диспансердің құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Әсет Қалиев денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше мән берілгенін атап өтті.

–Өткен жылы 3,9 миллиард теңге қаржы бөлініп, 582 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Одан басқа, республикалық бюджет қаражаты есебінен 53 өкпені жасанды желдету аппараты, шалғай жатқан елді мекендегі тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 8 жылжымалы медициналық кешен және 18 дана санитарлық автокөлік берілді. Сонымен қатар қосымша қаржы лизингі шарттарымен 176,4 миллион теңгеге 65 дана санитариялық автокөлік облыстық жедел жәрдем стансасына сатып алынды. Нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 85,19 пайызды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 6,4 миллиард теңгеге дәрілік заттар жеткізілді.

Облыс бойынша барлығы 14527 медицина қызметкері бар. Сондай-ақ мемлекеттік ұйымдарда 12425 медицина қызметкері, жекеменшік ұйымдарда  2102 медицина қызметкері еңбек етуде.  Бүгінгі күні облысқа 196 жас маман келсе, 2019 жылы 133 маман келген болатын. Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 94 маманға 800,0 мың теңге көтерме жәрдемақы бөлініп, оның 82-не берілді. 2020 жылы келген 23 жас маман тұрғын-жаймен қамтамасыз етілді.

Медициналық көмектің сапасына мамандармен қамтамасыз ету көрсеткіші тікелей байланысты. Облыста медицина саласындағы маман тапшылығын шешу бағыты бойынша біршама жұмыстар атқарылды,–деді Ә.Қалиев.

Мұнан кейін басқарма басшысы медициналық қызметтің сапасына тоқталды. Өткен жылы денсаулық сақтау басқармасына 2020 жылдың 11 айының қортындысымен жеке және заңды тұлғалардан барлығы 1180 өтініш-арыз тіркелген. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының тарапына –  7, «Үміт» балалар үйіне – 1, облыстық психикалық денсаулық орталығына-5, облыстық фтизипульмонология орталығына – 2, облыстық көпбейінді ауруханағаа – 10, облыстық жедел жәрдем стансасына -5, қалалық көп бейінді ауруханасының тарапынан -15 арыз-шағым түскен.

Мемлекеттік бағдарламамен көзделген 4 нысаналы индикатор және 21 нәтижелі көрсеткіш, 38 іс-шара қарастырылған. 2020 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Алайда 2020 жылдың қорытындысымен 2 көрсеткішке қол жеткізілмеген.

– Денсаулық сақтау саласы - әлеуметтік маңызы бар салалардың ішіндегі үлкен бағыттардың бірі. Коронавирус індеті денсаулық сақтау саласына ғана емес, барлық салаға әсерін тигізді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-2019 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резерві есебінен ағымдағы іс-шараларды өткізуге 1053,3 миллион теңге, облыс әкімдігінің резервінен 1884,9 миллион теңге қаржы бөлініп, медицина қызметкерлерінің биологиялық қауіпсіздігіне, медициналық ұйымдарды жарақтандыруға, медициналық қызметкерлердің жатын орны мен тамақтануын ұйымдастыруына және әлеуметтік төлемдеріне және тағы да басқа қажеттіліктерге жұмсалды.

Індеттің таралуының 2-ші толқынына дайындыққа облыс бойынша 2 530 төсек  қоры дайындалды. Резерв ретінде 2000 төсек қоры қосымша жасақталып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Жалпы жоспарланып отырған 4530 төсек орын жұмылдырылған жағдайда 7065 медицина қызметкерлері тартылады деп жоспарлануда. Жалпы COVID-2019 індетімен 5388 жағдай тіркеліп, оның ішінде 4999  азамат сауығып шықты. Өкінішке қарай 63 науқас қайтыс болды.

Індетпен ауырған науқастарды сауықтыру-қалпына келтіру мақсатында «Атлетик» спорт кешенінен 120 орынға арналған реабилитациялық орталығы ашылып, өз жұмысын атқаруда. Бүгінгі күнге 585 тұлға емделіп шықты,–дейді Ә.Қалиев.

Жиын барысында Е.Жылқыбаев артылған жауапкершілік жүгін жіті сезінбеген, бекітілген индикаторларды орындамаған бас дәрігелердің жеке-жеке есебін тыңдап, алдағы уақытта кемшілікке жол бергендерге нақты шаралар қолданылатынын жеткізді.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар