сенбі, 23 қараша, 2024 4:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кенен Әзірбаев мұражайына жылына 5 мыңнан астам адам келеді

Кенен Әзірбаев мұражайына жылына 5 мыңнан астам адам келеді
ашық дереккөзі
Кенен Әзірбаев мұражайына жылына 5 мыңнан астам адам келеді
Жақында облыс әкімінің бастамасымен «Үлгілі ауыл» өңірлік байқауы жарияланып, оған әр ауданнан бір-бір ауылдан қатысқан болатын. Қордай ауданынан үмітті деп Кенен ауылы таңдалып, бүгінде бағын сынауда. Ауылдың экономикасының өсуі, тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі, жастардың білімі мен тәртібі, ауыл тазалығы мен мәдениеті, бұқаралық спорттың дамуы, ауыл жұртының бос уақытын тиімді пайдалануы мен ақсақалдардың белсенділігі сынға түскен байқаудың қорытындыланар уағына шақ қалды. Байқаудың нәтижесін шығару үшін облыстан арнайы жұмысшы топ құрылып, олар әр ауданнан сынға түскен ауылдарды аралауда. Жұмысшы топ бүгін Кенен ауылына ат басын бұрды. Ел арасында киелі ауыл атанған Кенен үлгілі ауылға әбден лайықты десек артық айтпаспыз. Өнерлі ауылдың бір-бірімен туғанындай араласатын тұрғындарының ауызбіршілігі әрдайым ел аузында. Қазақи дәстүрді жоғалтпай, салтын сақтаған ауылдардың бірегейі. Табиғатына сән берген Қордай асуының етегі мен таза ауасы. Ауылдың киелілігін Алатаудың ақиығы ұзақ ауырып жатып, Отардан осы ауылға көшіп келгенде дереу сырқаттан жазылғандығынан аңғаруға болады. Ол жайында ақын өз өлеңінде: -Үкімет еңбегімді бағалады, Үй салдырды Қордайдан шағалалы. Көшіп келіп Отардан кіргеннен соң, Денсаулықтың нышаны жағалады. Қордайдың айналайын жерінен де, Тұнық су, қоңыр салқын желінен де, – деп ауылдың табиғаты, соққан желі ем болғанын жырлайды. Бүгінде киелі ауылдың тұрғындары мал шаруашылығы мен егінді кәсіп еткен. Жазды күні жайлауда, қысты күні қойлы ауылда қойын бағып, егінін орып, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына қомақты үлесін қосуда. Мұнда ауыл тұрғындарына қажеттінің бәрі бар. Салынғанына көп болмаған су жаңа екі қабатты мектеп, көздің жауын алатын ауылдық мәдениет үйі. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іске қосылған балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы. Спорттық алаңдар мен жаңа салынған ауылдық амбулатория және ақын атаның мұражайы тағы бар. Көп ұзамай кенендіктер «көгілдір отынның» қызығын көрмек. Бүгінде газдың ауылішілік желілері тартылып тасталған. Сондай-ақ, жаңа ауыз су жүйесі жүргізілуде. Осылайша үлгілі болуға үмітті ауылға келген облыстық жұмысшы топ әуелі Кенен Әзірбаевтың мұражайына бас сұқты. Бұл бұрыннан қалыптасқан дүние. Мұражайға алыс-жақыннан жылына бес мыңнан астам адам келеді. Жұмысшы топты бастап келген облыстық мәслихат депутаты Масат Берік ақын мұражайына кіріп, ақын жайлы тың деректерге қанық болып, мұражай тарихымен танысты. Төрт гектарды алып жатқан мұражай аумағына әр түрлі ағаштар отырғызылып, бүгінде ауылдың көрікті жеріне айналған. Осыдан кейін, арнайы бағалауға келген жұмысшы топ төрт топқа бөлініп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Яғни, әлеуметтік салаларды дамыту тобы ауылдық амбулаторияның, «Еркем-ай» мен «Алтын бесік» балабақшасының, Е.Қашағанов атындағы орта мектептің жұмыстарымен танысты. Ал, эконмоикалық көрсеткіштерді және инфрақұрылымды дамыту тобы Кенен Әзірбаев атындағы музейдің күрделі жөндеу жұмыстарын, ауыл ішіндегі газдандыру жұмыстарын, ауылішілік су құбырларын жүргізу және ауылдың абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамыту тобы болса егін шаруашылығы кәсіпкерлерінің субсидияға және жеңілдетілген несиге алған техникаларының көрмесін қарап, ауылдағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысына мән берді. Ал, тәрбиелік-идеологиялық топ облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған асарлатып үй салу жобасы аясындағы жұмысын бағалады. Қашан да қайырымдылыққа жаны құмар кенендіктер бұл жоба жұмысын о бастан қолға алған. Ауыл тұрғындары болып ортақ қазына құрып, жыл сайын жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған отбасыларға қол ұшын созып тұрады. Бұл асарлатып үй салу жобасы бойынша ауыл жұрты көпбалалы бір отбасына үй салып беруді қолдапты. Бүгінде алты баланың анасы Бағдагүл Әбдиева жақын күндері жаңа үйіне кірмекші. Қабырғасы қаланып, шатыры жабылған үйдің жұмысымен танысқан топ өкілдері ауыл тұрғындарының жұмысына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, тәрбиелік-идеологиялық топ ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Қос қабаттан тұратын ғимаратта ауыл өнерпаздарының жұмысы қызу. Мұнда әжелер ансамблі, вокал, қолөнер сынды өзгеде үйірмелер жұмыс жасайды. Мәдениет үйінің жұмысына жақсы бағасын берген топ өкілдері Кенен Әзірбаевтың өзі тұрған үйіне де арнайы ат басын бұрды. Бұл қара шаңырақта қазір ақынның «Келін» әнінің шығуына арқау болған келіні Дина әжей тұрады. Бүгінгі таңда бұл үй сал-серінің соңғысы саналған ақынның шағын музейіне айналған. Көзі тірісінде қолданылған бұйымдары, жатын бөлмесі мен қонақ бөлмелері сол қалпында сақтаулы. Ақынның барында бұл шаңыраққа зиялы қауымдардың түгелі қонақ болған екен. Сол қазақ зиялыларының отырған орындықтары, оларға салынған көрпе төсектер де әлі күнге сақтаулы. «Бұл киелі шаңыраққа кім келмеді дейсің. Дінмұхаммед Қонаевтың өзі атаны арнайы іздеп келгені әлі есімде», - дейді Дина әжей. Өткен күндерден сыр шерткен ақынның келіні келген қонақтарға батасын беріп, алғысын айтты. Осыдан кейін, жұмысшы топ балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығына барды. Мұндағы балалардың жетістігі мен ұстаздардың жұмысымен танысып, шығармашылық орталыққа сәттілік тіледі. Осылайша, үлгілі атануға үмітті ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан барша топ өкілдері ауылдық мәдениет үйінде бас қосты. Онда жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов «үлгілі ауыл» байқауының мән-мағынасына тоқталып өтті. Сондай-ақ, сөз алған топ жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Масат Берік бүгінгі ауыл көркінің кереметтігіне, тұрғындардың ауызбіршілігіне, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне тоқталып, көңілдерінен шыққанын айтты. Сонымен қатар, әр топ өкілдері өздеріне жүктелген салалардың жұмыстары жайында баяндап өтті. Байқау шарты бойынша әр ауданға бөлінген жұмысшы топ өкілдері облыс орталығында бас қосып, үлгілі ауылды сүзгіден өткізетін болады. Бұл байқау қорытындысы алдағы қараша айында жарияланады. Ал, үлгілі ауылдың жеңімпазы саналған ауылды қомақты қаржы күтіп тұр. Байқау бәйгесіне байланған қаржы сол ауылдың көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына жұмсалатын болады. Ендеше, үлгілі ауылға үмітті Кенен ауылына сәттілік тілейміз.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар