Креаторлар форумы: Жамбылдағы шығармашылық серпіліс
- авторБақытжан Бекболат
- 28 мамыр, 2025
- 217
Форумның екінші күні де мазмұнды кездесулер мен тәжірибе алмасуға толы болды. Бұл алаң шығармашылық кәсіп иелері, сарапшылар мен жас креаторлар үшін өз идеяларын ұсынып, саланың даму болашағын бірлесіп талқылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Форум жұмысына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» қоғамдық қорының вице-президенті Динара Жанашева, халықаралық дизайнер, Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің вице-президенті Айдархан Қалиев және еліміздегі креативті кәсіпкерлік пен қолөнер саласының үздік өкілдері қатысты.
Шара барысында қатысушылар креативті индустрияның ел экономикасындағы рөлі, оны дамытудың тетіктері мен өңірлік ерекшеліктері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, форум барысында бірқатар шеберлік сабақтары мен ашық сұхбат алаңдары ұйымдастырылды.
Форум аясында ерекше маңызға ие оқиға — «Қолөнершілер үйі» атты креативті хабтың ресми ашылуы жүзеге асты. Бұл бастама Жамбыл өңіріндегі шығармашылық кәсіп өкілдеріне арналған алғашқы кешенді алаң болды. Хаб жергілікті шеберлер мен креаторлардың кәсіби дамуына, нарықпен байланысын арттыруға, жастармен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік берді.
«Қолөнершілер үйі» 190-ға жуық қолөнершіні біріктіріп, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға, шеберліктерін шыңдауға және халықаралық байланыстар орнатуға жағдай жасады. Бұл нысан ұлттық мәдениетті заманауи форматта дәріптеуге бағытталды.
Креаторлар форумы Жамбыл облысындағы шығармашылық әлеуетті біріктіріп, жаңа идеялар мен жобалардың туындауына жол ашты. Форум барысында басталған ынтымақтастықтар мен пікір алмасулар өңірдің креативті индустриясын жаңа деңгейге көтеруге негіз қалады.
Қазақстанда креативті индустрияны қолдауға бағытталған саясаттың нақты нәтижелері айқындала бастады. Бұл форум – сол нәтижелі бастамалардың бірі ретінде тарихта қалды. Ал Тараз қаласы – шығармашылықпен өрілген болашақтың жарқын үлгісін көрсетті.