жексенбі, 17 қараша, 2024 21:47

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны

Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны
ашық дереккөзі
Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны
Тәртіп сақшыларының қылмысты болдырмау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жыл басынан бері 116 қылмыс тіркеліп, бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға төмендеді. Ал қылмыстардың ашылу деңгейі 82 пайызды құрап отыр. Оның ішінде, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 88,9 пайыз, ауыр дәрежедегі қылмыстар – 88,2, аса ауыр дәрежедегі қылмыстар 100 пайызды құрады. Бұдан бөлек, орта дәрежедегі қылмыстар – 77,5, ауыр емес дәрежедегі қылмыстар 67,9 пайызға тең. Аудандық полиция бөлімінің жеке құрам қызметкерлері құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда. Сондай жұмыстардың бірі – жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен аудан аумағындағы көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Бұл күндері учаскелік полиция және ювеналдық полиция тобының инспекторлары күндізгі және түнгі уақыттарда патрульдеу жұмыстарын атқарды. Учаскелік полиция инспекторлары отбасы-ошақ қасында орын алған құқықбұзушылықтар бойынша түскен арыз-шағымдар мен хабарламаларға сәйкес тиісті шаралар қабылдады. Бүгінгі күнге дейін отбасында бұзақылық жасаған 32 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды. Ал 173 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалар шығарылып, есепке қойылды. Қазіргі таңда бұл азаматтарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, сот шешімімен отбасында өрескел құқықбұзушылық жасаған 18 азаматқа ерекше талап қойылды. Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 335 азамат есепте тұр. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шараларды қолға алды. Мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылуы темір тұлпар тізгіндегендердің қатары күн санап көбеюімен байланысты болып отыр. Рас, қазіргі таңда көлік құралдарын пайдаланатындар жетерлік. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғалары да арта түсті. Мұны жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушінің жүгенсіздігі дейміз бе, жоқ әлде жолдың сапасы сын көтермейді дейміз бе? Кім білсін, жол апаты кезінде қаза табу дерегі азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы 48 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 азамат қайтыс болған. Сонымен қатар 84 азамат жарақат алған. Ал биыл тіркелген 34 жол-көлік оқиғасында 22 азамат қайтыс болып, 55 азамат жарақат алған. Сондай-ақ дәл осы бөлімше қызметкерлері табиғат байлықтарын қорғау, оларды заңсыз олжалау мен сату, тасымалдау деректерінің алдын алу және «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды қорғау мақсатында таулы аймақтар мен су айдындарында тиісті жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айында 450 әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталды. Жасыратыны жоқ, бүгінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар белең алып келеді. Ал жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі олардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыра алмауынан болып отыр. Иә, бұл мақсатта мемлекеттік органдар арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, жастардың құқықтық сауатын ашу үшін кездесулер жиі ұйымдастырылады. Алайда ата-аналардың өз баласымен жақын сөйлесіп, оны мазалаған сұрақтарға жауап іздемеуі, ұл-қызының қай ортада тәрбиеленіп жатқанына қызығушылық танытпауы жағдайды ушықтыруда. Биыл ауданда жасөспірімдердің қатысуымен 3 қылмыс дерегі тіркелді. Бұдан бөлек, 220 бала әртүрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Сондай-ақ ювеналдық полиция тобымен 705 әкімшілік хаттамалар толтырылып, түнгі уақытта ата-анасыз жүрген 232 жасөспірім анықталды. Бүгінде олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігіне сай әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескерту берілді. Кәмелет жасына толмаған жасөспірім балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермеген 6 отбасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша іс сотқа жолданды. Ал бір отбасы соттың үкіміне сәйкес ата-ана құқығынан айырылды. Жалпы, жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыру әрі олардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында жыл басынан бері оқу орындарында 132 кездесу ұйымдастырылды. «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізген жеке құрам қызметкерлері аудан аумағында әкімшілік құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаруа атқарды. Полиция қызметкерлері аудан аумағындағы қоғамдық орындар мен көшелерде, әсіресе халық көп шоғырланатын сауда орындарында орын алған 4 842 әкімшілік құқықбұзушылық дерегін анықтады. Қорыта айтқанда, полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген үлкен жауапкершілік пен маңызды тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Бұл бағытта тәртіп сақшылары мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынастың нығаюы аса маңызды. Ендеше, ел қауіпсіздігі жолындағы атқарылар игі істерде күш біріктірген жөн. Дәурен САПИЕВ, Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар