сәрсенбі, 25 желтоқсан, 2024 22:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мемлекеттік бағдарламаларға мейілінше мән беру керек

Мемлекеттік бағдарламаларға мейілінше мән беру керек
ашық дереккөзі
Мемлекеттік бағдарламаларға мейілінше мән беру керек

Аудан мен ауыл әкімдерінің жергілікті тұрғындар алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмай қалған түйінді мәселелерді шешу үшін күш жұмылдыруға және алдағы мақсат-міндеттерді нақтылауға мүмкіндік беретіні анық. Сондай-ақ, есепті кездесулер арқылы ауыл әкімдерінің жыл бойы атқарған жұмыстарына шолу жасалады. Оған қоса, есепті кездесулерде жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілікте кезігіп жүрген түйткілді мәселелері мен тұтас ауылды алаңдатқан ауқымды мәселелер айтылады. Сол арқылы әкімдер алдағы жұмыстарының жоспарын нақтылап, жыл бойы атқаратын жұмыстың бағыт-бағдарын бекітіп алады. Сол себепті де облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев шалғайда жатқан аудандарға атбасын бұрып, жергілікті әкімдердің есепті кездесулеріне қатысты. Ержан Жұматұлы ең әуелі Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек ауылында болып, аудан әкімі Е.Садырқұлов пен ауыл әкімі Бауыржан Ақұрпековтың есебін тыңдады. Ауыл әкімінің айтуынша, өткен жылы 14 тұрғын мемлекеттің қайтарымсыз грантына ие болса, 24 адам шағын несие алыпты. Алайда, облыс әкімінің орынбасары аталған көрсеткішке көңілі толмайтындығын және көпбалалы отбасылар мен ауыл жастарына арналған түрлі бағдарламаларды тиімді пайдалану керектігін ескертті. Сонымен қатар, есепті кездесуде жол, ауыз су, жайылымдық жер және интернетке қатысты мәселелерді айтылып, аудан әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Шу ауданының әкімі Н.Календеров пен Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Найла Қондыбаеваның есепті кездесуінде де болды. Бір айта кетерлігі, бұл ауыл аудан бойынша «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына енген бірден-бір ауыл. Қазіргі кезде мұндағы тұрғындар қанатқақты жобаның аясында қажетті қаржыларын қолдарына алып, кәсіптерінің қам-қарекетімен алаңсыз айналыса бастаған. Дегенмен, бұл ауылда да түйткілді мәселелер бар екенін байқадық. Мысалы, ауыл тұрғыны Жаңакүл Сұраншиева ағын су мен жайылымдық жер тұтас ауыл үшін өзекті мәселенің бірегейі болып отырғанын жеткізді. Ал Марлен Махамадиев есімді ауыл тұрғыны ауылдағы спорт алаңшасы жобалық-сметалық құжатқа сай соғылмағандығын және пилоттық жоба әкімдік тарапынан дұрыс түсіндірілмегенін айтты. Соның салдарынан ауылдағы ағайынның бірқатары тиімді жобаның шарапатын көре алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек, ауыл бойынша жайылымдық жер мен ағын су, егістік жер мен электр бағаналарына қатысты түйткілдер де сөз болды. Өз кезегінде аудан әкімі Н.Календеров аталған мәселелердің барлығын да назарға алып, рет-ретімен шешетіндігін жеткізді. Есепті жиын барысында облыс әкімінің орынбасары ауыл әкімдерінің жұмысын ширата түсу керектігін ескертті. «Шынын айту керек, бүгінде жүзеге асып жатқан 14 мемлекеттік бағдарлама болса, ауыл әкімдері соның өзін толық білмейді. Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі де дәл осы мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында тиісті деңгейде түсіндіре алмағаны көрініп тұр. Бұндай мәселе тек Шу ауданында ғана емес, өзге де ауылдық округтерде бар екені күмәнсіз. Сондықтан ауыл әкімдері мемлекет тарапынан беріліп жатқан қайтарымсыз гранттар мен тиімді несиелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өткен жылдың өзінде өңірімізге 150 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, аталған қаржыға 806 жоба іске асырылды. Соның ішінде Шу ауданына 10 миллиардқа жуық қаржы қарастырылды. Бұл қаржының барлығы да ел игілігі жолында игерілді. Биылғы жылы да алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында көптеген игі бастамалар мен тың жобаларды қолға алудамыз. Сондай-ақ, облысымыздың атын иеленген Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын да жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Сәтін салса, ағымдағы жылы да ауқымды жұмыстар атқарылмақ» - деді Е.Жұматұлы.

  Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар