сенбі, 23 қараша, 2024 5:41

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қос отбасы баспаналы болды

Қос отбасы баспаналы болды
ашық дереккөзі
Қос отбасы баспаналы болды

Жуалы ауданында «Асар» дәстүрі кең қанат жайып келе жатқаны қуанарлық жайт. Әуел баста Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына арқау болған бұл халықтық дәстүр бүгінде жаңаша сипат алып отыр. Биыл аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып, мұқтаж азаматтар баспаналы болуда. Бұл уақытқа дейін ауданымызда жаны жомарт, қайырымды жандардың ықпалымен тоғыз отбасына көмек көрсетілді. Яғни, ата-бабадан қалған игі дәстүр аясында көпбалалы, жалғызбасты, көмекке мұқтаж азаматтарға ел болып бірігіп қуаныш сыйланды.

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Осы ретте, сәрсенбінің сәттісінде ынтымағы мен бірлігі жарасқан Күреңбел ауылында да асар дәстүрі жалғасып, екі отбасына үй берілді. Бұл күні ауыл тұрғындары да жерлестерінің қуаныштарына ортақтасып, шашуларын шашты. Ақ жаулықты аналар, қадірменді қариялар ақ батасын беріп, бүлдіршіндердің шат-шадыман күлкісі естілді.

Ауылда үй беру рәсімі салтанатты түрде ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық ардагелер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков және ауыл тұрғындары қатысты.

Шара барысында алғаш болып Бейбітшілік көшесінен Алтынхан Майлыбаевқа баспана кілті табыс етілді. Айта кетерлігі, елдімекен тұрғындары бұл азаматтың отбасылық жағдайын, яғни жұбайы мен бір баласының мүмкіндігі шектеулі екенін ескеріп, ауылдың Бердібек Әтеев деген азаматынан үйді 800 мың теңгеге сатып алған. Сондай-ақ, үйдің ішіне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Салтанатты шарада аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз алып, жылы лебізін білдірді.

-Қадірменді жерлестер, бүгін ауданымызда маңызды шара өтуде. «Көп түкірсе, көл», «Бірлік бар жерде - тірлік бар» демекші, аймақта ардақты ардагерлердің, жаны жомарт жандардың, жастардың тікелей бастамасымен игі дәстүр қолға алынып, асарлатып үй салынуда. Осы уақытқа дейін де ауданымызда қайырымдылық істер жасалып, ел бірлігі көрініс табуда. «Игі іс жасасаң, қайырымын өзің көресің» дегендей, ата-баба дәстүрі аясында көмек көрсету, қамқорлық жасау қанымызға сіңген қасиет. Сондықтан қазақ халқының адами жоғары қасиеттері көрініс тапқанына қуаныштымын. Ауыл азаматтары ынтымақтарын тағы да бір көрсетті. Сол үшін қайырымдылық іске атсалысқан жандарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта мұндай игі істер жалғасын табады деп сенемін, - деді аудан әкімі.

Одан кейін ауыл ақсақалы Өмірбек Бердалиев (суретте) аталық алғысын білдіріп, батасын берді.

Аймақ басшылары тиісті азаматқа баспана кілтін табыс еткеннен кейін екінші отбасының да қуанышына ортақтасты. Мұнда да қызылды-жасылды шарлар ілініп, мереке лебі сезіледі. Құлаққа жағымды әуен қойылып, тұрғындардың өзара жадыраса күлімдеп, қуанғаны байқалады. Қазақ халқының «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген сөзі ойға оралып, ауыл азаматтарының қамқорлығы сезіледі.

Жаңа баспана иесі Салтанат Райымбекова да толқу үстінде. Келген қонақтарды шарқұрып күтіп жүр.

Ата-бабадан қалған мұндай игі дәстүрдің шапағаты мол екені көңіл қуантады.

Салтанатты шарада сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді.

-Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, бір отбасына мереке, бір отбасына береке сыйлануда. Ынтымақ бар жерде - ырыс бар. Күреңбел ауылы бұрыннан-ақ ынтымағы, бірлігі бекем елді мекеннің бірі. Ауылдың ауызбіршілігі көпшілікке аян. Дәл осы бірліктің арқасында игі дәстүр жаңғырып, бір отбасы үйлі болуда. Көпшіліктің тілеуімен келген бұл баспана берекелі болсын. Осы үйде өсіп-өніп, тек жақсы күндері көп болсын, - деп құттықтауын арнады.

Сонымен қатар, шарада ауыл тұрғыны Еркебай  Нағашбек есімді қария: «Асар - ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүр аясында кезінде үй соғылып, көптеген істер біткен. Көпшілік бір-бірінен көмегін аямаған. Биыл осы үрдіс қайта тіріліп, өңірімізде көпшіліктің ықпалымен көмекке мұқтаж азаматтар баспаналы болуда. Салтанат келіннің үйінде ауыл тұрғындары бірігіп, іргетасынан бастап шатырына дейін күрделі жөндеуден өтікізіп, бөлме қосты. Үйі кеңейтілді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарған барша азаматтарға алғысым шексіз. Алдағы уақытта мұнымен шектелмей, әлі талай азаматтарға жаны жомарт жандар қайырымдылық жасайтынына кәміл сенемін»,- деді.

Үйдің лентасын аудан әкімі Н.Ергебеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Аманбеков қиды.

Үй беру рәсіміне келген көпшілік шашу шашып, құттықтауларын  жеткізді.

Ел ынтымағының арқасында баспанасы қайта жаңарып, іші жылы лебізге толғанын көрген Салтанат Райымбекова да көпшілікке алғысын жаудырды.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар