сенбі, 7 маусым, 2025 11:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда ұстаздардың кәсіби дамуына арналған «Мұғалім Talks» кейс-платформасы өтті

Жамбылда ұстаздардың кәсіби дамуына арналған «Мұғалім Talks» кейс-платформасы өтті
Фото: Jambylinfo.kz
Аталған іс-шараға облыс аудандарынан іріктелген 250-ден астам мұғалім, ардагер ұстаздар және сала сарапшылары қатысты.

Жамбыл облысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында «Мұғалім Talks» атты кейс-платформа ұйымдастырды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Іс-шараға облыс аудандарынан іріктелген 250-ден астам педагог, ардагер ұстаздар мен сала сарапшылары қатысты.

TED үлгісінде өткен бұл алаңда мектеп директорлары мен мұғалімдер құндылықтарға негізделген білім беру тәжірибелерімен, өмірлік маңызды оқиғаларымен және өзгелерге үлгі боларлық кәсіби жетістіктерімен бөлісті. Іс-шара ашық форматта өтіп, білім беру саласын дамыту мен қоғамды жаңғырту идеяларын ортаға салуға мүмкіндік берді.

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов білім беру әрқашан Мемлекет басшысының басым бағыты екенін атап өтті. Ол партияның ұстаз мәртебесін көтеру мен білім саласының маңызды мәселелерін шешуді басты міндеттерінің бірі ретінде қарастыратынын жеткізді.

«Мұғалім Talks» – өз кәсібіне адал, жаңашыл ойлайтын ұстаздарды біріктіретін алаң. Ұстаз – болашақ ұрпаққа жол көрсетуші, жүрегі мейірім мен білімге толы тұлға. Елдің жарқын болашағы сіздердің еңбектеріңізге байланысты, – деді Д. Бейсенқұлов.

Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков бұл платформа өңір ұстаздарының тәжірибесін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, алдағы уақытта осындай жобалардың ауқымы кеңейетінін айтты.

Іс-шара байқау форматында ұйымдастырылып, аудандар мен Тараз қаласынан және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 17 мұғалім қатысып, үш бағыт бойынша шығармашылық жұмыстарын ұсынды.

Яғни: эссе жазу, бейнежазба дайындау, ашық ойталқы арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жеңімпаздар

Бас жүлде – Қордай ауданынан келген тарих пәнінің мұғалімі Әлішер Аяпбергенге берілді;

І орын – Тараз қаласындағы «Дарын» лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Рауан Жаңабай;

ІІ орын – А.Макаренко атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусева;

ІІІ орын – №39 мектеп-гимназия директоры Гүлнар Раптаева.

«Мұғалім Talks» – ұстаздар үшін еркін пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге, жаңа идеялар алуға арналған маңызды алаң.

«AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы алдағы уақытта да ұстаздармен бірлесе отырып, білім беру саласын дамыту жолында жүйелі жұмыстар жүргізе бермек.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар