Жамбыл жаңалықтар
Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды
- авторjambylinfo.kz
- 26 сәуір, 2023
- 192
Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Жамбыл облысында өтіп жатқан «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» Халықаралық инвестициялық форумы аясында Қордай ауданында «KORCEM» ЖШС-нің цемент өндіру зауытының құрылысы басталды.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Сингапурлық ICG компаниясының өкілі Вей Пинг, «KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаковтің қатысуымен аталған зауыт құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, ірі инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа жалпы сомасы 400 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал, ағымдағы жылдың 3 айында облыстың негізгі капиталына 70 млрд. теңгеге жуық инвестиция салынды. Бүгінгі таңда облыста жалпы құны 1,5 трлн. теңгені құрайтын ТОП – 10 ірі инвестициялық жобалардың пулы жасақталып, онда 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, ресейлік «EuroChem Group AG» компаниясының қатысуымен минералды тыңайтқыштар зауытының құрылысы жүзеге асырылып жатса, «Monterra Group AG» неміс компаниясының қатысуымен бағалы металдарды қайта өңдеу жобасы іске асуда. Бұдан бөлек, Қытай, Франция, Түркия сияқты өзге елдердің де қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін бұл тізім «International Сement Group LTD» Сингапурлық әріптестеріміздің инвестициялық жобасымен «КОRCЕМ» серіктестігінің цемент өндірісі бойынша зауыт құрылысымен толығуда. Құрылыс саласы – қарқынды дамып келе жатқан сала екендігін ескерсек, бұл кәсіпорынның құрылысқа тигізер пайдасы мол болары сөзсіз. Бұл зауыт іске қосылғанда Жамбыл облысында өндірілетін цементтің көлемі еліміздегі жалпы үлестің 35 пайызын құрайды деп көзделуде,-дей келе Нұржан Нұржігітов жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.«KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаков зауыт жаңа технологиялармен жабдықтыла отырып, осы бағыттағы Орта Азиядағы ең заманауи әрі қалдықсыз кәсіпорындардың бірі болатынын атап өтті. Құны 50 млрд. теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаттылығы 1,2 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстарына 900 адам тартылады деп көзделсе, жоба іске қосылған соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Зауыттың цехтары 2024 жылдың аяғына қарай кезең-кезеңімен іске қосыла бастайды және 2025 жылы толық қуаттылығымен іске қосылады деп жоспарлануда. Ол үшін жақын маңдағы шикізат қоры жеткілікті десек, өніммен Жамбыл облысының ішкі нарығын және Қырғызстан мен еліміздің басқа да өңірлерін қамту көзделуде.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз