жұма, 5 шілде, 2024 1:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Үлгілі ауыл» анықталатын күн алыс емес

«Үлгілі ауыл» анықталатын күн алыс емес
ашық дереккөзі
«Үлгілі ауыл» анықталатын күн алыс емес

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы жарияланғаны белгілі. Байқауда ауылдың экономикасының өсуі, тұрғындардың ынтымағы, жас ұрпақтың білімі, бұқаралық спорттың дамуы, тәртібі, мәдениеті, тазалығы, жұмыссыздықтың аздығы, ауыл ақсақалдарының белсенділігі, ауыл үлкендерінің салт - дәстүр бойынша ұрпаққа үйретер өнегесі,  азаматтарының ішімдіктен аулақ болуы, бос уақыттарын тиімді пайдалануы, бәрі - бәрі назарға алынады. Байқауға барлық аудандар бойынша 13 ауыл қатысып жатыр. Енді бұл байқаудың қортындысын шығаратын күн жақындады. Сондықтан, арнайы жұмысшы тобы (жетекшісі – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев) «Үлгілі ауыл» жұмыстарын толық зерделеу үшін жолға шықты.

Жұмысшы тобы ең әуелі Байзақ ауданы, Ынтымақ ауылдық округінің Мәдімар ауылында болды. Бұл ауылдың 2000-нан аса тұрғыны бар. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде 402 оқушы білім алса, ауылдың клубы да заман талабына сай. Ал «Балдәурен» балабақшасында 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Клуб меңгерушісі Азамат Нұрлановтың айтуынша мұнда бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Жаңа бой көтерген мешіттің де имандылықтың ордасы болатыны анық. Облыстық жұмысшы тобы әуелі төрт топқа бөлініп,  ауыл тіршілігіне талдау жүргізді.

Содан кейін Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуіт Дәулеттің басқаруымен ауылдық  клубта қорытынды жиын өтіп, Ынтымақ ауылдық округінің әкімі Мейірбек Ноғаевтың баяндамасы тыңдалды. Округ әкімі атқарылып жатқан игі істерді сүт бетіндегі қаймақтай  қалқытып көрсете білді. Атап айтқанда, Мәдімар ауылында «Даңқ» кешені, Мәдімар болыс ескерткіші, еңбек ардагерлері аллеясы, алғашқы механизаторлар аллеясы бар. Ауыл тұрғындарына қолдау көрсетілуде. 2020 жылдың тоғыз айында  31 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған.  Ақылы қоғамдық жұмысқа 17 адам, «Жастар практикасына» 1 адам  тартылды. Тұрмысы төмен 7 отбасы қайтарымсыз 555 600 теңгеден қаржы беріліп, олар  өз кәсіптерін ашыпты.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнесті оқып серификат алып, бүгінгі күнге «Еңбек» бағдарламасымен 5 адам несие алса, қайтарымсыз 555 600 теңге  грантқа 15  адам қол жеткізген.  Сонымен қатар ауылдағы шаруа қожалықтарының демеушілігімен жалғызбасты Камила Балатаеваның үйіне   370 000 теңгеге табиғи газ кіргізіп берді. Тұрмысы төмен 120 отбасыға   азық-түлік, киім-кешек және басқа да тұрмыстық заттар тұрақты түрде беріліп отыр. Одан бөлек «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша Мәдімар ауылының тұрғыны, 4 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ғалия Құрмановаға 4 бөлмелі тұрғын үй салынып берілді. Ауылдастары тіпті, Ғалияның қорасына бір сиыр, бірнеше қой да байлап беріпті. Ауылда ажырасу фактісі жоқ. Мәдімарда бокс, футбол, волейбол,  дзюдо спорттық үйірмелері жұмыс істейді. 2019 жылы 11 қылмыс тіркелсе, биылғы тоғыз айда  3 қылмыс орын алған. 84 шару қожалықтың 70-і тұрақты жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, тірлігін дамытқандар да баршылық. Осы жұмыстарды саралаған комиссия Мәдімардағы жұмысты оң бағалады. Алайда, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Масат Берік ҚР Президентінің Жолдауын насихаттау, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары бойынша баннер, бильборд ілу жұмыстары жоқтың қасы екенін сынға алды.

Түс қайта аталған жұмысшы тобы Жамбыл ауданы, Қарасу ауылдық округі, Ащыбұлақ ауылына атбасын тіреді. Мұнда да төрт топқа бөлінген комиссия әр салаға асықпай талдау жасады. Қазір Ащыбұлақта ауылдық кітапхананың өзі жеке ғимаратта орналасқан. Биыл «E.gov» қызметі арқылы 450 адам өзіне қажетті ақпараттарға қол жеткізсе, кітапханада 44 іс-шара жүзеге асып, оның 26-сы онлайн түрде өткен. 250 оқырманы бар. Кітапханашы Маржан Ордабаева жалпы 7890 кітаптың 7058 -і мемлекттік тілде екенін айтады. Кітапхана жанындағы «Ақ ниет» қыз келіншектер клубы да комиссия назарын аударды. Ащыбұлақта да асарлатып салынған бес бөлмелі үй бітіп тұр. Бұйырса, ол баспана жеті баланың анасы (бес баласы мектеп жасында), жалғыз басты ана Назира Құрмановаға берілмек.

Мұнан соң ауылдық клубта жұмысшы топтың қорытынды жиналысы өтті. Оны Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараев ашып, Қарасу ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев Ашыбұлақ ауылының даму динамикасы жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, ауылда 2074 тұрғын бар. Жыл басынан бері 27 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 32 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылып, 68 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 18 азамат 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алған. Ауылда «Пионер» өндірістік кооперативі мен 67 шаруа қожалығы жұмыстарын дөңгелетіп жүргізіп жатыр. «Тұрсын апа»  жеке кәсіпкерлігі 1400 тауық өсіріп, тәулігіне 1100 жұмыртқаны аудан орталығына өткеруде. Ащыбұлақ дәрігерлік амбулаториясы тәулігіне 10 адамға қызмет етсе, Қ.Сартбаев атындағы орта мектеп заман талабына сай жабдықталған.

Округ әкімінің баяндамасынан соң, жұмысшы топ мүшелері өз ой, сын пікірлерін айтты. Мәселен, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков ауыл шетіндегі жазғы ойын алаңының тозығы жетіп тұрғанын айтса, облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілі Ағабек Мырзабеков ауыл шетінде қоқыс тастайтын арнайы орын болса деген ұсынысын жеткізді. Ал облыс әкімдігі индустриалды дамыту және кәсіпкерлік басқармасының өкілі Ерсайын Қосалы бұл ауылда шағын болса да түрлі цехтар ашылса деген пікірін білдірді. Ал Масат Берік көрнекіліктер мен бильборд, баннерлерге мән беру Ашыбұлақта да кемшін екеніне тоқталды. Ал Шайдана ауылының тұрғыны, ауылдық билер кеңесінің төрағасы Амангелді Қоңырбаев Шайдана ауылына жаңа мектеп салынса, көгілдір отынмен қамтылса деген ұсыныс –тілегін білдірді.

Жиынды қорытындылаған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараев айтылған сыннан қорытынды  шығатынын айтып, облыстық жұмысшы топ өкілдеріне және ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.

  Есет ДОСАЛЫ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар