«ЕвроХим-Қазақстан»: өнеркәсіп пен әлеуметтік дамудың серіктесі
- авторСадуақас Айсұлу
- 8 тамыз, 2025
- 526
Компаниядан бөлінетін қаржы білім беру, денсаулық сақтау, көлік және өзге де маңызды бағыттарға бағытталып отыр. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында айтылды.
Журналистер алдымен «ЕвроХим-Қазақстан» зауытының жаңадан бой көтеріп жатқан қос нысанына ат басын бұрды. Кәсіпорын елдегі минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын ең ірі жобалардың бірін жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асады.
Жоба 2016 жылы іске қосылған тау-кен байыту комбинаты фосфорит концентратын өндіреді, 2025 жылдың соңында аяқталғалы отырған күкірт қышқылы цехы және 2026 жылы іске қосылатын фосфориттерді өңдеудің инновациялық технологияларын қолданатын химия зауыты сынды үш ауұымды кезеңнен тұрады. Жоспарланған өндірістік қуат жылына 1 млн тонна өнімді құрайды. Кешен экологиялық қауіпсіз технологиялармен жабдықталып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды, оның 80%-ын жергілікті мамандар иеленген. Барлық зауыттар бірыңғай тізбекке біріктіріліп, дикальцийфосфат, калий сульфаты, кальций хлориді және синтетикалық гипс сияқты стратегиялық өнімдер шығарады. Бұл әлемде тұңғыш рет іске асырылатын шикізаттан дайын тыңайтқышқа дейінгі толық циклды өндіріс.
«Бүгінде тұрақты даму өнеркәсіптік өсім мен әлеуметтік жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтамай мүмкін емес. Дүние жүзінде ірі кәсіпорындар барған сайын тек экономикалық емес, сонымен бірге қоғамдық міндеттемелерді де өз мойнына алып, қызметкерлері, серіктестері және болашақ ұрпақтары өмір сүретін ортаны қалыптастыруға атсалысуда. Біз де бұл үрдістен тыс емеспіз», – деді «ЕвроХим» компаниясының Қазақстандағы бас директоры Георгиади Игорь Юрьевич.
Ерекше атап өтетін жайт, компания өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 27 млн АҚШ долларынан астам қаржы бөлген. Бұл қаражат Сарысу және Талас аудандарында, сондай-ақ Тараз қаласында мектептер, спорт залдары, медицина пункттері, мәдениет үйлері және өмірді қамтамасыз ететін нысандар салуға және жөндеуге жұмсалды. Жолдар жаңартылып, инженерлік желілер қайта тартылды. Сонымен қатар, «ЕвроХим» өз қаражаты есебінен денсаулық сақтау мекемелерін жабдықтап, көпбалалы отбасыларға, ардагерлер мен әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетеді. Реанимобильдер сатып алып, мүмкіндігі шектеулі балалар орталықтарын Монтессори жабдықтарымен қамтамасыз етеді, қысқы бораннан зардап шеккен ауылдардың қатынасын қалпына келтіруге көмектеседі. Компания жас мамандарды шетелде оқытып, қызметкерлер мен олардың балаларын шипажайлар мен жазғы лагерьлерге жібереді, өңірдің заманауи индустрияға қосылуына және тұрғындардың өмір сапасының артуына ықпал етеді.
Атап өту керек, «ЕвроХим» АҚ – минералды тыңайтқыштардың жетекші өндірушілерінің бірі. Соңғы 10 жылда өз өндірістерін дамытуға инвестиция көлемі 11 млрд АҚШ долларынан асты. Компанияға тиесілі кәсіпорындардың өнімдері әлемнің 100-ден астам еліне жеткізіледі, «ЕвроХим» тыңайтқыштары 250 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





