Лудомания дерті: Таразда сотталғандарға психологиялық көмек берілді
- авторМағжан Орынбасар
- 18 маусым, 2025
- 236

Тараздағы №58 мекемесінде сотталған азаматтарға арналған «Лудомания немесе ойынқұмарлық» тақырыбында психологиялық тренинг өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – құмар ойындарға тәуелділіктің себеп-салдарын ашып көрсету, зиянды әдеттен арылудың жолдарын түсіндіру және азаматтардың психологиялық сауатын арттыру болды.
Лудомания – адамның өмірінде үстемдікке ие болып, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың әлсіреуіне алып келетін патологиялық құмарлық. Құмар ойындар тек қалтаға салмақ салып қана қоймай, адамның рухын аздырып, санасын тұмшалайды. Мұндай дертке шалдыққан адамдар — лудомандар — ойынның шырмауынан шыға алмай, ақырында барынан айырылып, тығырыққа тіреледі.
Қоғамда казино, букмекерлік кеңселер мен онлайн ойын платформаларының кең таралуы салдарынан лудомания дерті де көбейіп барады. Аталған дерт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аурулар классификациясына ресми түрде енгізілген. Құмар ойынның құрбаны болғандар арасында дүние-мүлкінен айырылғандар, отбасы күйрегендер, тіпті өмірінің мәнін жоғалтқандар бар.
Лудоманияға душар ететін негізгі себептер – жалғыздық, өмірге қанағаттанбаушылық, оңай олжаға кенелу ниеті, психологиялық әлсіздік және түрлі психикалық бұзылыстар. Бұл – қазіргі таңда кең таралған тәуелділіктің бір түрі. Оны емдеу жолдары ретінде психотерапия, дәрілік терапия, сондай-ақ қолдау топтарына қатысу ұсынылады.
Психологиялық тренинг барысында мамандар қатысушыларға ойынқұмарлықтың белгілері, себептері мен салдары жайында толыққанды ақпарат берді. Сонымен қатар сергіту жаттығулары жасалып, қатысушылар тақырып аясында ой бөлісіп, белсенділік танытты. Тренинг соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай іс-шаралардың маңызын ерекше атап өтті.