сенбі, 15 наурыз, 2025 10:00

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Облыс әкімінің орынбасары ҮЕҰ өкілдерімен кездесті

Облыс әкімінің орынбасары ҮЕҰ өкілдерімен кездесті
Алтынбек Қартабай
Жиында мамыр айында өңірлік XII азаматтық форум өтетіні айтылды

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «27 ақпан – Дүниежүзілік Үкіметтік емес ұйымдар күніне» орай дөңгелек үстел отырысы өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz


Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ералы Ақылбеков және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.
Іс-шараны облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастан жүргізіп, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін айта келе, мамыр айында өңірлік XII Азаматтық форумның өтетінін хабарлады.
Алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов алып, ҮЕҰ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен билік пен халық арасындағы байланыс көпірі ретіндегі рөлін ерекше атап өтті. 

– Өңірде азаматтық қоғамның негізі болып саналатын үкіметтік емес ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай жасалып келеді. Бүгінде олар билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруда. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінде облыста руханият пен мәдениетті дамыту, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өйткені елдің дамуы, мәдениеттің қалыптасуы үшін қоғамның рухани деңгейін көтеру, жас ұрпақты білімді, саналы етіп тәрбиелеу аса маңызды. Осы мақсатта бірқатар бастамалар қолға алынды. Облыс басшысының бастамасымен 2025 жылы «Әулие ата кітап оқитын өңір» жобасы басталып, бүгінде облыс көлемінде кеңінен қолдау тапты. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен «Тектұрмас» әдеби-мәдени, тарихи-ғылыми журналының алғашқы саны жарық көрмек. Бұл жоба өңірдің рухани құндылықтарын дәріптеп, зиялы қауым мен оқырмандардың басын біріктіретін алаңға айналады деп сенеміз. Сондай-ақ, Президентіміз жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында да түрлі жобалар жүзеге асырылады. Қазіргі таңда бұл бағытта жоспар жасалып, нақты жұмыстар басталды. Ал 3 наурызда осы жылдың салтанатты ашылуы өтетін болады. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы нәтижелі болуы үшін бөлінген қаржыға татитындай, халыққа пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру маңызды»,- деді Серік Сәлемов. 
Жиын барысында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы «Phoenix» адам құқықтары жөніндегі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Балжан Абдуллаеваға, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наталья Дятловаға, Байзақ ауданы қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, медиатор Ғаини Көшекбаеваға табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің алғыс хаттары мен орталық мемлекеттік органдардан келген марапаттар өз иелерін тапты.
Жиын барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев пен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық сөз сөйлеп, ҮЕҰ-лардың қоғамдағы рөлі мен азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар