Алдағы бес жылда облыста таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы төрт қалада 394 мың тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. – Қалған қала тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін Тараз қаласында 6 жоба, Шу қаласында 8 жоба әзірленуде. Жалпы, жобалар құны 9 миллиард теңгені құрайды, – деді Қ.Қорғанбаев. Ал, облыстың ауылдық елді мекендеріндегі тұрғындардың 75 пайыздан астамы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Жыл басынан бері 9 елді мекенде тұратын 13 мың 100 адам орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізген. Ағымдағы жылы, 50 ауыз сумен жабдықтау нысанының құрылысына 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. – Өткен жылмен салыстырғанда ауызсумен қамту саласындағы жұмыстардың көлемі 2,5 есеге артып отыр. 30 елді мекенде жаңа ауызсу құбырлары салынып, 10 ауылда қолданыстағы су құбырлары жөнделуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 75,2-ден 82,8 пайызға жетеді, – деді Қ.Қорғанбаев. Сондай-ақ, халық саны 200-ге дейінгі 36 елді мекенде суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату көзделуде. 78 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етудің 2021-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленген. Қазіргі уақытта 39 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жалпы, өңірлік жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін облыстағы қала және ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, Құдайберген Қорғанбаев әзірленіп жатқан жобаларды Үкімет жедел түрде қаржыландыруды қолдаса, елді мекен тұрғындарын толық ауызсумен қамту деңгейін 2023 жылы аяқтауға мүмкіндік бар екендігін айтып өтті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз