сәрсенбі, 31 желтоқсан, 2025 12:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады

Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады
Жамбыл облысының әкімдігі
Жиында бірқатар мәселе айтылды

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес 30 желтоқсан күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі нәтижелерді атап өтті. 

Биыл облыста ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 485,4 млрд теңгеге жетті. Егістік алқабы 640 мың гектарды құрап, 3,3 млн тонна өнім жиналды. Оның ішінде 230 мың тонна қант қызылшасы өндірілді.

Ауыл шаруашылығы саласында 858 бірлік техника сатып алынып, техниканы жаңғырту деңгейі 6,3 пайызға жетті. Тірі салмақта ет өндіру көлемі 2,2 пайызға, сүт өндіру 1,7 пайызға артты. Сонымен қатар 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды. Оның ішінде 410 мың тонна пияз Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдеріне жөнелтілді. Пиязды сыртқы нарыққа шығару бойынша Жамбыл облысы республикада көшбасшы өңірлердің қатарында.

Пайдаланылмай жатқан 61,8 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 3,2 млрд теңгеге 437 жоба қаржыландырылды. 

Ербол Қарашөкеев Т. Рысқұлов ауыл шаруашылығына бейім, егістік алқапқа бай әрі көлік және туризм салаларын дамытуға әлеуеті жоғары аудан екенін атап өтті.

– 2026 жылғы вегетациялық кезең оңай болмайды. Сондықтан егістік алқаптарын әртараптандыру, жерасты суын тиімді пайдалану, ұңғымалар қазу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет. Бұл бағытта барлық мүмкіндік бар. Өңірде су үнемдеу технологияларына қажетті құрал-жабдықтар шығаратын төрт зауыт жұмыс істейді. Сол себепті келесі жылдан бастап су үнемдеу технологияларына жаппай көшуге тиіспіз. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ауданда туризм саласын дамыту мақсатында көрші өңірлердің озық тәжірибесіне сүйене отырып, нақты әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.

Кездесу барысында аудан әкімінің баяндамасы тыңдалып, құландықтардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштері айтылды. 

Облыс әкімі көтерілген мәселелерге қолданыстағы заңнама аясында жауап беріп, айтылған ұсыныстар жұмыс барысында ескерілетінін жеткізді. 

Жиын қорытындысында аудан әкімдігіне тұрғындардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты міндеттер жүктелді. 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар