Мәдениет және өнер қызметкерлері күні: Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бірқатар азаматты марапаттады
- авторМағжан Орынбасар
- 21 мамыр, 2025
- 210

Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы «Достық» демалыс орнында өткен салтанаттын жиын барысында әулиеаталық мәдениет майталмандарына құрмет көрсетілді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев егемен елімізде мәдениет саласының дамуына мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Облыс әкімі биыл бұл салаға 16,5 миллиард теңге бөлінгенін, аталған қаражат өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артқанын айтты.
– Бүгінгі таңда еліміздің мәдени өміріне серпін беретін маңызды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Өңірде 504 мәдениет және тілдерді дамыту мекемелері халыққа қызмет көрсетуде. Бұл салада 4 мыңға жуық қызметкер еңбек етіп, ұлт руханиятының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Өткен жылы облыс бойынша 20 мәдениет нысанында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 8-і пайдалануға берілді. Осы жылы 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл – мәдениетімізді дамытуға, елді мекендерде өнер мен руханиятты қолжетімді етуге бағытталған нақты қадам. Әрбір нысан – тұрғындардың шығармашылық әлеуетін арттырып, аймақтың мәдени келбетін айшықтай түсетіні сөзсіз. Өңіріміздің өнерпаздары халықаралық және республикалық байқауларда жоғары жетістіктерге жетуде. Өткен жылы Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен «Қазандағы Шығыс базары» халықаралық фестивалінде «Ақкербез» би ансамблі I орынды иеленді. Ал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы ұлттық өнерімізді Пусан, Доха, Бішкек және Эр-Рияд төрінде паш етті. Филармония әншісі Дулат Жасұзақов Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өткен республикалық байқауларда топ жарса, «Кәусар» ансамблінің хормейстері Мақсат Ділтан республикалық дирижерлар байқауында үздік деп танылды. Ал Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры Түркияның Анталия қаласында өткен «Ақ кеме» Халықаралық театр фестивалінде лауреат атанды. Бұл – Әулиеата өңірінің мәдени кеңістігіндегі жарқын көріністердің бірі. Мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Сол құндылықты қастерлеп, ұрпақ санасына сіңіру жолында атқарылған игі бастамалар аз емес. Өңірдің мәдениет саласындағы ауқымды іс-шаралар – ұлттық рухты жаңғыртуға, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге бағытталған. «Өнер – ұлттың ұлы қазынасы» десек, сол өнердің шырақшылары – Сіздерге алғысымыз шексіз! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен тағы да құттықтаймын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Мұнан соң, сөз алған «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев әріптестеріне жылы лебізін білдіріп, мәдениет өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы билік өкілдеріне шынайы алғысын айтты.
Жиын соңында мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға «Құрмет» ордені, «Барыс» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты сондай-ақ қаржылай сыйақы табыс етілді.