«Отбасының берекесі – имандылықта» атты жас отбасылармен кездесу өтті
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 17:12
- 57
Таразда «Отбасының берекесі – имандылықта» атты жас отбасылармен кездесу өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іс-шараға зиялы қауым, Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ инспекторы, «Әулие-ата» мешітінің бас имамы, Һибатулла Тарази орталық мешітінің ұстазы, Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесі мүшелері, Жамбыл облыстық Ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының мүшелері, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, жас отбасылар мен жастар қатысты.
Жас отбасыларға өмірлік кеңестер беру, отбасы мәртебесін көтеру, қоғам назарын отбасы құндылықтарын нығайтуға аударуды мақсат еткен жиында бірқатар баяндама жасалды.
Кездесуде облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов алғысөзбен ашып, елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институына қатысты хал- ахуалмен тығыз байланысты екенін айтты.
Бұдан кейін Жамбыл облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Зәуре Тұрғынова кіріспе сөзінде бүгінгі кездесуде көтерілген қоғам болып жұмылуды қажет ететін түйіткілді мәселелерге, отбасы институтының жағдайына, кейбір күрмеулі мәселелер және оларды шешу бойынша ой-ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар жиында «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ инспекторы Рахымжан Нұрдос «Қазақ даласындағы отбасы институты» тақырыбында баяндама жасап, отбасы құндылықтарына қатысты халқымыздың тарихы мен дәстүрінен оң мысалдарды жас отбасыларға үлгі етті.
Мұнан кейін M.Х.Дулати атындағы ТарУ аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов отбасы және қазіргі қоғамдағы отбасындағы кездесетін түйткілді мәселелерге шолу жасады.
Айталық, жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтарды сақтай отырып, отбасы құндылықтарын келер ұрпақтың бойына маңызына сіңіру арқылы ұлттық келбетімізді сақтау - тек берік отбасылық дәстүрлері орныққан ел ғана мығым әлі мызғымас ел болатыны белгілі.
Жиынды соңында сөз сөйлеген «Қазақстан» ТРК Жамбыл облыстық филиалының редакторы Қасымжан Байкүшіков БАҚ-дағы отбасы мәселесіне арналған бағдарламалар туралы айта отырып, отбасын сақтау, оның қоғамдық қызметін аса маңызды институт ретінде бағалау, өнегелі отбасы моделіне сүйене отырып, отбасы құндылықтарын сақтау басты назарда ұсталуы тиіс мәселе екендігін атап өтті.