сенбі, 23 қараша, 2024 8:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Меркіде сән мерекесі басталды

Меркіде сән мерекесі басталды
ашық дереккөзі
Меркіде сән мерекесі басталды
Бүгін Меркі ауданында ASPARA FASHION WEEK MERKE дәстүрлі сән апталығы басталды. Онлайн режимде өтіп жатқан сән апталығын сәнсүйер қауым қазанның 10-ына дейін онлайн режимде ZOOM желісінде, Aspara Fashion Week, Youtube каналы, Instagram, Facebook және Aspara Fashion Week парақшаларында тікелей эфирде тамашалайтын болады. Салтанатты шараны онлайн тамашалап, тікелей байланысқа шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сән мерекесінің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Қайырлы кеш, құрметті, Aspara Fashion Week халықаралық сән апталығына қатысушылар! Ежелгі Меркі өлкесіне қош келдіңіздер! Бұл кездесуге дәл осы жердің таңдалуы бекер емес. ІІІ ғасырда сауда бағыты ретінде пайда болған Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстанның оңтүстігін басып өткен. Қытай шекарасынан керуендер Меркі, Тараз, Сайрам, Ясы, Отырар қалалары арқылы әрі қарай Орта Азия, Парсы, Кавказ және Еуропаға қарай беттеген. Ал, VI-VIII ғасырларда МЕРКІ керуен сарайдан ірі орталыққа айналады. Әрине, содан бері қаншама ғасырлар өтті, Меркі қонысынан тек қирандылар қалды. Бірақ, бүгінгі күннің өзінде мақтанарлық нәрсе бар. Қазір осы жерден заманауи Жібек жолы өтеді. Бұл «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі. Мыңдаған ауыр жүк көлігі осында ағылып келіп, ХХІ ғасырдың керуен сарайына айналған Меркіге тоқтайды. Өкінішке орай, бұл жолы сіздермен онлайн жүздесіп отырмыз. Әйтпесе, мен сіздерге бұл жердің әсем табиғатын: биік тауларын, мөлдір суы бар мыңдаған бұлақтарын, ерекше бақшаларын, егістік алқаптары мен жайылымдарын көрсетер едім. Сіздерді жергілікті тұрғындармен таныстырар едім. Олар еңбекқор, адал, қонақжай, - деген облыс басшысы Халықаралық Aspara Fashion Week сән апталығының авторы және президенті Айдархан Қалиевтің сән саласындағы еңбегін тілге тиек етті. – Айдархан Қалиев Миландағы, Париждегі, Амстердамдағы, Берлиндегі, Стокгольмдегі, Львовтағы және басқа қалалардағы белгілі сән апталарының ресми бағдарламаларында жұмыс істеген алғашқы азиялық дизайнер. Дәл осы тұста, Айдархан Қалиев неге әлемдік сәннің трендтері болып табылатын қалаларда тұрмайды? Неліктен ол алыс аймақта тұрып, жұмыс істеуде? деген орынды сұрақтар туындайды. Оның жауабы қарапайым: шығармашылық шабытты, күш пен жігерді үлкен қалалар емес, туған жер ғана бере алады. Әсіресе, туған жері тарихтың кені, ежелгі Меркі өлкесі. Сонымен қатар, ол ата-бабаларының рухани және мәдени дәстүрін бойына сіңірген. Туған жердің құдіреті – Айдарханға «жаңаша фольклор» стилінің негізін қалауға мүмкіндік берді. Кіндік кескен жердің киесі – өз ұлына өсіп-өнген тамырын ұмытуына жол бермеді. Туған жердің қасиеті – оған қазақ халқының ең жақсы дәстүрлерін біздің заманымызға жеткізуге көмектесті, -дей келе, сән апталығының жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, бұл шара әлемнің 40 елінен сән киім үлгілерін жасайтын 100 дизайнерлерді және танымал 30 сән блогерлерін сондай-ақ журналистер, Еуропа мен Азия сән апталығы басшыларының басын қосып отыр. Апталықтың алғашқы күні Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Сингапур, Индонезия, Мьянма, Филиппин, Тайланд, Малайзия, Бруней, Лаос, Камбоджа, Вьетнамнан келген 30 дизайнер өз коллекцияларын ұсынатын болады. Келесі күні Қазақстан мен Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркіменстан және Тәжікстандық 22 дизайнер киімдерін көрсетсе, үшінші күні көрермен Еуропа, Африка және Америка құрлығынан келген 20 дизайнердің коллекцияларын тамашалайды деп күтілуде. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Италия, Аргентина, Венгрия, Швеция, АҚШ, Кения, Марокко, Сербия, Франция, Испания, Саха Республикасы, Кипр, Молдова, Голландия, Украина және Эфиопия сән шеберлері. Жылына бір келетін сән мерекесінің ашылуына шетелдік дизайнерлер де өз құттықтауларын онлайн жеткізді. Соның бірі эфиопиялық киім дизайнері Лулит Ауэл. Ол өз сөзінде қазақ сәнгерлерінің туындыларын жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Эфиопия да Қазақстан секілді көпұлтты ел. Мұны халықтың мәдениеті мен киімдерінен анық аңғаруға болады. Қазақ сәнгерлерінің жұмысымен бұрыннан таныспын әрі маған ерекше ұнайды. Мен үшін бұл сән апталығы онлайн болса да жаңа дүниелерді көріп, танысуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік болйын деп тұр, - дейді ол.
Айжан Өзбекова
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар